Мұхтар САҚТАПОВ, ақын, Қазақстанның құрметті журналисі: Тереңөзек – таланттардың өлкесі
– Адамның ең басты қасиеті не деп ойлайсыз?
– Асылында адамның басты қасиеттеріне тектілік дарыған қазақы болмыстың барлық жиынтығы кіреді. Біріншіден, адалдық танытқан жанның бағы қашанда жанады. Екіншіден, бауырмалдық қасиетке ие болу арқылы жақыныңа жанашыр атанасың. Барлық адамға пейілің ақ болғанда ғана маңайыңа жақсы адамдар шоғыры қалыптасады.
– Ер азаматтың нақты ұстанымы қандай болуы керек?
– Ер азамат қиналғанға қол ұшын беру керек. Жақсының жақсылығын айта білген жөн. Адамның кемшілігін емес, істеген қайырымды ісін айту парыз. Адам артынан ғайбат сөздер айтпаған жақсы. Өзім ер азамат ретінде ұлдарыма бағыт-бағдар берсем, зайыбым Несібелі қыздарын үй шаруасына баулиды.
– Сүйікті қаламгеріңіз кім?
– Менің сүйікті қаламгерлерім М.Мақатаев пен Ф.Оңғарсынова. Олардың шығармашылығы бар халықтың жүрегінен орын тапқан. Лирикалық өлеңдерін қайта-қайта оқи отырып, ерекше тебіреніске түсемін. Қос ақынның лирикасы күллі қазақтың нағыз құндылығына айналған.
– Қазіргі поэзияның деңгейі қандай?
– Поэзияда жастардың орны ерекше. Олар алдыңғы буынмен бірге ілесіп жазуда. Қазақ поэзиясындағы қыздардың ақындық өнерін жоғары бағалаймын. Әрине жас ақындарға ізденіс керек. Қазақ тілінде жарық көрген шығармалар шет тілдерінде аударылуда. Жастардың поэзиясы көңіл қуантарлық.
Бірде Роллан Сисенбаев туған жерін аралапты. Сонда бір баланы іздеп тауып алған екен. Ешкім білмейтін мықты ақын жігіт. Талантты ақын туған жерін тастап көшіп бара жатқан қария жөнінде:
«Балконды үйде тұрамын» деп,
Немересі шулатып жүр маңайды.
«Марқұмдарға кім оқиды құранды» деп,
Қарт толғанып бейіт жаққа қарайды» деп өлең жолдарын ағытқан екен. Осындай бір шумақ өлеңмен адамның өмірін суреттеген талантты жас ақындар көп.
– Ең басты кемшілігіңіз қандай?
– Кей жағдайда бір адамға сенгіштігім артынан өзіме екі есе соққы болып тиеді. Көңілге қарап, қарекет ету керектігін білемін.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Бос уақытымда кітап оқығанды құп көремін. Өйткені, кітап бала күнімнен келе жатқан жан серігім. Кейде замандас ақын-жазушылардың шығармаларын қайта оқудан жалықпаймын. Талай мәрте Әскербек Рахымбекұлы, Айжарық Сәдібекұлымен бірге үзеңгілес болдық. Олардың шығармалары мен үшін құнды дүние.
Арасында немерелерімді ортаға алып, қазақы ғұрып пен дәстүрді, тағылым мен тәрбиені, саналы білімді үйретуге көңіл бөлемін. Барлық қазақ қаламгерлерінің шығармаларын оқытып, зейінін ашамын.
Бақшалық жерге күтім жасау мен жеміс-жидекті баптау да – өнер. Кешқұрым уақытта ой баға жүріп, бақшада аялдаймын. Мұнда гүл егіп, көкөніске күтім жасаймын.
