Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Ақ босаға

... Қыз бұрымындай еркелей бұлғаңдап, көкжиекке сіңіп бара жатқан жүйрік поезды ерекше бір қимастық сезіммен, үн-түнсіз, көзбен ұзатып сап тұрып, еркімнен тыс қалай терең күрсінгенімді аңғармай қалыппын. Студент кезімізде өзіміз талай-талай ен төстеп, еркін жайлаған оның жайлы вагондарында енді мүлде басқа біреулер бесікте шайқалған нәрестедей ырғатыла тербетіліп кетіп барады-ау!.. Адамдары дүркін-дүркін алмасып жатқан жолаушылар поезы мен дүрия - дүния арасында осыншама ұқсастық бар деп бұрын-соңды кім ойлаған... Біреудің сапары - тым алыс, біреудің барар жері – ауыл-үй арасы, қалтасы қалыңдар - купеде, қалтасы тесіктер – тамбурда…Тынымсыз қозғалыс, сапырылысқан тіршілік… Мың сан дөңгелектер шойын жолды тарс-тұрс тепкілей, тұсымыздан зымырап бара жатқан сәтте, зеріккеннен терезеге керенау көз тастағандар:

- Ө-й-дө-өйт дегенің-ай!.. Ел-жұрт “мерседес” мініп жүйткіп жүрген кезде атамзаманғы арбада аяғы салбырап отырған анау бір сылқымды қараңдар! Есек жетектеген тақиялы шал, құдай біледі, ерке қыздың әкесі. Ал, бастары салбырап, соңдарынан ықтиярсыз еріп келе жатқан ана екеуі - дәу де болса, соның ағасы мен інісі!.- деп, бәлкім, сыртымыздан тон піше, бір күліп алды ма екен?!. Бар ғұмырын күйкі тірлік күйбеңіне бағыштап, туғалы аядай ауылдан қарыс қадам алыс шығып көрмеген, құмырсқа илеуіндей құж-құж қайнап жатқан күллі әлемдегі қауырт тіршіліктен, төрткүл дүниедегі қым-қуыт саяси талас-тартыстардан мүлде бейхабар, үйкүшік, бұйығы біреулер ме деп, әлдекімдердің бізге аянышты көзбен қарамауы мүмкін емес. Бәлкім араларында Сағынтай екеуімізді жақсы танитындар да бар шығар. Бір сәт біз жайлы не дейтіндерін де ойлап үлгердім. Олардың орнына өзімді қойып... “Әй, күйеуі де еркек-ақ екен! Үйленгендеріне ай толмай жатып, онсыз да жел соқса ұшып кеткелі тұрған нәзік жанды шөп тасуға салып қойғанын көрмейсің бе?! Енді байғұстың нан жауып, сиыр сауып ауылда жүрген салпыетек әйелдер сапына қосылмағанда несі қалды!..”

Сексеуілдері серейе өскен құмдауыт төбелер арасындағы шашыраңқы шағын ауылға поезд үркітіп жіберген тыныштық қайта қонақтады. Тыныштық деймін-ау, оның өзі де тек салыстырмалы түрде ғана. Әне, азынай мөңіреп, сауырына қонған шыбын-шіркейді құйрығымен шырт-шырт сабалай, желіні жер сыза, өрістен шұбап қайта бастаған сиырлар...Сабалақ жүніне шоңайна, ошаған жабысқан қой-ешкі ауылға бет қойды. Сырт-сырт еткен аша тұяқтарымен селдір түбіт шаң көтере, тұс-тұстан жамырай маңырап … Азын-аулақ малдарының алдынан шығып, бір-бірімен самбырлай сөйлескен шал-шауқан, кемпір-сампыр, бала-шаға… Майға қызарып піскен күрең қоңыр бауырсақтай томпақ бет төрт-бес қара домалақ дәл жанымыздан өтіп барады. Ен даланы бастарына көтере дабдырласып. Төңіректе өздерінен басқа ешкім жоқтай. Самайдан сорғалаған ащы тер мен оған қонған бозғылт шаңнан бет-ауыздары айғыз-айғыз. Шөп-шөңге жырған, қисық сирақтары қап-қара.

