Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Оң өзгерістердің бастауы

Оң өзгерістердің бастауы

Ел Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арнайтын Жолдауы – еліміздің азаматтары үшін тарихи оқиға болып саналады. Жолдау барлық қазақстандықтарды, бірінші кезекте білім беру саласының қызметкерлерін бей-жай қалдырмайды. Өйткені, әлемдегі өзгерістердің көбі білім беру саласының мамандарының кәсіби біліктілігіне байланысты.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың жаңа Жолдауында ел мен қоғамның одан əрі дамуының басым бағыты баяндалып, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға арналған маңызды стратегиялық міндеттер белгіленген. Бұл нақты практикалық істер бағдарламасы, сөзсіз барлық қазақстандықтарға, ең алдымен зиялы қауымның алдыңғы қатарлы бөлігі – ғалымдар мен педагогтерге қатысты.

Президент Жолдауының бір бағыты мемлекет дамуының негізі болып саналатын білім мен ғылым мəселелеріне арналғаны қуантады. Меммлекет басшысы жыл сайын Қазақстан ғалымдарына əлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуді, сондай-ақ «Жас ғалым» бағдарламасы аясында жас ғалымдарға 1 мың грант бөлуді тапсырды. Сондай-ақ педагогтерді əлеуметтік қолдау мəселесіне ерекше назар аударды. Бүгінде бұл көтерілген мəселенің жай ғана сөз емес, іс жүзінде жүзеге асып жатқандығының куəгеріміз.

Өткен жылы Мемлекет басшысы Үкіметке педагог мəртебесін жəне мұғалімдердің жалақысын арттыруды, отандық ғалымдарға ерекше назар аударуды, білім беру саласын жан-жақты қолдауды тапсырған болатын. Аталған тапсырма негізінде «Педагог мəртебесі туралы» заң қабылданды, білім беру гранттарының саны едəуір өсті. Сәйкесінше, педагогтердің қоғам алдындағы жауапкершілігі артты.

Президент Жолдауында білім берудің əлеуетін арттыру, оның ішінде алдағы уақытта оқытушылардың жалақысын өсіру мəселесі нақты көрініс тапқан. Педагог қызметкерлердің жалақысын көтеру жəне оларға деген мемлекеттің ерекше назары білім сапасына оң əсер етері сөзсіз. Осы орайда білім беру саласының алдында озат оқушыларды, кəсіби кадрларды даярлау тұрғысынан мемлекеттің үмітін ақтау міндеті тұр. Яғни, жасампаз шығармашылық кəсіби мамандарды дайындап, ел игілігіне қызмет істеуге жұмылдыруға күш салуымыз қажет. Президенттің бастамаларын ауыл мұғалімдері толық қолдайды жəне біздің насихаттауға, оларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға ынталы.


Жанболат НАЗАРОВ,
№129 Ә.Жәмішов атындағы
мектеп-лицейінің директоры
03 қыркүйек 2020 ж. 431 0