Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жайсаң жақсылардың шапағатынан өркендегенмін

Жайсаң жақсылардың шапағатынан өркендегенмін

1965 жылдың көктем айының бірінде мен Асқар Тоқмағамбетов ағаны алғаш рет көргенмін. Ол кезде мен Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесінің екінші курсында оқимын. Осы облыстың Тереңөзек ауданындағы орыс мектебінің сегізінші класын бітіріп түскенмін. Бұл училищенің ерекшеліктері көп, мұнда Қазақстанның, тіпті, Ресейдің Орынборы, Челябінскісі, Саратовынан да қазақ қыздары келіп оқиды. себебі, бұл оқу орыны толығымен мемлекеттің қарамағында, тамағы да, жатақханасы да тегін және де қыздардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Училище директоры Рысбекова Ұлмекен Ыбырайқызы еді, біз үшін ол кісі ең сымбатты, ең аяулы жан болып көрінетін, оның бойындағы асыл қасиеттеріне, парасаты мен ұлағаттылығына, зиялылығына, аналық қамқорлығына тәнті болып өстік. Мұндағы әрбір ұстаздың шәкірттеріне деген ықыласы мен риясыз көңілдері, беретін сапалы білімдері ерекше еді. Жасөспірім қыздардың қабілеттерін аша түсуге барлық мүмкіндіктер жасалған осы училищеде ән-күй, би, көркемсөз, спорт үйірмелері болатын. Осы училищенің музыка пәнінің мұғалімі Михаил Цой жетекшілік ететін «Сыр сұлуы» атты көркемөнерпаздар ән-би ансамблінің өзі Кеңес Одағының түкпір-түкпіріне, шетелдерге де барып, талай жүлделерге ие болған. Спорттың да әр саласынан чемпион атағын жеңіп алған қыздарымыз баршылық еді. Қыздарды осындай ізгілікке баулып, қабілеттерін ашып, бойларына өмірге деген құштарлық сезімін ұялата білген бұл білім мен өнер ұясына деген менің ыстық ықыласым мен ризашылығым көл-көсір.

Мен бесінші кластан бастап орыс тілінде өлең жазып жүретінмін. Училищеге түскен соң әдеби үйірмеге қатыса бастадым. Біз түскен жылдан бір жыл бұрын мұнда орыс тілінде оқытатын бөлім ашылған екен, онда тек балабақша тәрбиешілерін дайындайды. Әдеби үйірмеге жетекшілік еткен қазақ әдебиеті пәнінің маманы, өте талантты ақын Сәнімкүл Желдербаева апай. Ол кісінің жүзі суық болып көрінгенмен жаны нәзік, өзі өте мейірімді, әрбір қыздың жан-дүниесіне үңілуге тырысып, бәрімізге рухани тірек болып, әдебиеттің эстетикалық мәні мен нәрін біздің алабұртқан көңілімізге ол құя білді. Сәнімкүл ақынның «Қазақтың келіндері-ай» атты өлеңіне жазылған әнді бүгінде шырқамайтын қазақ жоқ шығар, бұл қазақ келіндеріне арналған ғажайып Ода болды.

Менен бір курс жоғары оқитын, орыс тілінде өлең жазатын Лиза Баянқұлова да осы үйірмеге қатысатын. Ол мені қамқорлыққа алып, ақыл-кеңесін беріп, оқыған кітаптарымен ой-пікір бөлісіп тұратын. Сұңғақ, ұзын бойлы, осы әдемі қыз кімді болса да кішіпейілдігімен, ақжарқын мінезімен өзіне үйіріп алатын. Бірде Сәнімкүл апай менің өлеңдерімді орыс ақындарына көрсетуді Лизаға тапсырды. Лиза мені Дмитрий Шапошниковпен таныстырмақшы болып, екеуміз ол кісінің жұмыс істейтін жеріне бардық. Ол тым ұзын бойлы, арықша келген, жасы қырықтардан асқан, өте мәдениетті кісі екен. Лиза екеумізді қадірлі қонағындай қарсы алды. Жаңадан шыққан біраз Ресей ақындарының кітаптарымен таныстырып, сосын біздің неге келгенімізді білгеннен соң дереу әкелген өлеңдерімді қарап шықты да: «Вполне грамотные стихи», – деп, біраз жерлерін өңдеп, «газетке бастыруға атсалысып көрейін», – деді де, редакцияға телефон шалып, өлеңдерімді ұсынды.