- Ана жолы әжем екеуміз Арал маңындағы нағашым ауылына бардық қой. Өлгендерге бата ғылып, “бет сипаймыз” деп...Сонда бар ғой, үлкендігі мы-ын-андай әйді-і-к сазан ұстап алдым...
- Соқ, өтірікті! Қайдағы балық?! Түнәугүні ғана тилибизірден “Арал құрып барады, құм басып жатыр” деген... Жағада қайырлап қалған кеменің қаңқасын, төңкеріліп жатқан қайықтарды өз көзіммен көргем.
- ОллаҺи-билләҺи!.. Нан атсын, құран атсын!.. Сенбесең әжемнен сұрарсың. Жеңешем сол балықтан бір қазан қарма пісірген, сұмдық дәмді болды!.. Қарыным тура деректір ағайдың қарнындай болғанша жедім. Бірақ, әжем: “Баяғы бал татыған балықтарға не жетсін?! Аралдың басынан бағы таймаған кез еді-ау ол!” -деп мұңайып отырған...

Сірісі басылған, ауызы ашылған, тұмсығының ақжемі шыққан бәтіңкелерімен сарғая пісіп, қурай бастаған шөп-шөңгені күтірлете басып, жіпке тізген бес-алты шабағын маңғаздана көтерген кішкентай “балықшылар” ауыл шетіне ілінді... “Азаннан қара кешке дейін не кәуапта жоқ, не сауапта жоқ, сандалып қайда жүрсің, көктемей көктей солғыр, а? Өй, қара жер тартқыр!” – Көк долы әйелдің ащы дауысы тымық кеште алысқа кетуде. Қарғысқа толы жағымсыз үн жанымды түршіктіріп жіберді. Осы жасқа келгенше, апамның қарғамақ түгілі, қатты дауыс көтергенін естімегесін бе, бейтаныс баланы біртүрлі аяп кеттім... Ауадан түтін иісі аңқиды. Жаңа піскен бауырсақтың жағымды иісі танау қытықтайды. Қарным ашқанын енді ғана сездім.

*** ***

“Отыз күн ойын, қырық күн тойымыз” болмағанымен, жекжат-жұрағаттар аяғы әлі саябырси қоймаған кез. Көбінесе, мінәйі себептермен қызық ішінде көріне алмағандар екен кеп жатқандар. Төр жағалай құс жастыққа арқа сүйеп, қызылды-жасылды құрақ көрпелер үстінде малдас құра, сақал-мұрттарын баппен сипап қойып, әңгіме-дүкен құрып отырған “тәубешіл” тақиялы қариялар. Солардың кеселерін шатыстырмай, шәйді баппен, сұйылтпай, лақылдатпай, шүпілдетпей құямын деп, бар ынта-ықыласыммен тырысатыным сонша, тамақ жеу түгілі, жөндеп шай ішуге мұршам жоқ.

Нағыз таза қазақтар осы өңірде ме деп қалдым…Солтүстікте – “дядя Ваняларға”, оңтүстікте – “Тәшмат әкаларға” еліктеп, қазақылық бояуы солғын тартқан басқалармен салыстырғанда. Менің бала күнімде ауылымызда дәл осы ақсақалды, тақиялы, шапанды қариялардай шал да болған жоқ еді. “Сталинград шайқасы” деген атпен тарихта қалған, туған ауылымыздың тап түбіндегі қанды қырғыннан қайтпады ма, кім білсін. Ес білгелі көргенім: сақал-мұртын жып-жылмағай ғып жылтырата қырып тастаған, тура Сталиндікіндей әскери фуражкасы соғыстан келгелі басынан түспеген, той-томалақтарда ащы суды қырлы стаканмен шіміркенбестен тартып жіберіп, “Ыз-за Ыр-родину, ыз-за Ысталина п-пере-етт!..”-деп әскери әнге басатын бірен-саран егде ер кісілер еді. Он төрт-он бес жасынан фашист танкаларын өткізбейтін терең ор қазып, әскери өмірдің дәмін татқан ауыл кемпірлерінің де қазақы салт-дәстүрді ұстап, қарық қылғандарын байқамаппын...

