Үнемдеу неден басталады?
Үнем сөзін үлкендер жағы көбірек айтатыны рас. Жастар бұл сөздің түп-төркінінде қандай мағына жатқанын білсе де «үнемдеуге» бара бермейтіні шындық. Бұрындары үйдің үлкендері «Судың да сұрауы бар», «Тарта жесең тай қалар, қоя жесең қой қалар, қоймай жесең не қалар?» деп үнемдеуге бас–тайтын мағыналы сөздерді көп айтатын. Тәрбиелік мәні бар, баланы жас–тан әр нәрсені бекерге пайдаланбай, өз орнымен қолдануға үйрететін «үнемдеу» сөзіне қазіргі жастарымыз бен көпті көрген қарттарымыздың көзқарасы қандай екен? Блиц-сауалнамада үш сұрақ қойылып, оған нақты жауап берілді.
1. Үнемдеу сөзін қалай түсінесіз?
2. Үнемдеуді неден бастайсыз?
3. Үнемдеу сізге не береді?
Зада Қалдығараева,
А.Тоқмағамбетов ауылының тұрғыны:
1. Жасымыз сексеннен асты. Жастық шағымыз жоқшылықта өтті. Небір қиын-қыстау заманның куәсі болдық. Сондықтан үнемдеу сөзін бізден артық білетін адам жоқ шығар, сірә. Алдымен ауыз суды, ас атасы – нанды үнемдеуді үйрендік.
2. Мыңда бір шүкір, Қазіргі заман өте жақсы. Қалағаныңның бәрін сатып аласың. Бірақ ақшам бар екен деп оңды-солды шашудың соңы ысырапшылдыққа әкеледі. Үнемдеуді жарықтан, азық-түліктен, ақшадан бастаймын және мұны әрдайым балаларыма, немерелерімен айтып отырамын.
3. Үнемдеу ертеңге деген сенімді береді. «Үш күндігін ойламаған әйелден без» деген бар емес пе? Міне, ертеңгі күніңді ойласаң үнемдеу ауадай қажет.
Тойым Айкөпешов,
63 жаста, Тереңөзек кентінің тұрғыны:
1. Үнемдеудің не екенін әке-шешеміз құлағымызға құйып өсірді. Не нәрсені де үнемдесең, одан келер зиян жоқ, қайта пайдасы көп. Қазір жастарға да өзіміз осыны айтып түсіндіруден жалықпаймыз. Заман өзгергенімен үнемдеуге деген көзқарасым өзгерген жоқ. Қайта бар болған сайын оның қадірін біліп, үнемдеуге тырысасың.
2. Ұзақ жыл ауданда есепшілік қызметті атқарғаннан кейін қаржыны үнемдеу түсінігі маған жақын. Отбасылық бюджетті үнемдеудің артында береке бар. Айлығыңды үнемдеп жұмсасаң, кісіге кіріптар болмайсың. Біреуден қарыз сұрағанша, өзің маңдай теріңмен тапқан жалақыңды жеткізіп жұмсағанға ештеңе жетпейді.
3. Үнемдеу өмір сүруге қажет заттардың артығымен болатынына көзімізді жеткізді. Материалдық жағынан ұқыпты болсаң, барлығына да қолың жететіні айдан анық.
Жамбыл Әлмағамбет, 41 жаста:
1. Үйдің жарығын үнемдеп, күнделікті қажеттілікке жұмсалатын қаржыны үнемдеу деген түсінік отбасымызда қалыптасқан. Одан жаман болып жатқан жоқпыз. Айлыққа, ата-анасының зейнетақысына қарап отырған отбасылар көп. Екі қолға бір жұмыс іздеп жүргендер де бар. Үнемшілдіктің қадірін солардан артық білетін адам жоқ.
2. Бей-берекет шашыла беру деген түсінік жоқ. Маңдай теріңмен тапқан нанның дәмі тәтті болады. Жаңа айтып кеткенімдей, жарықты, суды, ақшаны үнемдеп жұмсауға үйреткен ата-анама рақмет.
3. Үнемдеу мол байлыққа әкелмесе де, қажеттілікті алуға артық ақшам үнемі болады. Сондықтан отбасым мұқтаждық көрмеу үшін бұл жақсы қасиеттің қадірін үнемі біліп жүреміз.
Дәуіржан Амануллаев,
22 жаста:
1. Үнемдеу сөзі отбасымызда бала кезімізден қалыптасты. Атам мен әжем үнемі айтып отыратын. Нанның қиқымын теріп алып, нанды үнемдеуге үйретті. Сонан соң қарапайым тұрмысқа қажетті заттарды ұқыпты пайдалану керектігін құлағымызға құйып отыратын.
2. Үнемдеу деген белгілі затты өз мөлшерінде пайдаланып, ысырапшылдыққа әкелмеу деген сөз. Сондықтан, қазір жұмыс істеп, несібемізді тауып жүргендіктен барлығын да үнемдеуге тырысамын. Алдымда көп жоспар бар. Сондықтан, босқа төгіп-шашпай, артылғанын жинауға дағдыланып келемін.
3. Үнемдеу алдағы жоспарымның жүзеге асуына мүмкіндік береді деген ойдамын. Ата-анама да көмектесіп, қолымнан келсе бауырларыма да қамқор болғым келеді.
Ақерке Омарова,
студент:
1. Үнемдеу сөзі туралы әжем көп айтады. Студент болған соң ақшаңды үнемдеуге тырысасың. Күнделікті тамаққа, жол-пұлға беретін ақшадан артылдырып, үнемдеуді әдетке айналдырғанмын. Менің түсінігімде үнемдеу енді қалыптасып келе жатыр.
2. Түнімен босқа жанып тұратын жарықты өшіріп қою қажет. Суды да есепсіз төге беруге болмайды. Тамақты мөлшерімен әзірлеу үнемдеуге әкеледі. Ақшаны оңды-солды жұмсауды доғаратын болсақ, қалтамызда артығымен қалады. Үнемдеуді неден бастайсыз деген сауалға беретін жауабым осы.
3. Үнемдеу жинақылыққа үйретеді. Үнемді болу әсіресе, қыз балаға жарасымды. Сондықтан үнемшілдік сияқты жақсы қасиеттің бойымда болуы ең алдымен ата-анамның берген тәрбиесінің жемісі деп білемін.
Бибісара ЖАНӘЛІ