Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Есірткісіз өмір ғажайып

Есірткісіз өмір ғажайып

Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған байқауға

"Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ..?"
Иә, кім лапылдап жанып тұр? Кім өмірде тұлға атына лайық болып, адамзатқа пайдасын тигізіп жатыр? "Мен, Сен, Біз" ұғымына лайық болудың орнына тәннің қалауымен қызық қуып, құмарға салынып, ес білмей жүрген пенделер аз емес. Бар! Жақында ғана мынадай статистиканы көзім шалды: Ресми мәлімет биылғы жылы Қазақстанда 12-14 жас аралығындағы нашақорлар саны көбейіп, республикадағы ең жас нашақордың жасы 7-де болып отыр деген дерек келтіреді. Ал 15-17 жас аралығындағы нашақор жасөспірімдер саны былтырғы жылдың осы кезеңіндегі мәлімет бойынша 1068 адам болса, бүгінгі күні олардың қатары 3201 адамға жеткен. Дәл бүгінгі күні Қазақстан бойынша наркологиялық диспансерде есепте тұрған нашақорлар саны 52137 адамды құрап, өткен жылдармен салыстырғанда 9,5 пайызға артқан. "Үстіміздегі жылдың 11 айында Алматы қаласында 146 адам есірткіден көз жұмды. Кейбір мәлімет бойынша, 15 мың адам наркодиспансерде есепте тұр. Ал тіркеуге алынбай жүрген нашақорлар саны бұдан екі есеге көп болуы мүмкін", делінген.

Көрер көзге түрткідей болған мына мәліметтер өкінішке орай шындық. Қарап тұрсам, көбі өзім қатарлы оқушылар. "Оқушы" демекші, оқушының негізгі міндеті қандай? Біз үшін күндіз-түні тер төгіп жұмыс жасап жүрген ата-аналардың тапқан қаржысын қалай болса, солай жарату ма міндетіміз? Оқушының жағдайын ата-анасы да, мемлекет те, мектеп те жасап тұрған бейбіт заманда неліктен оқушылар соның бағасына жетпейді екен? Оқушы қай жағдаймен екені белгісіз есірткіні шегіп үйреніпті. Енді сол мыңдаған балаларды арашалап алудың амалы болуы керек қой! Миллиондаған көрсеткіш көрсетіп тұрмауымызға кепілдік жоқ. Меніңше, аты аталған үш тараптан (ата-ана, мектеп, мемлекет) да оқушыға өзінің міндетін, мақсатын айқындайтын жол көрсету жұмыстары жүргізілуі керек. Ұрпақтың тегін шұбарлатпай тұрып, тап қазір қолға алсақ игі еді... Оқушы-білім алушы. Оқушының білім алуы үшін қазіргі таңда барлық жағдай жасалған. Дегенмен тәрбиесіз білімнің кері ме екен осының бәрі... Ата-әжелеріміздің заманындағыдай дәптер, қалам, тіпті мектеп тапшы емес. Замандастарыма қарап, әрине бәріне топырақ шашпаймын, көбісінің оқуға ынтасы жоқ. Ал, ойын мен ұялы телефонға кіруден алдына жан салмайды. Кітап оқыса, ұйқысы келе қалады. Кеше армандарымды жаздым. Толық білім алып, ата-анамның рұқсатымен, қолдауымен қалаған оқу орныма түсіп, бос уақытымды спортқа арнап, жұмыс жасап елге қызмет еткенімді, құрбы-достарыммен он жылдық кездесуге өз отбасыммен кездесуге келгенімді, кең сарайдай үй, астымда көлігім, денім сау... Армандаудың шегі жоқ қой! Елестетіп көре білген адамға бұл өмір ғажайыпқа толы. Сол армандардың бәріне жету жолында ең алдымен денсаулық және еңбекқорлық ауадай қажет. Осы орайда мына өлең жолдары: "Ақыл құсы адаспай аспандаса,
Әлемде нәрсе болмас оған таса,
Жетi көк жерден оңай басқыш болып,
Ғарышқа қол жетедi қармаласа." – еріксіз еске түсті.

Адамдың ақылынан асқан даналық жоқ сірә..? Адамның хайуаннан ерекшелігі де осы! Атымыз адам, біз мына әлемді соның ішіндегі қаймана қазақтың өмірін гүлдендіру үшін өмірге келгенбіз. Еліміз әлем аренасы алдында озық үлгіні көрсетуі үшін, мен де аянбай білім алып, еңбек етемін. Таудай арманымды кішкентай есірткінің еншісіне бермеймін. Бабалардың қан мен терімен келген аманатты арқалау менің міндетім. Соның үшін есірткісіз өмір ғажап..! Мен елімнің дені сау ұрпағымын!
Мен жанбасам лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ?


Ақниет Есіркеп, 
№132 Түймебай Айтбаев атындағы орта мектебі
7 сынып оқушысы 

12 қараша 2020 ж. 470 0