Осындай жақсы жандардың мейірімділігінің арқасында менің алғашқы жырларымның жолы сәтті басталып, көп ұзамай облыстық «Путь Ленина» газетінің бетінде бірнеше өлеңім жарық көрді. Содан бастап мен осы газетке шағын мақалалар, корреспонденциялар жазып жүріп, штаттан тыс тілші болдым. Кейін облыстық радиодан да репортаждар жүргізіп, өлеңдерімді оқып тұратынмын.
Бірде мен қазақ тілінде шығатын «Ленин жолы» газетінің мәдениет және әдебиет бөлімінде қызмет істейтін дарынды да ақпейіл ағаларыммен таныстым. Ол кезде бұл газеттің бас редакторы Ұзақ Бағаев аға еді. Қазақтың сыршыл да жаны нұрлы белгілі прозаигі Нәсіреддин Сералиев газеттің мәдениет пен әдебиет бөлімінің меңгерушісі, ол кісімен бірге сезімі телегей, ойы ұшқыр Қомшабай Сүйенішов істейтін. Сол кезеңдерде бұл газет редакция­сында қазақ әдебиетін өздерінің нәрлі де айшықты туындыларымен байытқан жазушылар Адам Мекебаев, Саид Баязитов, поэзияда өздерінің айқын қолтаңбалары бар Базарбай Исаев, Балашбек Шағыров, талантты ақындар Серік Сейітмағамбетов, Жанұзақ Қожабергенов, Балтабай Тәжімбетов, Рысты Бақбергенова қызмет атқаратын. Бұл кісілердің бәрі де газет шығарудағы қауырт та жауапкершілігі мол, қиын жұмысымен қатар өз шығармашылығымен ай­налысуға әрең уақыт тауып жүрсе де, мен сияқты қанатын енді жая бастаған жастардан қамқорлықтарын аяған емес. Қомшабай аға мен Нәсір аға менімен бірге балаша болмашыға ішек-сілелері қатқанша күліп, маған маңғаздана уағыз айта бастайтын, сосын бұртия қалған кейпімді көріп, екеуі қайтадан күлдіруге кірісетін еді-ау. Шіркін, сол кездегі пәк көңілдер-ай! Менің орысша жазған ортаңқол өлеңдерімді Адам Мекебаев, Балашбек Шағыров, Серік Сейітмағанбетовтей өресі биік ақын ағаларым қазақша құлпыртып аударып, газетке бастыратын.
Бір күні Қомшабай аға мені Қазақстан Жазушылар Одағының Оңтүстік Қазақстан өлкесінің Қы­зылорда қаласындағы «Ленин жолы» газетінің редакциясында орналасқан бөлімшесіне алып барды.

Төрдегі стол басында өзім оқу­лықтардан, баспасөз беттерінен суретін көріп жүрген Асқар Тоқ­мағамбетов аға отыр екен. Мен жақындап барып, қол беріп амандастым, ол кісі сәлемімді алып, жөн сұрастыра бастады. Қомшабай аға менің екі тілді де бірдей білетінімді айтып, мақтауымды жеткізіп жатыр. Асқар аға біраз әңгімелескен соң: «Бізде қазақшадан орысшаға тікелей көркем аударма жасайтындар жоқтың қасы, мен өзіңдей қос тілде еркін сөйлеп, жазатын қызымызды көріп, қуанып отырмын. Сен аудармамен айналыс, көркем аудармаға бірден бет бұруға қаймықсаң, жолма – жол аударып, алдымен тәжірибе жинай бер. Әзірше, мына менің кітабымнан өзіңе ұнағандарын аударып көр», – деді де маған өзінің сықақтар мен мысалдар жинағын ұсынды. Мен кейін сол кітаптан бірнеше жырларды орысшаға аудардым, олар газет бетінде жарияланды. Содан бастап мен қазақшадан орысшаға көркем аударма жасауға мүмкіндігім бар екеніне сене бастадым. Бірақ біраз уақыт қорқыншақтап, Асқар ағаның өлеңдерін, көбінесе, жолма-жол аударып жүретінмін. Бірде Асқар аға маған: «Сен Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институты бар екенін білесің бе? Сонда көркем аударма бөлімі бар. Ол жерге кезегімен әрбір республикадан көркем аудар­машылар тобына байқау жария­­лау арқылы студенттер қабылдап тұрады. Сондай бір қазақ тобында атақты ақын Олжас Сүлейменов пен бірге ұлы ақын-жазушы ағалар Ілияс Жансүгіровтің, Бейімбет Майлиннің тағы басқалардың балалары оқыған еді, одан бері біраз жыл өтті ғой, енді сол институтқа Қазақстаннан тағы аудармашылар тобын алатын кез жақындап қалған болуы керек. Мен осы жайлы сұрастырып білейін», – деді. Содан бастап менің көкірегімде Әдебиет институтына түсу арманы түлеген еді. Кейін бұл бақытқа ие болғанда, бірінші Аллаға, сосын Асқар ағадай бағыт-бағдар беріп, маған жол сілтеген биік тұлғаларға деген ризашылығым мен ілтипатым шексіз болды. Асқар ағаның өмірімнің бастауында бойымдағы қабілетті байқап, ынта-жігерімді қайрап, мені үлкен әдеби ортаға шығаруының өзі ол кісінің ұлылығы ғой. Өзінен кейінгілерге осылай қамқорлық жасай білу тек парасаты жоғары, жаны жайсаңдардың ғана қолынан келеді.