Ойша соларды, анау ақсақал, қарасақалдардан сәл бөлектене, қаз-қатар, қаздай тізілген салиқалы сарықарын бәйбішелермен салыстырамын. Сән-салтанаттары ерекше. Дұшпанкөз тәуірінің бәрін үстіне жапсырған. Бұл әжелерді кез-келген көркем фильмге ұялмай түсіруге болар еді. Тура осы қалпында. Бәрінің де үстінде етек-жеңі зерленген түрлі-түсті масаты қамзол. Тәуір матадан мол ғып тігілген, етегі көлдей көйлектері өздеріне сондай жарасымды. Әжім шимайлаған жазық маңдайларын бастыра ораған ақ жаулықтары да ақ қырау шалған самайларын жасырып, ажарына ажар қосады. Құлақтағы ай сырғаларына дейін салмақты. Кесе ұсынған қолдарындағы қомақты құстұмсық күміс жүзіктер мен шытырман өрнектерінің ізі көше бастаған білезіктер көне жәдігерлер екенін жазбай танисыз.

Дастархан басында егіннің шығымын сөз қылып, алдағы қыстың ауа-райын болжап, өткен-кеткен ағы-бергі аруақты ата-бабаларын «тірілтіп» болып, үкімет басындағы ауыс-түйіске ауысатын шалдардан гөрі, кербез кемпірлер кінәмшіл: “Келін, айналайын, шәйіңді сұйықтау құйшы”, “Сүтіңді аздау құйшы. Шәйің қою ма, қалай”…”Самаурыныңның шоғы басылып, шәйің суыңқыраған сияқты ма…” Сүйейсалды сын-ескертпелерсіз ішкен-жегендері бойына сіңбейтін байсалды бәйбішелердің әңгімесіне ауылдан ұзатылған қыздардың қайсысы төркініне “сәлем бере” келгені, кімнің құдасына “ірге көрсеткені”, кімнің баласы қыз алып қашқаны арқау болады. Ара-тұра еркек-әйелі аралас бәріне ортақ тақырып табылып, жан-жақтан жапатармағай, “қара жер хабар бермесін”, “тие берсін” деп қойып, күні кеше ғана о дүниелік болған ауылдас біреуді тіл ұшына салады...

Жайбарақат маған қатысы жоқ әңгіме айтқансып отырғанымен, әрбір қимыл-қозғалысымды елеусіз ғана көз астымен бақылап, үнсіз сынай қарайтын бөгде жандар алдында шай құюдан өткен азап жоқ мен үшін. Бәрі де іштерінен “Ат аяғы жетпейтін айшылық жерден келген келін қандай жан екен” дейтіндей. Әлде маған солай көріне ме, білмедім…Үлкен кісілер жанына бала ертпесе жүре алмай ма, қастарында бір-бір қара домалақ. Тершіген тәмпіш танауларын қорс-қорс тартып қойып, олар да шәйшіл-ақ. Дастархан үстіндегі тәтті-пәттінің қашан түбі көрінгенше, жылтыңдап бір кіріп, бір шығып жүріп, шәйға қанбайды-ау, қанбайды...

Даңғыраған зәулім үй. Бір жақ басында Сағынтайдың аға-жеңгесі тұрады, бір жақ басында – біздер. Бір есіктен кіріп-шығамыз. Қақ ортадағы абажадай қонақ бөлме, анау-мынау емес, ауылдық мектептің спорт залындай. Қолымнан ертелі-кеш сыпырғыш пен сулы шүберек түспейді. Ара-тұра абысыным: “Құдай-ай, тасташы, сипалай бермей. Бәрібір еңбегің еш болады, қайтесің тазалап! Ел-жұрт кеткен соң, бір-ақ жиып аларсың,” - дейді зілсіз ғана кейіп. Шынында да әлсін-әлі жылан жалағандай ғып тазалағаным не керек, үлкен кісілер есі кірмеген баладан бетер: даладан малдың көңін басып келген, көшенің борпылдақ шаңына батқан, резеңкі жаман “кәлөштерін” тап бір сәнді де қымбат туфлиден бетер әспеттеп, төргі бөлмеге дейін тырп-тырп сүйреп барып, тап қастарына шешіп қоятынын қайтерсің. Бала-шаға таптап тастар дей ме, әлде бірінікі біріне ауысып кетер деп қауіптене ме…