Тазалықты жаным сүйеді. Қалыптасқан үрдісім бойынша есіктің алдын тазартуға аса мән беремін. Бұл мен үшін үйреншікті жұмыс Бір жағынан айналаңдағы көршілерге ерекше жайлылық сыйлайсың. «Сырт көз сыншы» демекші, үй шаруасына ұқыпты болған абзал. Отбасының тіреуі бола білген ер азаматтар қолына күрек алып, бір мезгіл өз меншігіндегі жерге күтім жасауы сауапты іс.
– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?
– Анығында адам Алла Тағала қандай бақ сыйласа да дән риза болуы тиіс. Менің өмірім журналистика мен жазушылықтан тұрды. Өмірге қайта келсем, халқыма адал журналист болып қалатын едім. Кішкентайымнан жазуға үйір болып өстім. Бердібек Соқпақбаевтың «Он алты жасар чемпион» деген шығармасын оқи келе, оның жазушылықтан бұрын өлең жазуға машықтанғанын білдім. Өлең жайлы жазушы:
«Өлеңім мінезіңдей жас баланың.
«Жылатып алмайын» деп жасқанамын.
Жазып қойып, өзіме өзім сенбей,
Оқып-оқып басыма жастанамын.
Өлең нәзік шегіндей домбыраның,
Үзіп алсам,
Үлкені масқараның», – дейді. Осылайша менде өлеңдерімді бұзып алмас үшін, мағынасын сақтау мақсатында өзімді үнемі жетілдіріп отырамын. Сондықтан поэзиядан бастау алып, журналистикамен ұштасқан саналы ғұмырыма дән ризамын.
– Неден жиіркенесіз?
– Үйінің айналасын лас ұстайтын адамдардан жиіркенемін. Бір басына жететін табысы бола тұра, қорасын таза ұстамау, өз-өзіне жаны ашымағандықтың белгісі. Лас ортада өмір сүру мүмкін емес. Күл-қоқыс денсаулықтың нағыз қас-жауы.
– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?
– «Қолда барды құрметтей біл» деген қазақта тәмсіл бар. Осыған дейін қол жеткізген азды-көпті дүниеңді ұрпағыңа үйлестіре білу керек. Қанағат бар жерде адам ысырапшылдыққа жол бермейді. Сонымен бірге өмірлік жарым Несібелімен бірге немере-шөбере лердің қызығын көріп келемін. Соларға тағылымды жол көрсетіп кетсем, менен бақытты адам болмас. Балаларым түрлі салада қызмет етеді. Жолымды қуған қызым Шарипа еңбегінің жемісін көруде. Тағы бір немерем өлең жазуға машықтанып жүр. Ұрпағымның әр жетістігі мені қуантады, бақытқа бөлейді.
– Абай шығырамашылығы сіз үшін несімен қымбат?
– Абайдың ғибратқа толы мектебі – қазақ ұлты үшін үлкен мұра. Хәкімнің даналығы, ақылдылығы өскелең ұрпаққа өнеге. Ұлы ақын адамзат баласы үшін қажетті мол ғибратты жазып кетті. Әрқайсысымыздың жадымызда ұлы ғұлама айтқан асыл қасиеттер сақталуы тиіс. Шын мәнінде Абай шығармалары ғасырлар бойы өз өміршеңдігін жоғалтпайды. Сөз қадірін ұғатын өскелең ұрпақ бар кезде оның мұрасы мәңгілік жаңғыра бермек.
– Қазіргі адамның бойынан қандай қасиет жоғалып бара жатыр?
– Қазіргі адамның бойынан досқа шын көңілмен илану, бауырмалдық қасиеті жоғалып бара жатыр деп есептеймін. Нарықтық заман көшіне ілескен адамдар арасында сыйластық көрініс таппайды. Барлығы дүние қуып, жақын араласудан ажырап қалуда. Бір қазақ үй тұрғызса, екіншісі қарап тұрады. Көршісінен артық болуды қалап, тырмысып бағады. Мұнда бәсекелестік пен іштей таласқа бейім болу көрніпі жатады. Бақталастық пен байлық адамды аздырады. Шүкірлік абыройды арттырып, бақытқа бастайды. Ал мемлекет мүлігіне қол салып, тойымсыздық көзқарас таныту еш уақытта абырой әкелмейді.
