Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұма намазы қалай оқылады

Жұма намазы қалай оқылады


Stan.kz ақпараттық агенттігі жұма намазына қатысты, жұма күннің қасиетіне, қадір-қасиетіне қатысты мәлімет ұсынады.

Жұма күні бесін намазының орнына оқылатын намазды «жұма намазы» деп атайды. Жұма – әрбір мұсылман пенде үшін қасиетті күн болып табылады. Жұма күнінің артықшылығына қатысты Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ъалайһи уә салләм) хадистері бар, сол хадистерге  сүйене отырып, бұл күннің қасиетті екені дәлелденді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) өзінің хадис шәрифінде: «Жұма күні адам алейхи сәлам жаратылды. Сол жұма күні жәннаттан шығарылды, әрі жұма күні тәубесі қабыл болды, қияметте жұма күні болады» деп айтқан. Екінші бір хадисінде: «Бір жұма мен екінші жұма намаз екеуінің арасындағы күнәлардың баршасын жойып жібереді» деген. Яғни, шынайы ықыласпен, еш нәрсе бүлдірместен барып оқыған адамның күнәларының баршасы жойылып кететіндігі хадис шәрифте белгілі.
Жұма намаз кімдерге парыз
Жұма намазы бір кісіге парыз болу үшін оның бойында міндетті түрде мына шарттар бойында болуы керек. Яғни, біріншіден мұсылман адам болу керек. Одан кейін ақыл-есі дұрыс болу керек және балиғат жасына жетуі тиіс. Сондай-ақ, ол ер кісі болуы керек. Одан кейінгісі ол жолаушы болмауы керек, яғни тұрғылықты адам болуы тиіс. Және дені сау болғаны жөн, себебі ауруға байланысты келе алмай қалатын болса, ол да бір себеп болып есептеледі.
Жұма намаз ер кісілерге парыз, ал әйел адамдарға парыз емес. Бірақ, өз еркімен келем деуші әйел кісілер болатын болса, оған әрине рұқсат етіледі. Өйткені, Пайғамдарымыз (с.а.с) өзінің хадисінде әйел кісілерді мешіттерден тыймаңдер деп айтқан. Сол үшін әйел адамдар келе алады.
Бұл жұма намаздары оқылуы үшін белгілі бір тағы шарттар қойылған. Біріншісі, жұма намазы оқылуы үшін қалалы жер болуы керек. Енді шариғатымызда қаланың да шарты бар. Шариғат бойынша әкімі, базары, мешіті бар жердің барлығы қала үкіміне кіреді. Немесе екініші бір пәтуәсі имам Мұхаммедтің пәтуәсі. Егер сол жердің тұрғындары мешітке кірген уақытта мешітке сыймай қалатындай дәрежеде көп адам болатын болса, онда жұма намазы ол жерде оқыла береді, қаланың үкіміне кіреді деп айтқан.
Екіншісі, ол жерде мешіт болуы керек. Ол мешіт бүкіл халыққа ашық болуы тиіс. Белгілі бір халыққа ғана ашық, қалған кісі кіре алмайды десе немесе жабық жер болып, түрме секілді жер болатын болса ол жерде жұма намаз оқылмайды. Оның ішін мешіт қылып арнайы жасап алған болса да оқылмайды. Мешіт болуы және барша халыққа ашық болуы шарт. Ол мешітке тағайындалған арнайы имам болуы керек. Егер арнайы имам жоқ жер болатын болса, бір ауыл болсын, бірақ ол жерде имам болмаса онда олар жұма намазын оқи алмайды. Яғни, шартқа сай келмейді деген сөз.
Одан кейін ең кемі үш адам жамағат болуы керек. Имамнан бөлек үш адам болуы тиіс. Бұл жамағат болып есептеледі. Сондай-ақ, бесін намазының уақыты кіруі керек. Сосын құтпа оқылуы тиіс. Бұл шарттар орындалмай қалатын болса, онда жұма намазы дұрыс болып есептелмейді.
Жұма намазы тура бесін намазы секілді 10 рәкәғаттан тұрады. Бірақ, ерекшелігі алдында төрт сүннет, ортада екі парыз, соңынан тағы екі сүннет болып есептеледі. Жамағатпен оқылуы міндетті болғаны екі рәкәғат парыз еді. Сол екі рәкәғат парызды жамағатпен оқыған кісі жұма намазына қатысқан, намазы дұрыс болып есептеледі.
Кейбір жағдайларда осы рәкәғат парызға үлгермей қалатын кісілер болады. Бірінші рәкәғатына үлгермей екінші рәкәғатына келген кісі имамның сәлем бергенін күтіп отырады. Аттаһиятта имаммен бірге отырып, имам сәлем берген уақытта тұрып, қалып кеткен бір рәкәғатын жалғастырады. Немесе қай жерінен келіп қосылса да үлгермегенін толықтыруға міндетті. Осы нәрсені ұмытпау керек.
Ал жұма намазына мүлдем үлгермей қалып, келген уақытында имам сәлем беріп, жұманы бітіріп қойған болса, ондай адам сол күннің бесін намазын оқып алады. Мінеки, бұл жұма намазы әрбір мұсылмаға міндеттелгендіктен осы рәкәғат парызға үлгеруге тырысу керек.
20 қараша 2018 ж. 3 027 0