Ымырт үйіріле, үйдегі үлкен-кішіге тегіс төсек саламын. Менен өзге жұрттың бәрі күн бата, шым батады. Кісі аяғы басылған соң, тау-тау боп үйілген майлы ыдыс-аяқтың ортасында жалғыз қаламын. Көңілімнен жалғыз сұрақ көлденеңдеп кетпейді: ақ босаға аттаған күні барша жұрттың жас келін атаулыға тілейтін бақыты осы болғаны ма?.. Күн сайын қайталанып келе беретін осынау бір сарынды жұмыстардан ауыл әйелдері қалай мезі болмайды екен!?..

Осының бәрін бір өзі атқарған абысынымды бір сәт іштей аяймын. Мен келгелі, келіндік міндеті сәл-пәл жеңілдеп, оның мойнынан аз-кем жүк түскендей. Обалы не керек, етегіне оратылған жылауық кішкене сары қызымен алыса жүріп, есік алдындағы түбінен ернеуіне дейін қара күйе, атамзаманғы шойын қазанға су ысытып қояды. Астына қыста малдан қалған ескі сабанның бір құшағын лаулата жағып. Шым-шым суға бар ыдысты бір-ақ тоғытып аламын. Бәрін айнадай ғып сүртіп, орын-орнына жайғастырамын. Майлық-сулықтарды жуып, ауладағы керулі жіпке жаямын. Түннің бір уағында ғана басым жастыққа тиеді.

Әке шаңырағында еркін жүрген күндерім есіме түсіп, cағыныштан жүрегім сыздайды. Аттанар сәтте көз жасын сығып тұрып: “Ешкім бетіңе жел боп тимей, ерке өскеніңмен, ессіз емес едің. Ата атандырып, сүйек сындырма, қарағым,” - деген апамның сөзі ойыма оралады. Құс жастыққа бетімді басып, үн-түнсіз көз жасына ерік беремін. Келуімді күтіп, кітап оқып жатып, кейде қалғып кететін Сағынтай, жылап жатқанымды денемнің дірілінен сезе ме, үн-түнсіз иығымның құшақтап, ақырын ғана шашымнан сипайтыны бар. Жылау себебімді де сұрамайды. Табиғатынан көп сөйлемейтін ауыр мінезіне салып. Сірә, туғалы көріп-білмеген бөтен ортаға үйренісе алмай жүргенімді өзі де аңғарады-ау…

Жазғы түн осыншама келте болар ма?!. Көз шырымын алып үлгермей, ауылдың тұс-тұсынан бір-біріне үн қосып, тамағы жыртыла, бар дауысымен айғай салған әтештер сүт бетіндегі кілегейдей тұнып тұрған түнгі тыныштық пен таңғы тәтті ұйқының әп-сәтте айран-ботқасын шығарады. Ауызғы бөлмеден шыққан аяқ дыбысын құлағым шалысымен, ұйқым шайдай ашылады. Өткенде енем сөз арасында: “Алла тағалла күн сайын өлілер мен тірілердің есебін алып, соған сәйкес, таң құлан иектене тұрған жан-жануарлардың бәрінің ырыс-несібесін бөледі екен. Тал түске дейін ұйықтап жатқандар не өлінің, не тірінің есебіне кірмейтін көрінеді,”- деген. “Апа-ау, осы шаңырақта өзіңізден ерте оянатын ешкім жоқ. “Ұйқтап жатқан балам мен келінім бар еді,”- деп, бізге тиесіліні де бірден ала салмайсыз ба?”-деп күлген Сағынтай әзіл-шыны аралас.

