Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдарияда Абай Құнанбайұлы бар

Сырдарияда Абай Құнанбайұлы бар

Өткен аптада Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында республика бойынша Абай есімімен аталатын 17674 қазақстандық бар екенін жариялады. Ал елімізде аты мен тегі Абай Құнанбайұлы болып жазылған үш адам тіркелген екен. Оның бірі аудандағы Бесарық ауылының тумасы.
Ұлы ақынмен аттас бесарықтық Абай Құнанбайұлы №147 орта мектебінің түлегі. Қазақтың ұлы ақынымен есімі де, тегі де бірдей жас өрен ардақты атқа кір келтірмеуге тырысады. Әрдайым өзін жақсы қырынан танытуға күш салады. Әулеттегі үлкен атасы Нұрғали немересі дүниеге келгенде ойланбастан есімін Абай деп қойған екен.
«Абай атамыздың халқымыз үшін өте қадірлі екенін жақсы білемін. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік жүктейді. Үйдегі үлкендер бұл туралы жиі айтып отырады. Менің есімім мен тегімді алғаш естігендер таңданады. Қайталап сұрайтындары да кездеседі. Кейде төлқұжатымды көрсетуімді өтінеді. Әрине мұндайда мақтанамын, «болмасаң да ұқсап бақ» дегендей ұлы ақын секілді ұстамды, сабырлы, ақылды болуға тырысамын», – дейді есімі ерекше жас.
Есімі де, тегі де ерекше жас алдына үлкен мақсат қойып отыр. Мектеп қабырғасында жүргенінде техника тілін меңгеруді армандапты. Бүгінде Павлодар политехникалық колледжінің 1-курс студенті Абай мемлекеттік грантпен білім алуда. Абай Құнанбайұлының анасы Айтолқын Пәтенова баласының есімі мен тегіне қызығушылық танытатындардың көп екенін айтады.
– 2000 жылы Абайдың 155 жылдық мерейтойы аталып өтті. Айтулы датадаға орай ұйымдастырылған шараларды теледидар мен газет-журналдардан көріп, таныстық. Қызығы сол, 2000 жылы бала көтеріп, екі қыздан кейін шекесі торсықтай ер баланы дүниеге әкелдім. Әкесі Құнанбайдың қуанышында шек болған жоқ. Үлкен атамыз нәрестеге Абай деген есім қойды. Сөйтіп 30 маусым күні Абай Құнанбайұлының анасы атандым, – дейді Айтолқын Әбенқызы.
Айта кету керек, нәресте туғанында 3 келі 400 грамм болыпты. Анасы «175 жылдыққа орай ұлымен өңір басшылары кездесіп, пікірлессе, ұлы ақынның баға жетпес мұраларын сыйласа, біз үшін зор қуаныш болар еді» – дейді. Бірінші сессия қорытындысымен демалысты ауылда өткізген жас қазіргі таңда Павлодарда екен. Бұйырса, ағымдағы жылдың мамыр айында ауылға келмек.
Жалпы, ауданда қазақтың атақты тұлғаларымен есімі де, тегі де бір азаматтар көптеп кездеседі. Олардың қатарында Шоқан Уәлиханов, Бибігүл Төлегенова, Мұқағали Мақатаев, Олжас Сүлейменов, Мәдина Ерәлиева секілді жастар бар. Бүгін біз ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай жас Абай Құнанбайұлы туралы жаздық. Келесіде есімі ерекше өзге де азаматтар жөнінде жазатын боламыз.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
25 қаңтар 2020 ж. 1 028 0