Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаруа адамы

Шаруа адамы

– Амансыз ба ақсақал? Шаруаңыз қалай?
– Аманбыз, қарағым! Шаруа жақсы... Бұл қай бала?
– Аудандық «Тіршілік тынысы» газетінен келген тілші боламын. Біздің басылым «Ауыл» жобасын қолға алған болатын. Бүгін елді мекеннің тыныс-тіршілігін ақпараттандыруға келіп қалдық.
– Ә, жөн-ақ, екен!

Бұл әңгіме қоғалыкөлдік Бодан Шалбаев екеуміздің арамызда өрбіген еді. Күні бойы Зеңгі баба төліне қорасында күтім жасайтын ақсақал нағыз шаруа адамы десек болады. Күн ұзаққа дамыл таппайтын ақсақал Бодан Шалбаев өзара әңгіме барысында жеке кәсібінің қазіргі жай-күйін айтып берді.

«Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» арқылы 3 млн 700 мың теңге несие алып, кәсібін бастаған Бодан ақсақалдың еңбегі ерекше. Күн сайын малының жем-шөбін дайындап, қас қарайғанша қорадан шықпайды. Кейде денсаулығы сыр беріп, шаруамен айналасуға кедіргі келтіретіні тағы бар. Жылдар бойы шаруашылықта қызмет атқарған Бодан Шалбаев ІІІ топ мүгедегі. Ол күні бойы тірлікпен біте қайнасып, табысын еселей түсуде. Келешекте Зеңгі баба төліне деген сұранысты арттырып, ауыл халқына сиыр етін үлестірмек. Дәл қазіргі уақытта ең алдымен мал басын көбейту маңызды. Себебі, мемлекеттік бағдарламаның жеке кәсіпкерге қоятын талабы жоғары. Арнайы комиссия мерзімді уақытта сиырдың күтіміне байланысты тексеріс жүргізіп отырады. Сондықтан әрбір төлдің күтіміне аса жауапкершілік қажет.

– Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қоғалыкөл ауылы бұрыннан мал бағуға қолайлы. Қорамыз іргелес жатқан ауыл халқы төрт түліктің барлық түрімен айналысады. Еңбегіміз еш кетпей, орасан табысқа жету – басты мақсатымыз. Әркез мемлекет қолдауын сезініп, шаруаны дөңгелетуге күш саламыз. Өйткені, ата кәсіпті игерген біз үшін бизнеспен айналысу таңсық дүние емес, – дейді Бодан ақсақал.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
03 қараша 2020 ж. 534 0