Үлкен кісінің астарлап жеткізген құлаққағысын ұқпайтын саңылаусыз емеспін ғой, сол сәтте-ақ сергек ұйқтап, ерте тұру керектігін көңіліме түйгем... Перде саңылауынан себезгілей түскен алагеуім таңғы сәуле, алдымен бір қабырғаны ала тұтас ілінген, қызыл күрең, қолдан тоқылған кілеммен “сәлемдеседі”. Сосын оның үстіңгі жағындағы қаз-қатар тізілген жансыз бейнелерді “аялайды”. Таяуда ғана ерінбей-жалықпай орындыққа шығып, шаң қонған сол суреттерді қолыма алып, бір-бірлей сүртіп тұрғам. Суреттерді көріп, енемнің көңілі бұзылсын: “Бағы ашылмаған анау бейбақ маңдайымызға симады ғой. Он алтысында үлкен ұлымызға айттырып әпергенбіз. Уһ, қайтейін…Үйелмелі-сүйелмелі үш қызбен жастай жесір қалды. Бағын байламайық деп, сосын төркініне қайтардық…Кіші баламызды ойнап жүргенінде, аяқ астынан, мәшине басты. Қос ұлдың қайғысына шыдамай, көп ұзамай соңдарынан шалым кетті... Қаңыраған үйде қаршадай қызбен аңырап қалғанымда, “Құдайдан қорқамын, алмаймын” дегеніме қарамай, жалғыз ағам: “Қыз бала жат жұрттық. Оқыр, тұрмыс құрар, сонда ұл арқасүйеу болар”,-деп жігіт болған осы Сағынтайын маған берген”,-деп мен бұрын естімеген бір терең сырдың ұштығын шығарсын…

Содан бері қабырғадағы самсаған суреттерге қараған сайын бойымды беймәлім бір сезім билеп, осы бөлмеде оңаша қалуға дәтім шыдамайды. Бейтаныс бейнелер: “Себепсіз, қайдағы жоқ ырым шығарып жылағаның не?” деп, мені үнсіз кінәлайтындай… Ағаш жақтаулы әйнектерден мұңая қарайды. Өмірден ерте кететіндерін білгендей. Бала кезімде, апам көзі ұйқыға кеткенше ойдағы-қырдағы туыс-туған, жан-жағындағы жақын-жуық, көрші-көлемнің тілеуін тілеп Құдайға жалбарынатын. “Күн сайын қайталап неге айта береді?” деп күлетін ем. Соңғы кездері мен де түн баласы басым жастыққа тиісімен: ”Е, Алла, етегінен ұстап, жер түбінен еріп келген азаматымды аман қыла гөр…Келін боп түскен ақ босағамды, тілеуімді тілеп, артта қалған төркінімді көлденең бәле-жәледен сақтай гөр…” деп күбірлейтін әдет таптым.

*** ***

Қыркүйектің соңғы күндері болса да, күн қызуы әлі қайтпаған. Біздің жақта сексеуіл өспейді. Бұрыннан әдеттенбеген маған оны жару да бір үлкен жұмыс. Шыжыған күн астында самаурынға салатын оттықпен әуреленіп жатқам. Шарбақ сыртына жер тапал көк есегін байлап, үйге қарай көкеміз келе жатқанын аңғармаппын. Сырғып, желкеме түсіп кете беретін үлбіреген жұп-жұқа ақ жібек орамалымды жөндеп, иіліп сәлем еткен болдым. Осы әулетке қарасты келіндер үлкендерге солай амандасатынын байқап жүргем.

Таңғалғанын жасыра алмай, аз-кем аңтарыла тұрып қалды. Орысы басым жақтан келген осы келін салт-дәстүрді біліп не қарық қылар дейсің деп жүрген болса керек. Әр талы сояудай қалың қастың астындағы қысық көздерінен мейірім төгіле: “Бақытты бол, ақұдай!”-деді сүйсінгенін жасыра алмай. Көңілім көтеріліп, лезде қанаттанып сала бердім. Сосын… “Әлгі Сағынтай қайда? Саған неге отын жарып бермейді?” -деді үйге кіріп бара жатып. Көлеңкеде газет оқып отырған ұлына жақтырмай бір қарады. Әу бастан ылдым-жылдым жылпостығы жоқ Сағынтай үйленгелі бері жаныма жақын келіп, бір шаруаға қол ұшын тигізген емес-ті. Жұрттан ұяла ма. Бір-екі рет оңашада соның қалай дегенді әзілмен құлаққағыс қылып ем, “Қайныларыңды жұмсай берсейші”,-деп қызарақтаған. Оқу соңында жүріңкіреп барып, өз қатарынан сәл кештеу үйленгесін, “әйелжанды” деп жеңгелері мен құрдастары мазақ қылар деп қысылатын сияқты…

