Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Асанас» қалашығына қазба жұмыстары жүргізілуде

«Асанас» қалашығына қазба жұмыстары жүргізілуде

Осыдан екі жыл бұрын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында аудан төңірегіндегі тарихи жерлерге сапар шегіп, ондағы рухани құндылықтарды газет бетіне жариялаған болатынбыз. Сол сапаралардың бірінде Айдарлы ауылындағы «Асанас» қалашығына да табан тіреп, «Асанас» кесенесі зерттеуді қажет етеді» деген тақырыпта мақала жарияланды. Биыл осы аталған қалашыққа археологтар келіп, бүгінде қазба жұмыстары жүргізілуде.

Ауданға қарасты Айдарлы ауылындағы тарихи қалашыққа жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары Алтын Орданың 750 жылдығы аясында жүзеге асырылып отыр. Оны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған. Қазбаны Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының мамандары жүр­гізіп жатыр. Жергілікті археологтар күшімен аршылған осындай маңызды нысандар ұзақ мерзімге сақтауға алынады. Одан табылған құнды жәдігерлер облыс музейінің қорына өткізілмек.

– «Асанас» қалашығы – Алтын Орда дәуірінің эталонды ескерткішінің бірі. Сондықтан археологиялық зерттеу бұдан кейінгі жылдары да жалғасады. Оған қоса, қорғау аймағына сәйкес қалашықтың аумағын қоршау жоспарланып отыр. Көне қала «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енгізілген. Жоба бойынша өңірлік қасиетті нысандар тізбесінде жинақталған. «Асанас» – жергілікті ма­ңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш. Ол Қызылорда қаласынан оңтүстік шығысқа қарай 48 шақырым жерде жатыр. Көне қала Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылынан 8 шақырым қашықтықта орналасқан», – дейді ғылыми-зерттеу орталығының мамандары.

Жалпы, «Асанас» кесенесі ҮІІІ-ХІҮ ғасырларды қамтиды. Дөңгеленген қала орны сақталған. Бұл жазба деректерде моңғол шапқыншылығынан бастап белгілі. Тарихшы Жувейнидің еңбегінде 1219 жылы моңғол әскерлерінің Сығанақтан Жендке қарай бара жатқан жолда жаулап алынған қаланың бірі ретінде сипатталады. Сырдың төменгі ағысы бойымен жүріп өткен Плано Карпини «Моңғолдар тарихы» атты кітабында: «Бұл жерде біз сансыз қиратылған қалалар мен қамалдарды, көптеген бос қалған қоныстарды кез­дестірдік. Бұл жерде үлкен өзен бар оның аты бізге белгісіз, жағалауында «Янкинт» деп аталатын қала бар, тағы біреуінің аты «Бархин», үшіншісі «Орнас» деп аталады және бізге белгісіз қалалар бар» деп жазады. П.Л.Лерх аталған шаһарларды Сырдарияның төменгі ағысындағы қала­лармен сәйкестендіріп, Орнас – Асанас, Янкинт – Янгикент, Бархин – Баршынкент қалалары болуы мүмкін дейді. Ал В.А.Каллаур 1899 жылы Асанас қаласының орнын анықтап, топографиялық сипаттамасын жасай отырып, қалаға тартылған суды «Қаракөз» деп атаған. Сондай-ақ, Ақтөбе елді мекенінің жанынан Қызылқұм ішіндегі сеңгірге дейін жететін арықтың бірін ауыз су десе, екіншісін егістікке тартылған арық деп жорамалдайды.

1954 жылы Хорезм археология этно­графиялық экспедициясы Асанас қаласын есепке алып, 1960-1961 жылдары барлау жұмыстарын жүргізді. Ал 1968 жылы Н.Н.Вактурская қалаға екі стратиграфиялық қималық қазба түсіріп, зерттеу жұмыстарын ұйымдастырды. Қазба барысында табылған қыш ыдыстар ХІІ-ХV ғасырға жатқызылса, екінші қазбадағы керамикаларды VІІ-ІХ ғасырдағы оғыз заманына тиесілі екені анықталды. Нәтижесінде, Асанас қаласы VII-IX ғасырдан пайда болып XV ғасырға дейін өмір сүрген. Хорезм экспедициясының зерттеулеріне дейін тарихи әдебиеттерде қаланы соғдылық сау­­­­­дагерлер тұрғызды деген пікірлер басым болған еді. Кейін қазба жұмыстары көрсеткендей, қала тұрғындары мен оны тұрғызған – оғыздар болғаны дәлелденген.

Қалашықтағы қазба жұмыстары толық аяқталғанда бұл жерден құнды жәдігерлер шығып, өңірдің рухани қазынасы толығы түсетіні сөзсіз.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ 
12 қыркүйек 2020 ж. 635 0