Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі ұлық мерекемен құттықтады

Аудан әкімі ұлық мерекемен құттықтады

Ардақты ағайын!
Құрметті сырдариялықтар!

Сіздерді барша мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын.

Құрбан айт мерекесі – мейірімділік пен әділдікті, жауапкершілік пен шыдамдылықты, қайырымдылық пен бауырмалдықты насихаттайтын күн.
Барша мұсылманның ұлық мейрамында құрбандық шалудың негізгі амалы – мұқтаж жандарға қол ұшын созу, адамзатты бейбіт өмірге шақыру болып табылады. Бұл мереке әр адамды тек жақсы, ізгі қасиеттерге тәрбиелеп, әділет, парасат жолымен ғана жүруге үндейді.

Еліміз егемендігін алғалы бері ата дініміз нағыз өркендеудің жолына түсті. Діннің басты мұраты – қоғамның биік рухани мәдениетін қалыптастыру. Адамзат баласының етене араласуына, еліміздегі ұлттар мен діндердің өзара ынтымақтастығына жол ашатын Құрбан айт мейрамы береке мен бірлікті, қайырым мен қанағатты арттырады. Осы күні мұсылман жамағатының көпшілігі құрбандық шалса, араздасқан ағайын татуласып, өзара кешірім жасап, туысқандық байланыс күшейе түседі.

Биылғы жылы елімізде орын алған карантинге байланысты Құрбан айт мерекесіне өзгерістер енді. Мешіттерде Құрбан айт намазы оқылмайды, құрбандық шалу онлайн жүзеге асырылады. Қазіргі таңда осы талаптарға мойынсұнып, сақтық танытқанымыз жөн.

Құрметті жерлестер!
Қасиетті Құрбан айт мерекесі әрбір шаңыраққа береке мен қуаныш әкелсін. Барша мұсылман жамағатына денсаулық, бақыт, имандылық тілеймін.


Құрметпен, Руслан РҮСТЕМОВ,
Сырдария ауданының әкімі

31 шілде 2020 ж. 617 0