Будыраған газет-журналдарды тастай салып, үстіндегі көйлегін шешті де, орнынан атып тұрып, қас пен көздің арасында жуан сексеуілдің тас-талқанын шығарды. Оның бұлшық еттері бұлт-бұлт еткен ширақ қимылына риза болғаным сонша, жон арқасынан шып-шып шығып, мөлдірей сырғанаған тамшыларға қарап қаппын. “Қанша адам қаңтарылып шәй күтіп отырғанда, күйеуіңді жаңа көргендей ауызыңды ашып тұра бересің бе?”-деді көзінен жас аққанша күліп. Екі бетім ду ете түсті…

Ызыңдай әндеткен сары самаурынды қос құлағынан әзер көтеріп табалдырықтан аттай бере, үлкен кісілердің оңаша әңгімесінің шет жағын құлағым шалды: “Балаларды өкіметтің жіберген жағынан бөгеме, қатарынан қалмасын… Қайратың барда өзің қатынап тұрарсың, қайратың қайтқанда қараусыз қалдырмасына сенемін. Тасқа қарап отырған жоқпыз ғой, үлкен бала мен келін онсыз да өз қасыңда. Ешкім қолыңнан қақпайды, соларды шаруаңа жұмсай бер”,-деді бәрін алдын-ала ойлап, кесіп-пішкен үнмен. Шәй үн-түнсіз және іш пыстырарлықтай ұзақ ішілді. Сексеуіл шоғына қайнап, екі иығынан дем алған сары самаурынның бастапқы қарқыны баяғыда-ақ басылған… Дастархан үстіндегі шырыны сорғалаған қара өрік пен сары өрікті айнала ұшып жүрген ара ызыңынан басқа бөгде дыбыс естілмейді. Тамақтан бұрын желпіп-желпіп айдап шыққаныма пысқырмай, келген-кеткенге ілесіп, үйге қайта кіріп алған екен. Ешкім ештеңе демесе де әркім өз ойымен өзі.

Той үстінде қып-қызыл боп бөртіп алған туыс жездемнің бірі: “Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған жаққа кетіп барасың, қарағым… Табақтай дипломың табан асты қалмай ба?..”-деп қоймастан егілгені кей-кейде есіме түсетін…Бала күнімнен армандаған мамандығымды күнкөрістік бірдеңеге айырбастау деген де өңім түгілі түсіме кірмеген жағдай еді. Әр қадамымды есепке құру қолымнан келмеген өзіме өкпелемесем, кімді кінәлайын. Алдын-ала бәрін салқын ақылға салмаған. Тұрмыс құрмай тұрып. «Маңдайға жазылғанды көрерміз» деп жүргем. Оның үстіне, жалғызілікті апайының қас-қабағына қарап жүрген Сағынтайдың халін түсінбейтін бала емеспін ғой. Өткенде екеумізге жұмыс қарастырып, аудан орталығындағы біраз мекемелердің есігін қақты. Алайда, кім жылы орнынан жылжи қойсын. Салы суға кетіп келген. Кітаппен тәрбиеленген біздей емес, тағдырдың талай-талай теперішін көріп, көп нәрсеге басқаша қарайтын, кең-мол тұлғасына сай, іс-қимылы да кесек, ер мінезді апасы ғана:

– Е-е-й, балалықтарың қалмайды-ау! “Жаман бара береді, жақсы пара береді” дегенді білмейсіңдер ме?!. Мына келімді-кетімді кісілерден қолым босасын, араға адам салып, мілитса жағынан өзім орын іздеп көрермін, - деген. Жұмысқа тұру үшін пара беру керектігін естігенде екеуміздің де төбе шашымыз тік тұрған. Оқуға өз күшімізбен түстік. Осы жасқа келгенше біреудің жетелеуімен жүріп көрмегесін бе...
Көп сөзі жоқ, айтарын он ойланып, жүз толғанып барып, бір-ақ кесетін көкеме кім қарсы келсін: сонымен, Сағынтай екеуміз енді санаулы күндерден соң, сағым ойнаған Сарыарқаға сапар шегетін болдық!.. Көптен көңілімде жүрген күдігім сейіліп, жұдырықтай жүрегім қуаныштан алып-ұша, кеудеме сияр емес… Көкем ұзын мойын, томпақ бүйірлі күміс құмандағы күрең шәйді бояуы солғын тартқанша сораптады. Сосын түгі қырқыла бастаған көнетоз қара тақиясын шешіп, көлдей ақ сүлгімен тершіген кең маңдайын, самайын баптана сүртті де тамағын кенеді. Қасында отырған, дене пошымы да, кескін-келбеті де өзіне ұқсайтын, ізін өкшелей, қатар қартайып келе жатқан қарындасына бағыштай бір әңгіменің ұштығын шығарды:

