Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірдегі басты ұстазым – әкем

Өмірдегі басты ұстазым – әкем

Туған жер топырағынан түлеп ұшқан жетістігі көп жерлестерімізді оқырман қауымға насихаттау мақсатында аудандық газетте «Шалғайда жүрген бір түлек» айдары ашылған болатын. Бүгін аталған айдар бойынша «QazSport» телеарнасының директоры қызметін атқарып жүрген сырдариялық Нағи Бақытбековпен жүргізілген сұхбатты назарларыңызға ұсынбақпыз.
– Нағи Қалтайұлы, киелі Сыр елінің, оның ішінде Сырдария ауданының тумасы екеніңізді мақтан етеміз. Бүгінгі сұхбатымызды бала күнгі арман-мақсаттарыңыздан бастасақ.
– Рақмет, ең алдымен аудандық басылым­ның шығармашылық топ мүшелеріне алғыс айтамын. Сіздерден сұхбаттасу жөнінде түскен ұсынысты зор құрметпен қабыл алдым.
Менің кіндік қаным тамған туған жерім – Шаған ауылы. Тереңөзек кентінде орналасқан №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінде 9-сыныпқа дейін білім алдым. Біз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мектеп табалдырығын аттадық. Еліміздің шекарасы шегенделіп, төл теңге қолданысқа енгізіліп, жаңа Ата Заң қабылданып жатқан кезең көп адамға қиындық туғызғаны белгілі. Біздің бала күнімізде қазіргідей ақпараттық технология дамымаған еді. Мектеп қабырғасында ата-ана үмітін ақтау мен сапалы білім алуды мақсат тұттым. Өзімді дамыту үшін үнемі ізденісте жүрдім.
Әкем менің өмірде, спортта биіктерді бағындырғанымды көрсе деп армандайтынмын. Бірақ, әкем өмірден ерте кетті. Бұл мен үшін ауыр соққы болды. Бала күнімді ойласам спортқа қатты қызыққаным еске түседі. Әлі есімде 1998 жылы Францияда футболдан әлем чемпионаты өткізілген болатын. Теледидардан атақты футболшылардың ойындарын көріп, спорт менеджменті қызметімен айналыссам деген іштей балалық арман болды.
– Қандай оқу орнында білім ал­дың­ыз? Қызмет жолыңызды қай қыз­мет­тен бастадыңыз?
– Жоғарыда атап өткенімдей, 9-сыныпқа дейін Тереңөзекте оқыдым. Кейін отбасымызбен Қызылорда қаласына қоныс аудардық. Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атын­дағы гуманитарлық колледжіне информатика мамандығы бойынша оқуға түстім. Студент кезімде жастар саясатымен айналасқан болатынмын. Қоғамдық шаралардың басы-қасынан табылып, өзімді белсенді ортада шыңдай түстім. Есен Елеукен басқаратын «Қазақстан КВН Одағының» Қызылорда облысы филиалын басқардым. Әзілге жақын замандастарымның сахнада өнер көрсетуіне жол аштым. Айта кету керек, 2005 жылы елімізде «Қазақстан студенттер Альянсы» ұйымы ашылған болатын. Облыс бойынша аталған ұйымның көшбасшысы болып сайландым. Ал 2007 жылы Астана қаласындағы «Қазақстан студенттер Альянсы» ұйымының республика бойынша көшбасшы болуға ұсыныс түсті. Бас қалаға қоныс аударғаннан кейін Еуразия гуманитарлық институтында құқықтану мамандығын меңгердім. Жоғарғы оқу орындарында да белсенділік танытып, қос мамандығымды жақсы көрсеткішпен бітірдім. Өз кезегінде «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінде атқарушы директор қызметін атқардым. Содан кейін Тұрсынбек Қабатов басқаратын «Әзіл әлемі» театрында продюсерлік қызметті абыроймен атқардым. Театрда жүріп, телевизия­лық жобалар жасап, мерекелік концерттер ұйымдастыруға көңіл бөлдік. Ал 2015 жылы спорт саласына бет бұрдым.
