Ұлт саулығы бәрінен қымбат
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауын тікелей эфир арқылы тамашаладық. Президентөз Жолдауында әлем елдерін дүрбелеңге салған пандемия кезінде аса жауаптылық танытқан дәрігерлерге ерекше алғыс айтты. Бұл біз үшін зор қуаныш болды әрі жұмысымызға серпін берді.
«Қауіпті індетпен күресте барлық мемлекет үлкен сынақты бастан өткерді. Ахуалды ұстап тұру үшін маңызды шаралар қабылданды. Ең бастысы – біз азаматтардан ешнәрсені жасырмай, індеттен қайтыс болғандар туралы ақпараттың барлығын ашық жарияладық. Қаншалықты ащы болса да, шындықты айтып отырмыз. Бұл – кейбір мемлекеттерге қарағанда Қазақстанның ұтымды тұсы» деген Президент ахуалдың жақсаруы босаңсуға себеп болмауға тиіс екенін атап өтті. Күрестің әлі жалғасып жатқанына назар аударып, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша пандемияны жеңу үшін кем дегенде 2 жыл қажет екенін мәлімдеді.
Бірінші байлық – денсаулық екенін ескеріп, Мемлекет басшысының сөзін қаперге алуымыз керек. Себебі, ұлт саулығы бәрінен қымбат. Жолдауда Президент алдағы уақытта республика бойынша 13 жұқпалы аурухана салынатынын атап өтті. Медициналық нысандардың көптеп салынуы – қауіпті дертті ауыздықтауға айтарлықтай көмектеседі. Жолдаудан туындайтын негізгі мәселелерді жүзеге асыру үшін ауданның денсаулық сақтау саласының қызметкерлері жұмыс жасайтын болады.
Гүлжихан НЫСАНОВА,
Сырдария аудандық ауруханасы
бас дәрігерінің міндетін атқарушы