– Өткенде ғана тойға келіп-кеткен жиеншар қайтыс бопты. Әй, сонда-ақ, тым жүдеулігін ішім жақтырмап еді... Дәрігерден үміті үзілген бе, бір тәуіпке көрініп жүрмін деген.
– Бәсе, кеше бір қолайсыздау түс көріп ем. Азу тіс - ағайынға дейтін, соған көрінген екен ғой. Иманды болсын. Шиеттей бала-шағасы шулап қалды-ау бейшараның…
– Ұйықтап жатып оянбай қалу, миға демде қан құйылу, айдың-күннің аманында өңешінен ас өтпей аштан қату деген сұмдықтарды, көру түгілі, бұрын-соңды естіп пе едік?!.
– Соның бәрі іргемізді солқылдатып, таза ауаны өртеп, Байқоңырдан ұшып жатқан бәлелердің кесірі емей не деп ең!?.- деді де көкем күйзеле күңіреніп, бірталайға дейін түйіле отырып қалды.(Ішімнен, айдын шалқар Аралды күннен-күнге суалтып жатқан космодромға титімдей адамды құрту не тұрады деп ойладым.)
– «Өлгеннің артынан өлмек жоқ». Тірі адам тіршілігін істейді ғой, жаздайғы шабылған шөпті күн ашық-жарықта түсіріп алуым керек. Балаларды бүгін біздің үйге жіберерсің. Сағынтайды шөпке салайын, Шынар асымызды пісірер. Жеңгең екеуің ертең марқұмның жаназасына қатысып қайтыңдар. Мен кейінірек, «қырқына» барармын,-деді де көкем дастарханға бата қылып, орнынан тұрып кетті.

*** ***
Келін боп түскелі айға жуық уақыт ешқайда бой жазып шығып көрмегем. Дереу үстімдегі көлбеңдеген ұзын халатымды тастап, көшеге киетін тәуір киімдерімді киіп жатқам, Сағынтай: “Тойға баратындай шала бүлініп, есің шығып кетті ғой өзі” деп әзілдегені. Сәл ыңғайсызданып қалдым. Маған байқатпағансиды, бірақ оның өзі де қуанышты. Екеуміз борпылдақ шаңдағы басына шыққан бұралаң-бұралаң көшелерді қуалап, биік аулалы үйлердің байлаулы иттерін абалата, жүріп келеміз. Көкеміздің үйі ауылдың қиян бір шетінде екен. Жол бойы шешіле бір сөйлеп берсін. Көбінесе өз ойымен өзі, онша ашыла бермей, томаға-тұйық жүретін.

Оның әкесі жайлы айтқанынан көңілге түйгенім: ол кісі сонау жылы соғыстан жарадар болып, елге оралыпты. Содан бері кіндік қаны тамған “Майлыкөлден” қарға адым жер ұзап көрмесе керек. Зейнеткерлікке шыққасын аудан орталығына қоныс аударыпты. Онда да Құдай қосқан аурушаң қосағы: “Шал-ау, темір жол бойына таянғанымыз дұрыс шығар. Жан-жақта оқып жүрген балдар келген-кеткенде жол бейнетін көрмесін. Өзіміз де жүдә жылдан-жылға жасарып келе жатқан жоқпыз ғой. Доғдыры көп, бәлнесі үлкен жерде болсақ қайтеді?”- деп қыңқылдай бергесін, лажсыз көніпті. Орталықтан қора-қопсысы кең, еңселі үй-жай сатып алысымен, табан астынан, стансаның шет жағындағы бір мекеме қоймасына күзетші болу “бақыты” да бұйырған көрінеді. Қарауылдың шағын үйшігі кемпірі, кенже ұлы – үшеуіне жетіп жатыр. Жалғыз қыз болса да үлкен қалада. Бір жағынан, ермек қылып отырған азын-аулақ малын бағуға да қолайлы. Үлкен кісілердің өзі айтпақшы, “сәті түсейін десе, сол ғой. Құдай берекесін берсін, бала-шағаның несібесі шығар. Азын-аулақ зейнетақыларына әжептәуір қосымша” болып тұрған сыңайлы. Ертегідегі кемпір мен шал құсап, “бай болып, барша мұраттарына” жетпегенімен, Алла-тағалланың осы бергеніне шүкіршілік қылып отырған жайлары бар сияқты…

