Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Атымды Абай қойған соң...

Атымды Абай қойған соң...

Менің есімім мен тегім ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлымен аттас. Яғни, мен құжат бойынша Абай Құнанбайұлымын. Үкімет басшысының арнайы Қаулысымен елімізде «10 тамыз – Абай күні» ретінде бекітілуіне орай аудандық газетке «Атымды Абай қойған соң...» тақырыбында мақала жазуды жөн көрдім.

Мен Сырдария ауданының Бес­арық ауылының тумасымын. Ауыл­дағы №147 орта мектепте оқыдым. Бү­гінде орта мектепті тәмамдап, Павлодар қаласында білім алудамын. Абай атамыздың халқымыз үшін өте қадірлі екенін жақсы білемін. Есімім мен тегімнің ұлы ақынмен аттас болуы мен үшін үлкен жауапкершілік жүктейді. Үйдегі үлкендер бұл туралы жиі айтып отырады. Менің есімім мен тегімді алғаш естігендер таңданады. Қайталап сұрайтындары да кездеседі. Кейде төлқұжатымды көрсетуімді өті­неді. Әрине мұндайда мақтанамын, марқаямын

«Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, ұлы ақын секілді ұстамды, сабырлы, ақылды болуға тырысамын.

Анам Айтолқын Әбенқызының айтуынша, Елбасының тапсырмасымен 2000 жылы ұлы ақынның 155 жылдық мерейтойы аталып өтіліпті. Анам сол жылы мені өмірге әкеліпті. Екі қыздан кейін туған маған үлкен атамыз «Абай» деп ат қойыпты. Туғанымда 3 келі 400 грамм болыппын. Осылайша, 2000 жылғы 30 маусымнан бас­тап бала Абай Құнанбайұлы ретінде үлкен өмірге қадам бастым.

Мектебімізде рухани-танымдық іс-шаралар көп ұйымдастырылатын. Мен данышпан ақынмен аттас болсам да өлең-сөзден гөрі техникаға жақын бала болып өстім. Бала күнімнен техника тілін меңгеруді армандадым. Бүгінде өзім қалаған мамандық бойынша білім алып жатырмын. Десе де менен тілшілер көп сұхбат алады. Өткен жылы аудандық газет мен туралы «Сырдарияда Абай Құнанбайұлы бар» деген тақырыпта мақала жариялады. Мақала өзіме ұнады. Басылымның электронды сайтында жарияланған мақаланы бір сағаттың ішінде 500-ден астам оқырман оқыпты. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан көптеген жақсы пікірлер жазылды. Мұның бәрі мен үшін зор қуаныш әрі үлкен жауапкершілік.
Ақынның 175 жылдығы елімізде жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Үкіметтің Абай күнін ресми бекітуінде де зор мән бар. Бұл шаралар «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ласында айтылған мақсат-міндет­тердің бірден-бір тетігі. Өйт­кені, Абайды құрметтеу – қазақ­ты, қазақтың өткені мен бүгінін құрметтеу. Осы ретте атымды Абай қойған соң мен де ақынның мерейлі мерейтойын атап өтуге атсалысатын боламын.

Абай ҚҰНАНБАЙҰЛЫ,
Павлодар политехникалық колледжінің студенті,
Бесарық ауылының тумасы

11 тамыз 2020 ж. 404 0