Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүктелер жауапкершілік жоғары

Жүктелер жауапкершілік жоғары

Қазақтың танымында «қарттар үйдің қазынасы» деген тәмсіл бар. Сондықтан да болар біздің жерде қарттар үйі болмаған. Ал бүгін ше?! қазыналарымызға қаншалықты құр­мет пен ілтипат көрсетіп жүрміз, жол көрсетуші қариялардың қоғамға деген көзқарасы қандай? сол төңірегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлымен сұх­баттасқан едік.
– Сұхбатымызды аудандағы ардагерлер кеңесінің атқарып жатқан жұмысынан бастасақ...

– Қазір ауданымызда төрт мыңнан аса ардагер бар. Олардың ішінде ҰОС қатысқан бір майдангер, 200-дей тылда жұмыс жасаған еңбек майталманы және отызға жуық «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» бар. Бұл ардагерлердің барлығы кезінде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар. Қазір де қоғамның мүддесін қорғап, атқарушы билікпен тығыз байланыстамыз.
«Ел туралы жадағай ойлау да, халықтың тағдырымен ойнау да түбі жақсылыққа апармайды», – дейді Елбасы Н.Назарбаев. Біз ең әуелі әрбір ардагердің назардан тыс қалмауын көздеп, әрқайсысына көмек беруге тырысамыз. Ел мүддесін қорғап, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткіземіз. Міне, соның арқасында ел арасындағы біршама бітпей жүрген жұмыстар жасалып жатыр. Жиналыс-жиындарда өткір сындар да айтылып жүр, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуын нақтылы жолдары жөнінде ұсыныстар ай­тылуда. Ел бірлігі, ырысты ынтымақ, ұрпақтар сабақтастығы, жастар тәрбиесі жөнінде келелі әңгімелер қозғалуда. Қазір барлық жағдай айқындалған. Жұмыс біршама жүйеленген. Ауданға қарасты елді мекенде он бес ардагерлер кеңесі құрылған, әрбір мекеменің жанынан 58 бастауыш ардагерлер ұйымы құрылған. Міне осының барлығы жүйелі жұмыс жасауда.

– Атқарушы билік сіздердің пі­кірлеріңізбен қаншалықты санасады?

– Барлық елді мекендегі ардагерлер кеңестері сол өздерінің аймағындағы билік өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сол жердегі қоғамдық кеңестер мен ауыл әкімдерімен бірлесіп қызмет атқаруда. Елдің мәселесін шешуде әрине ауыл әкімдері ең алдымен ардагерлермен кеңеседі. Себебі біздің қазақтың танымында «үлкенді сыйлау, оның ақылын тыңдау» деген қағидат бар. Қазір кез келген мемлекеттік мекемеге жұмысшы қабылдауды да осы қоғамдық кеңестегі ардагерлерге жүктейді. Себебі елдің арасында жүріп, нағыз сол жұмысқа кімнің зәру екенін нақты білетін жандар осы ардагерлер кеңесінің мүшелері. Міне осы секілді қарапайым дүниеден бастап біздің қарттардың пікірі барлық салада тыңдалады деп нақты айта аламын.

– Бүгінгі таңда ардагерлерге, үлкендерге жастар қаншалықты құрмет көрсетіп жүр?

– Бұрын аудан аумағындағы мұнай компаниялары мен ірі шаруашылықтар қарттарға арнап түрлі демалыс орындарына жолдамалар беретін. Қазір әлемді жайлаған пандемия уақытында бәріне шектеу қойылды. Осы арада ауданның ерікті жастарының ерекше белсенділігіне риза болдым. Карантин уақытында жер-жерден жиналып, тұрмысы төмен отба­сыларға, қарттарға көмектерін аямады. Ауруханадағы егде тартқан науқастарға материалдық көп көмек көрсетті. Осының барлығы біздерге жасалған құрмет пен жанашырлық деп білемін.
Аудан ардагерлеріне әрбір ауылдағы шаруашылық басшылары да үнемі қолдау көрсетеді, көмегін береді. Жалпы алғанда ардагерлерге қамқорлық жаман емес. Ардагерлер кеңестері құзырлы органдармен бірге көп нәрсені шеше алады. Солай болуға тиіс те. Біле-білгенге ардагерлер – үлкен күш. Тәуелсіздігімізді мәңгілік әрі баянды етуде аға ұрпаққа жүктелер жауапкершілік жоғары. Ең бастысы, ардагерлеріміз осы парызды терең сезінеді. Қолдан келгенше жастардың бастамаларына тілектес, ниеттес болып келеді.

– Өзіңізге белгілі бұрын қазақ қоғамында «қарттар үйі» деген ұғым болмаған. Ал қазір әрбір облыста, қалада бар. Бұл үйлердің пайда болуына не себеп болды, бала тәрбиесінде қай жерден қателік кетті деп ойлайсыз?

– Бәріміз де ұл-қыз өсірген ата-ана­мыз. Қарттар үйінің пайда болуы бұл отба­сындағы келін мен ене институтының құлдырап кетуінің салдары деп ойлаймын. Әйтпесе ешбір бала ақ сүт берген өз әке-шешесін сыртқа теппейді. Бұл мәселеге тұрмыс жағдайдың нашарлауы да себеп болуы мүмкін. Бірақ ар мен ұяттың, парыз бен міндеттің орны ерекше.

Әрине әркімнің өзіне ғана аян мәселелері бар. Ал ата-анасын үкі­меттің қарауына беріп, сол кісілердің зейнетақысына күнін көріп жүргендер де бар, оны жасыра алмаймыз. «Келіні жақсы үйдің босағасы алтын» деген қанатты сөз бар. Сондықтан әрбір ана қыз тәрбиесіне аса мән беруі шарт. Сонда ғана бұл қоғамның дертінің шешілуіне ықпал ете аламыз.

Ауданда отбасы институтын дамыту, қарияларды қадірлеу, ата-ананы сыйлау бағытында көптеген тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл шараларға болашақ отбасының иесі саналатын жастар тұрақты түрде қатысуда. Меніңше әр отбасында үлкенді сыйлау жөнінде үнемі айтылуы керек.


Сұхбаттасқан
Майя ҚОЖАБАЙ

03 қазан 2020 ж. 527 0