Олар да біздің келуімізді шыдамсыздана күтіп, байыз тауып үйде отыра алмай, көңілдері алабұртып, бір кіріп-бір шығып, есік алдында жүр екен. Ет жақын туысына баласын беріп, сосын, балам деп еркелете де, емірене де алмай, тек сырттай тілеулес боп жүру деген де қиынның қиыны екен-ау! Есі кірмеген нәресте емес, естияр жігіт кезінде. Жеңіл ақ орамалымды бүктеп-бүктеп қол сөмкеме салып алғам. Үйге таянғасын басыма тартармын деп. Бәрі алдымыздан мәз боп шыға келгені. Жас келіннің үлкендер алдында жалаңбас көрінуі ұят екені есімнен шығып кетіпті. Оған мән беріп жатқан олар жоқ. Мәре-сәре…Бізге арнап бір жандық сойған екен. Баяу оттың табында былқып піскен жас ет. Хош иісі кіріп келгеннен тәбет шақырады. Сағынтай шүйкедей ғана апасын қапсыра құшақтап: « Апа-ау, менің кішкентай кезімде күрішті қол диірменге тартып, ұнынан қамыр илейтінің бар еді ғой, етке соны салшы… Шынар туғалы ондайды көрмепті»,- дейді балаша еркелеп.

Ортасы пешпен бөлінген, аппақ, шап-шағын үйдің ішінде басы артық дүние-мүлік көзге түспейді. Ескі қара теледидар үстіндегі оқыла-оқыла мұқабасының ақжемі шыққан он шақты кітап пен жаңа келген газет-журналдар көзіме оттай басылды. Оқудың қызығына түсіп кетіппін. Сыртқы әлемнен қол үзгендей күй кешіп жүргеннің әсері ме. Тамақтанып болғасын көкеміз есек арбасын қамдады. “Шөпке мен де барайыншы”,- дедім Сағынтайға. Дауысым сондай жалынышты шықты ма, қайдам, көкем: “Ақұдай-ау, киіміңді бүлдіресің ғой”,- деді де, аз-кем ойланып: “Жарайды таза ауа жұтып қайтарсың… Осы үйдегі ұлдың ескі көйлек, шалбарын киіп, бізбен жүре ғой”,-дегені. Қуанғаннан көкемді құшақтай алыппын. Бәрі ду күлсін…

*** ***
… Енді, міне, байғұс есектің жүгі аздай, шөмеле тиеген арбаның артында аяғым салбырап отырғаным. Көкжиекке сіңіп, көрінбей кеткен поездың соңына қарап, жанарымды мұң торлағанын сезіп қойғандай, көкем:
– Сенің мына кескініңді көрсе, құдам не дейді, ақұдай-ау?!. Құда түсе барғанымда, “Өз баламнан кем көрмеймін”,-деп уәде беріп ем. “Баламды ауыр да лас жұмысқа салып қойыпты”,-деп ренжитін шығар?-дейді күлімдеп.
– Сіздің жақсы адам екеніңізді әкем біледі... Ол адам таниды,- деп айта жаздап, келін екенім есіме түсіп, дер кезінде тілімді тістей қойдым. Бірақ ішкі қуанышымды ыңылдай салған ән әуенінен сезді-ау деймін, төбемізден тізіле ұшып, қиқулай қоштасқан жыл құстарына қараған қалпы:
– Иә, Құдай-а, тәуба!.. - деді күбірлеп.

Заря ЖҰМАНОВА,
жазушы

02 тамыз 2020 ж. 591 0