Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Суға кеткенде көрсетілетін алғашқы көмек

Суға кеткенде көрсетілетін алғашқы көмек

Жаз айларында күнге және ыстық құмға «пісу», салқын суға шомылу жанға жағымды. Адамдардың судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамауы, жас балалардың суға шомыла білмеуі, мас күйінде суға шомылуы орны толмас қайғы мен өкінішке айналып жатады.

Суға бату – демалу жолдарына сұйықтықтың толып қалуының нәтижесінде демалу бұзылып, тұншығудың болуы. Зардап шеккен адамның терісі бозарады, беті мен ерні қарайып кетеді, дем алмайды, тамыр соғуы өте әлсіз болып (немесе мүлдем болмайды), аузы мен мұрын қуыстарында көпіршіктер ағады. Зардап шеккенді қараусыз қалдыруға болмайды. Кез-келген сәтте жүрегі тоқтап қалуы немесе бас миының және өкпесінің ісінуі өршіп кетуі мүмкін. Суға батушының қорқынышы – құтқарушы үшін үлкен қауіп төндіреді. Зардап шеккен адамға көмек көрсетерде өз қауіпсіздігіңізді естен шығармаңыз. Сабыр сақтап, егер суға кетуші су бетінде болса, онда оны артқы жағынан ұстау қажет. Ал суға кетсе судың астынан іздеп, шашынан не қолынан тартып, су бетіне шығару керек. Өзіңіз немесе айналаңыздағылардан
«Жедел жәрдем» шақыртыңыз. Алғашқы медициналық көмекті 4-5 минут ішінде көрсетіп үлгеру керек. Қатерге ұшыраған адамға көмек көрсету мүмкіндігінше тездетіп оттегі жетімсіздігін қалпына келтіруден тұрады.

- Зардап шегушінің киімін беліне дейін шешіңіз. Ауыз қуысын судан, шырышты балдырдан тазалау керек.

- Кеудесін көмек көрсетушінің тізесінен бүгілген аяғының үстіне бас жамбасынан төмендетіп салып, кеуде сүйегінің астыңғы бөлімдерін ырғақпен қысып баса беру. Тыныс жолдары мен асқазаннан сұйықтық шығып біткенше арқадағы екі жауырынның ортасынан мықтап басыңыз.

- Егер зардап шеккен адамның есі, дем алысы, күре тамырда жүрек соғысы анықталмаса, онда жүрек өкпе реанимациясын (жүректі жанама сылау, жасанды дем беру) жасауға кірісу қажет.

- Зардап шегушінің сол жағынан келіп, бетін жоғары қаратып, тегіс жерге жатқызып, кеуде қуысына қолды бүкпей, тік ұстап бір алақанды қойып екіншісін айқастыра салу керек, екі қолдың саусақтары көтеріңкі болу қажет, дене салмағын пайдалана, төс сүйекті омыртқа жотасына қарай 4-5 см тереңдіктен асырмай, жиілігі секундына 30 рет қысады.

- Бір қолды оның мойнының астына жіберіп, екінші қолымен маңдайынан басып, басын мүмкіндігінше шалқайтып, бас бармақпен және сұқ саусақпен мұрнын қатты қысып, демді ішке терең алып, ауызына 2 рет (ауыздан ауызды алмай) дем беру керек.

Жақын жердегі медициналық мекемеге апару қажет. Суда қайғылы жағдайға ұшырамас үшін, суда өзін-өзі ұстаудың қарапайым ережелерін сақтау керек:
– Тыйым салынған жерлерде шомылуға болмайды.
– Суға тек рұқсат етілген орындар мен жағажайларда шомылыңыздар.
– Шектейтін белгілерден асып сүңгуге, суға көпірлерден, жағалаулардағы бөгетшелерден секіруге болмайды.
– Шомылып жүрген балаларды қараусыз қалдыруға болмайды.
– Тамақ ішкеннен кейін бірден шомылмаңыз.
– Мас күйінде шомылуға болмайды.
– Суда ұзақ шомылма (ұзақ шомылу шаршап – шалдығуға әкеп соғады).

Ескерту: Сырдария ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінде 21-4-94 номерлі сенім телефоны жұмыс жасайды.

Сырдария ауданының
төтенше жағдайлар бөлімі

25 шілде 2020 ж. 5 431 0