Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Динара АЛАШБАЕВА: Орталық консультативтік көмек көрсетеді

Динара АЛАШБАЕВА: Орталық консультативтік көмек көрсетеді

Елімізде жасөспірімдер мен жастарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету қызметінің тиімді дамуы үшін алғышарттар жасалды. Оларға арналған сапалы және игілікті қызметтер жүйесі құрылып, өскелең ұрпақты қорғауға арналған бағдарламалар іске аса бастады. Сол маңызды басымдықтардың қатарында – жастар денсаулығы орталығының қызметі бар. Оқырмандар назарына облыстық жастар денсаулығы орталығы аудандық құрылымдық бөлімшесінің дәрігері Динара Алашбаевамен сұхбатты ұсынамыз.

– Динара Темірханқызы, қоғамның негізгі қозғаушы күші – жастар екені белгілі. Қазіргі кезде жастардың кез келген мәселесі назардан тыс қалмауда. Түрлі мемлекеттік бағдарламалардан бастап, оларға меди­циналық-әлеуметтік көмек беретін мекемелер де бар. Солардың бірі – жастар денсаулығы орталығы. Жалпы аудандық құрылымдық бөлімшенің дәрігері ретінде өз қызметтеріңіз жайлы әңгімелесеңіз?

– Бүгінгі жылдам дамыған қоғамда өзекті деген мәселелер жетерлік. Оларды шешу жолында кейде адамдар теріс жолға түсіп немесе кімге, қайда барарын білмей қалады. Әсіресе, жастар арасында ішкі жан дүниесімен арпалысатын сәттер жиі болады. Ондай кезде жастар өзін жақсы ниетті адамдардың тыңдағанын қажет етеді. Осы ретте жастарға қолдау білдіріп, оның жалғыз емес екендігін сездіретін орталықтың бар екенін білген жөн. Жастар денсаулығы орталығы – жас­тар мен жасөспірімдерге шынайы медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсететін орын. Аудандық бөлімшедегі дәрігер, психолог, мейір­бике емдеу-профилактикалық, консуль­тативтік көмек көрсетеді. Сонымен қатар осы жылдың 8 қазандағы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен – жаңа номенклатура тізбесі бекітілген болатын. Аталған құжат бойынша жас­тар денсаулығы орталығы амбулаториялық-емханалық қызмет көрсететін ұйымдар тізіміне енгізілді.

– Жастар денсаулығы орталығына келетін жастарды қандай мәселелер мазалайды? Ұлтымызға тән ұяңдық, яғни кеңес сұраушының бойында «Менің мәселемді таныстарым біліп қойса не болады» деген са­уал тұруы мүмкін. Осындай жағдайдан қалай шығасыздар?

– Жасөспірімдердің психоәлеуметтік ерекшелігі, денсаулығы мен анықталған басқа да ауруларды бағалай білмеуі, ата-аналарымен қарым-қатынасы, өзіңіз айтқандай «Таныстарымды кездестіріп қаламын ба?» деген қорқыныш секілді мәселелер жастардың орталыққа келуіне себепкер болатыны рас. Сондықтан жасөспірімдер орталық мамандарына барлық уақытта келіп, кездесіп, кеңес алуына болады. Мамандар құпиялылық ұстанымда болатынын айта кеткен жөн. Біздің орталық еріктілік, қолжетімділік, ниеттестік, сенім қағидаттарын ұстанады. Сонымен бірге, ақпараттық-саламатты өмір салтын насихаттау, мұқтаж болған жас адамды жоғары сапалы кәсібилік, оңтайлы және түсінуге ыңғайлы ақпаратпен қамтамасыз етеді.

– Биылғы жылдың ерекшелігі жастар денсаулығы орталығы еріктілермен бірге жұмыс жасағанынан хабардармыз. Жұмыс қалай үйлестірілді?

– Иә, биыл Президент Жарлығымен «Еріктілер жылы» болып жарияланғандықтан орталық «Тең-теңімен» қағидаты негізінде жұмысқа еріктілерді тартты. Жалпы еріктілермен бірге жастар денсаулығы орталығының мамандары екі жыл көлемінде жұмыс жасап, бағыт-бағдар беріп келеді. Волонтерлер өздерінің әлеуметтік өмірлерінен, оқуларынан, жұмыстарынан бос уақыттарында жастар денсаулығы орталығына көмек көрсетті. Дегенмен, волонтердің ерікті еңбек жағдайы өздерінің мүдделері мен талаптарына сәйкес болмаса, онда өз қызметінен бас тартуына болады. Облыстық жастар денсаулығы орталығында 8-800-080-22-26 нөмірлі сенім телефоны жұмыс істейтінін айта кетейін. Осы телефон арқылы мамандар медициналық, психологиялық-әлеуметтік тұрғыдағы сұрақтар бойынша кеңес береді.

– Жастардың арасында зиянды әдетке бой алдырумен күрес қашанда бәсеңдеген емес. Тұрғындар арасында орталық мамандары үнемі ақпараттық-насихат жұмысын жүргізіп келеді. Жалпы, маман ретінде қандай пікір айтасыз?

– Жас бала өсіп келе жатқан ағаш секілді, қалай исең солай өседі, көргенін істейді. Бұл ұлттық тәрбиемізге қатысты қасиет. Ал психологиялық тұрғыдан алғанда жасөспірім еліктегіш, қызба келеді. Сондықтан жаман әдетке, шылым шегуге, ішімдікке үйір болады. Ал ішімдік ішу – психиканың бұзылуына әкеледі. Өкінішке қарай ересектермен қатар балалардың арасында бұл зиянкесті пайдаланатындар қатары азаймай отыр. Ресми мәліметтің өзі елімізде 2000-ға жуық жасөспірімге алкоголизм диагнозы қойылған. Шылым шегу де өте кең тарап жатқандықтан, бұл зиянды әдеттен құтылу оңай емес. Бір тартып көрген бала оған тәуелді болып қалады. Ал темекіні ұдайы тұтынудың соңы ауыр дертке, яғни өкпенің, бауырдың зақымдануына әкеледі. Дені сау ұрпақты осындай зиянды әдеттерден қорғау үшін тұтас қоғам болып атсалысуымыз қажет.

Дені сау ұлт болып қалыптасу үшін әлеуметтік дертке себепкер болатын рухани-адамгершілік тәрбиені жетілдіре түсу қажет. Сонда ғана жас ұрпақтың зиянды әдетке әуестігіне тоқтау болады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолын ізде» деген қазақ даналығында өнеге бар екенін жасөспірімдердің құлағына құюға тиіспіз. Денсаулық үшін жауапкершілік, ең алдымен, өзінде болған жағдайда ұлт саулығы саламатты өмірге көшеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ

10 қараша 2020 ж. 841 0