– Бүгінде спорт саласын дамытуға өзіндік үлес қосып келесіз. Кәсіби маман ретінде отандық спорттың дамуы жөніндегі көзқарасыңызды білсек?
– Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бері спорт саласында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Әр облыста, қалада, ауданда, тіпті ауылда жаңадан спорттық нысандар салынды. Спортпен шұғылданатын жастарға жағдай жасау бойынша ілкімді істер қолға алынып, әлем, олипиада ойындарына қатыстыру үшін нақты қолдаулар көрсетілуде. Жетістіктеріміз де жеткілікті. Алдағы уақытта еліміз бойынша спортты дамытуға негізделген жан-жақты қолдауды жалғаса береді деп сенемін. Сонымен бірге бұқаралық спортты жетілдіру мен дамыту – мемлекет үшін аса маңызды. Ел тұрғындары саламатты өмір салтын ұстанғаны абзал. Себебі пандемия кезінде әрбір адамның денсаулығының жақсы болуы­на спортпен шұғылдану керектігін айқын дәлелдеп берді.
– Туған жерге жиі келесіз бе? Сырдария ауданы Сіз үшін несімен қымбат?
– Туған жерге жылына екі рет келуге тырысамын. Көбіне қызмет бабымен келіп-кетеміз. Алдағы уақытта Тереңөзекке барып, туған-туыс, дос-жарандармен кездесіп қайтсам деймін. Қарбалас жұмыстан қажыған уақытта бала күнгі достармен өткерген бақытты шақтың қызықтары ойға оралады. Мені есейткен ауылымның қазіргі жағдайын көзіммен көріп, ауасымен тыныстағым келеді. Сонымен бірге өзім оқыған мектепке бару ойда бар.
– Ауылдың қарадомалақ бала­лары­ның ес білгеннен футболға қызығу­шылығы басым болатындығы мәлім. Сіздіңше елімізде футболдың өркендеуі қаншалықты алға басып келеді.
– 2015-2017 жылдар аралығында «Астана» футбол клубының жарнама-пиар саласында еңбек еттім. Клубтың оң имиджін көтеру мақсатында тың жобаларды қолға алдық. Алыс-жақын шетелдермен байланыс орнатып, кәсіби футболшылар тарттық. Сол жылдары елімізде тұңғыш рет екі тілде футбол туралы ақпарат тарататын «www.kazfootball.kz» порталын іске қосып, жұмысы жанданды. Ал 2018 жылдан 2020 жылдың маусымына дейін «Қазақстан футбол Федерациясында» маркетинг және пиар департаментінде басшылық қызметте жүріп, еліміз бойынша футболдың дамуына үлес қостым деп айта аламын. Негізі ауыл балаларын футболға тарту үшін инфрақұрылым жүйелі жүргізілуі тиіс. Сондықтан сапалы стадион мен жасыл алаңдар көптеп салынғаны жөн. Футболға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету де ерекше маңызға ие. Сондай-ақ жергілікті жерлерде футболшыларды тәрбиелейтін білікті мамандарды даярлау маңызды.
– Өмірде кімді үлгі тұтасыз? Күні бүгінге дейін жол бастаушы ретінде кімнің ақылына жүгінесіз?
– Өмірдегі ең бірінші үлгі тұтатын адамым – әкем. Әкем Қалтай Сардарбеков 1990 жылдары Сырдария ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Мәдениет және ішкі саясат саласында қажырлы еңбегімен көпшілікке танылды. 41 жасында өмірден өтсе де, әкемнен алған үлгі-өнегем көп. Әкем әркез тәлім-тәрбие беріп, жол бастаушым болды. Сонымен бірге сутденттік шақта М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінің директоры болған Әлима Әбдіқалықованың өмірімде алар орны ерекше. Әлима Жақыпқызы өзінің біліктілігі мен көрегенділігінің арқасында бойымдағы қабілетімді шыңдай білді. Осы ретте азамат ретінде қалыптасуыма жол ашқан аяулы ұстазыма ерекше алғыс айтқым келеді.
