Шыншылдықтың сыйы
XVI ғасырда Осман императоры билік жүргізетін аймақта, бай-бақуат бір саудагер сауда жасау мақсатымен, елінен жырақ жерге шығады. Ол жол бойында бес жүз алтын салынған қобдишасын жоғалтып алады. Қазынасының жартысына тең келетін байлығынан айырылғанына бай қатты қиналады. Ол материалдық әрі рухани жағынан да күйзеліске ұшырайды.
Ол амалы таусылған соң, кімде-кім қобдишамды тауып әкелетін болса, 100 алтын беретіндігін айтып жарияға жар салады. Арадан көп уақыт өтпей-ақ қобдишасын бір адам алып келеді.
Бай саудагер қобдишасының табылғанына қатты қуанады. Бірақ 100 алтын беремін деген уәдесінен таюдың жолын іздеп әуреге түседі. Бір жағынан қуанып, енді бір жағынан сыйлық бермеудің амалын таппай дал болды. Ол табылған қобдишаны ашып біртіндеп санай бастады. Санап жатып, неше түрлі арам ойларға барды. Ақыры қобдишаны тауып келген адамға бұрылып былай деді:
– Ей, достым! Мына қобдишада 600 жүз алтын бар болатын. Ал мұнда 500 алтын ғана. Демек, сен менің сыйға берем деген 100 алтынды алып қойыпсың, сондықтан уәде осымен тамам.
Бұл сөздер оның тапқан айласы болатын. Өйткені қобдишадағы бар болғаны 500 алтын еді. Алтынды тауып алған ары таза адам, қобдишаның аузын да ашпағандығын айтып ант ішкендігінің ешқандай пайдасы болмайды. Оның мұндай сараңдығы мен уәдеден тайғандығына төзе алмай, істі сотқа береді.
Қазы екі жақты да мұқият тыңдайды. Алтынды тауып алғанды да жақсылап тұрып сұрақтың астына алып тергейді. Қазыға саудагердің көзі ұнамайды. Оның әрекеттерінен бәрін күтуге болатындай еді. Ал алтынды тапқан адамның пәктігі мен шыншылдығы байқалып тұрды.
Қазы қобдишаны қолына алып тұрып алтынды тауып алған адамға:
– Сен, мына 500 алтынды ал. Осы алтынды жоғалтып алған адам шыққанша ие бол, - дейді. Ал саудагерге:
– Сен 600 алтын салынған қобдиша табылғанға дейін күт. Біз қазір бұдан басқа ешқандай амал істей алмаймыз, - деп қайтарады.
Осылайша 100 алтынын қимаған сараң адам барлық ақшасынан айырылып тынады. Ал тапқан адам шыншылдығының сыйын артығымен көреді.
http://gibrat.kz/
Пікір 1