Ерекше айта кететін жайт, көршілердің сыйластығы жоғалып бара жатқандай. Бір-біріне қарамайтын, араласпайтын көршілер де бар. Шақырмаса бармайды. Әйтседе, өзім тұратын 1 мамыр тұрғындарының бірлігі, татулығы жарасқан. Бір-бірімізбен байланыс үзілмейді. Жақсылық пен қиын қыстау күндері біргеміз.
– Жастарға айтар ақылыңыз?
– Қазіргі жастар көп оқуы, ізденуі керек. Мүмкіндік бар уақытта өзіне керектіні алып қалу қажет. Мемлекет жастарға барлық мүмкіндікті жасады. Жастар жаңашылдықты дұрысынан пайдаланған абзал. Жасыратын жоқ, бүгінде кейбір жастар еріншек, зиянды дүниелерге әуес. Мен кішкентайынан ата-ана баланы, оның тәлім-тәрбиесін мұқият қадалағаны жөн деп санаймын. Заман ағымына қарай жастардың жүріс-тұрысы, мінез-құлқы өзгеруде. Кетпен шауып, жер жыртудың орнына ата-анасының зейнетақысымен күн көретіндер де қоғамда бар.
Жастар бір-бірінен үлгі алса деймін. Осы күні кейбір жастар үлкеннің ақылын тыңдамайды. Жастардың болашағы үшін айтарым бос іске бой алдырмай, көп уақытын ізденіске жұмсауы керек.
– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?
– Тәңірдің берген жасын жасап, туған еліне адал қызмет етіп, оның мәртебесінің көтерілгенін көру – бақыт. Даңқты еліңнің бір мүшесі екеніңді сезіну бақыт. Байлық бақыт болмайды. Бақыттың астарында қазыналы білім тұр. Қажетті білімді игеріп, арманға қол жеткізе алған адам ғана бақытқа қол жеткізеді.
– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?
– Жүзі күліп тұрған адамға сене қалатыным бар. Сенгіштігімнен теріс ниетті адардарға алданып қалған кездерім көп.
– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?
– Болмысымнан тазалыққа жақын екенімді айтқан болатынмын. Өзіңді таза ұстау, таза жүру адамға керек нәрсе. Қай кезде де біреуге көмектескім келеді. Қолымнан келсе, тартынып қалмаймын. Талай жастар келіп, бағыт-бағдар алды. Жастарға ақыл айтар аға бола білсем деймін. Оқыған, осы кезге дейін жинаған кітаптарымды қайта оқып шықсам деген ойым бар.
– Сырдария ауданы сіз үшін несімен қымбат?
– Туған жерім, өскен мекеніммен мақтанамын. Осы елден ұрпақ сүйдім. Береке-бірлігі жарасқан Сырдария ауданының жақсы жағынан аты шығып келеді. Ауданда қызмет еткен тұлғалардың өшпес ізі қалды. Саналы ғұмырымның барлығы киелі Тереңөзекте өтті.
«Тереңөзек – терең жатқан жер төсі,
Тереңөзек – Сырдың сұлу еркесі.
Тереңөзек – ән мен жырдың Отаны,
Тереңөзек – талантардың өлкесі», – деп туған жерім туралы бекер жырламасам керек-ті. Қанша талант Тереңөзектен туып өскен. Қалтай Мұхамеджанов, Әбіраш Жәмішов, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетов туған жердің абыройын асқақтатты. Сырбай Мәуленов «Тереңөзек шеңгеліңді танимын. Айнымаған ақ шашындай ақын аға Ғалидың» деп жыр жолдарын өрген болатын. Қазір бәрі өзгерді. Жаңа толқынның жаңа заманында Сырдария ауданы барлық жағынан құлпыра түсуде.
Сауалнаманы жүргізген:
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Балтабай ОРДАБЕКОВ