– Сіз ұстанатын қағида қандай? Жұмыс барысында жетістікке жету үшін өзіңізге қандай талап қоясыз?
– Менің әрқашан ұстанатын қағидам – адам баласын алдамау, арбамау, қулыққа бармау. Қызметте, араласатын ортада үнемі ұқыпты, әр іске мұқият, тиянақты болғанды дұрыс санаймын.
– Жеке өміріңіз туралы аз-кем тоқ­талып өтсеңіз?
– Алланың қалауымен алдағы уақытта кіші Отанның негізін қалау жоспарда бар. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында анаммен бірге тұрамын. Екі үлкен әпкем Қызылорда қаласына тұрмысқа шыққан. Қызылорда қаласына барғанда үнемі әжеме сәлем беріп, ақ батасын алып қайтамын.
– Өзіңіз білім алған қарашаңырақ №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей 100 жылдық мерейтойын атап өтпекші. Ұстаздарыңызға айтар жылы лебізіңіз болса мархаббат.
– Өзім оқыған қасиетті қарашаңырақ №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей 100 жылдық тарихында талай талантты түлектерді үлкен өмірге қанат қақтырды. Осындай тағылымды білім ордасы ғасырлық мерейтойын атап өтіп жатса, қуаныштымыз. Шәкірт тәрбилеуде ұстаздардың еңбегі зор. Сондықтан аудандық басылым арқылы мектеп ұжымын атаулы мерейтоймен құттықтаймын. Мерейтой қарсаңында қолдан келгенше өзімнің тарапымнан қолдау көрсеткім келеді. Пандемия қарқыны басылып, мерейтойды атап өтетін күн белгілі болған кезде мектеп түлегі ретінде жоғарғы дәрежеде үлес қосу – шәкірттік парызым деп білемін.
Бізге ұлағатты ұстаз бола білген ардақты жандарға алғысым шексіз. Зейнет демалысына шыққан ұстаздарыма және Бақытжан Бақбергенова басқаратын ұстаздар қауымына шығармашылық табыс, мерейлі мәртебе, асқақ абырой тілеймін.
– Қоғамдық өмірде белсенділік танытып жетістіктерге жетіп келесіз. Көңілді тапқырлар саласында еңбек еткеніңізді білеміз. Қазақ сатирасы мен әзіл әлеміндегі театрлардың жұмысын қаншалықты бағалайсыз?
– Өз уақытында әзіл әлемі саласында еңбек еткенімді мақтан етемін. «Қазақстан КВН Одағында» жүріп, жастардың шығармашылық әлеуетін көтеріп қана қоймай, сахна шеберлігіне тәрбиеледік. Әзіл әлемінің қай бағытын алсақ та өзіндік жанрларымен ерекше. Сатира саласында мол тәжірибесі бар ел ағалары қазіргі театрлардың аяқ алысына әділ бағасын бере жатар. Өз басым кәсіби ұйымдастырушы ретінде театрдың имиджін көтеруге басымдық беру керек деп есептеймін.
– «QazSport» теларнасының директоры қызметіне кіріскеніңізге көп уақыт болған жоқ. Телеарна жұмысын дамыту мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Биылғы жылдың 8 маусымында «Qaz­Sport» теларнасының директоры қыз­меті­не тағайындалдым. 5 жылға жуық спорт менед­жментінде жинақтаған тәжірибем еліміздің бас­ты спорт арнасын басқаруда көп көмектесуде. Қазіргі таңда «QazSport» арнасында теле өнімдерге өзгерістер енгізіліп жатыр. Алдағы уақытта арнаның жаңашыл бастамалары туралы кеңінен баяндайтын боламыз. Әзірге контент тұрғысынан жан-жақты ұсыныстар талданып, жаңа жобалар қолға алынуда.


Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ

22 тамыз 2020 ж. 997 0