Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауа райын ағашқа қарап болжайды

Ауа райын ағашқа қарап болжайды

Тіршілігі табиғатпен біте қайнасқан қазақ халқы ықылым заманнан бері жұлдыздарға, аң-құстардың әрекетіне зер салып, күні бұрын ауа райын болжап, біліп отырған. Ал қабырғаға қағылған самырсынның бұтағына қарап болжағандарды көріп пе едіңіз?

Естімеген елде көп. Бұл тә­сілді Катонқарағай ауданы, Қайың­ды ауылының тұрғыны Арман Шаяхметов қолданып отыр. Ол үйінің сыртқы қабыр­ғасына көлденеңдей қағылған самырсынның жіңішке бұтағына жан-тәнімен сенеді. Сенбегенде, бір рет те алдап көрмеген екен.
Сонда қалай болжайды дей­сіз ғой. Кәдімгі қурап қал­ған ағаш белгілеп қойған мөлшер­ден көтеріңкі тұрса, күн ашық болады, ал аспанды ала бұлт торлап, күн жауа қоймайтындай болса, әлгі ағаш ортаға қарай түседі екен. Иіліп төмен түссе, екі күннен кейін жаңбыр құятын көрінеді.
Кей-кейде көктен жаңбыр тілеген ауылдықтар «келін сә­лем салып тұр ма?» деп әзіл­деп те қояды.
Күн райын бұлай болжауды Арман Шаяхметов баяғы заманда осы ауылдағы көнекөз орман­шының үйінен көріпті. Ал өз үйінің қабырғасына кейін ғана орнатқан. Алғашында кездейсоқтық шығар деп екі жақтағы қабырғаға екі шыбық қағып тастапты. Бір қы­зығы, екеуі бір уақытта бірдей кө­теріліп, бірдей түседі. Мұны көр­ген көрші ауылдың орманшылары да осы әдіспен ауа райын болжап жүр қазір.

Бірақ қураған самырсында табиғаттың қандай тылсым сыры бар екені беймәлім.
 Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,
Шығыс Қазақстан облысы

06 қыркүйек 2020 ж. 690 0