Асқар аға отыратын кең бөлмеге шы­­ғармашылықпен айналысатын жі­гіт­тер жиі жиналып, әдебиет төңі­регінде әңгімелер өрбітетін. Алматыдан келген ақын-жазушылармен сол жерде кездесулер өтетін. Мен де сондай жүздесулерге барып тұратынмын. Өзімнің ұяңдығыма қа­ра­май, ер-азаматтармен ер балаша сөйлесіп, кейін әдебиет төңірегіндегі пікірталастарға да еркін араласа бас­тадым.
Кеудесі тола от, теңіздей бу­ыр­­­­­қанып, тебіреніп, жаралы қы­ран­­­дай тұрайын десе тұра алмай, қаламдастарының келуін та­­­­­­­­­ғат­­­­сыздана тыпыршып күтіп жататын сыршыл да жалынды, өр ақын Зейнолла Шүкіровтің үйіне мені Нәсіреддин және Қомшабай ағалар ертіп алып баратын. Зейнолла ағаның анасы өте мейірімді, жібек мінезді жан еді. Ол кісі бәрімізді ақжарқын көңілмен, айналып-тол­ғанып, кең дастарханын асқа толтырып, қуана күтетін. Кейін ойласам, ғазиз ана Зейнолладай қасиетті ұлының өз әдеби ортасынан қол үзіп қалмауы үшін барлық мүмкіндік жасауға тырысады екен-ау. Ұзыннан жайылған дастарханның бір енінде Зейнолла аға көпшікке жантайып, үлкен көзілдірігінің қалың әйнектері жарықпен шағылысып, жарқылдап, бізді әзіл-қалжыңмен қарсы алып, балаша аңқылдап қуанатын. Содан ол кісілер алдымен шай ішіп алады, сосын табақтардағы еттен жей оты­­рып, әңгімелерді ағытылдыра бас­тайды. Тарих, әдебиет төңірегіндегі әңгімелер айтылып, арасында ақын-жазушылардың мінез-құлықтарын айтып күліп алып, жыр оқуға көшіп, одан кейін жаңа әдеби туындылар жайлы сөз болады. Зейнолла аға осы сәттерде шабыттанып, өзінің оқыған-түйгенінен түйдек-түйдек сыр шертіп кетеді. Сөйтіп ақтарылып-төгіліп, ол ішкі толқындарын сыртқа рахаттана бір шығарып алып, кеткелі тұрған бізбен қимай, әрең қоштасатын.

Асқар аға Зейнолла ақынның үйіне менің де барып тұратынымды есітіп: «Зекең керемет ақын ғой, әттең, тағдырдың ісіне шара бар ма? Төрт қабырғаға қамалып қалса да, қолынан бір сәт қаламы түскен емес. Ішінде сөнбейтұғын нұры бар ғой оның. Кейін Зейнолла ағаңның да өлеңдерін орысшаға аударарсың, мүмкін», – деген еді.

Асқар ағаның өлең жазып жүрген қыздарға қамқорлығы ерекше болатын. Олардың нәзік те ұлпа жан сезімдерін ол кісі аялай білетін еді. Менен бірнеше жыл бұрын педучилищеде оқыған өте талантты, пайымды, қазақ көркем сөзінің қыр-сырын жетік меңгерген ақын, айтыскер ретінде де аты бүкіл қазаққа мәшһүр, ұлты орыс болғанымен жаны қазақ Надежда Лушникованың да өнер әлемінде бағының жануына, оның әдеби ортаға енуіне ықпал етіп, көмектескен де осы Асқар ағамыз десе болады.

Асқар аға қаладағы, облыстағы талай кездесулерге мені қатыстырып, орысша өлеңдерімді оқытқызып жүретін. Бәлкім, сол кездегі идеологиялық саясатқа Надежданың қазақша, Лиза екеуміздің орысша жазғандарымызды құптап, дәріптеу де керек болған шығар.

Мен Асқар ағаның біраз өлеңдерін орыс тіліне жолма-жол аудардым, сондықтан ол кісінің отбасымен де аралас болдым. Құралай апайдың қолынан талай дәм татқанмын. Апамыз қасиетті ана, көрікті әрі сыпайы, мейірімді де шуақты жан еді. Ол кісілердің кенжесі, ағамыздың ауызынан түсіп қалғандай сап-сары Аягөз атты қызымен екеуміздің әңгімеміз жарасатын.

Бір күні үйіне барғанымда Асқар аға мені жұмыс кабинетіне шақырды да, сыбырлай отырып, екі өлеңді жатқа оқыды: «Сен бұларды жазып ал, бірақ ешкімге көрсетпе, тығып, сақтап қой, менен естігеніңді тісіңнен шығарма», – деп қайта-қайта ескертіп жатып: «Бұл қазақтың ғажап ақыны Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері. Ол 1937 жылы репрессияға ұшырап, ұсталып кеткен. Бірақ сен бұл есімді атаушы да, ауызыңа алушы да болма. Ол туралы айтылатын кез әлі келеді, сендер оның кәусәр жырларынан сусындайсыңдар, біз, бәлкім, ол күндерге жете алмаспыз», – деп терең күрсінді. Сондағы Асқар ағаның шынайы үлкен поэзия иесі Мағжан ақынның құдіретіне табынуында қазақ халқына, оның ұлы перзенттеріне деген ыстық іңкәрлігі жатқаны сөзсіз еді... Мен жазып алған сол екі парақтағы Мағжан ақынның абақтыдан анасына жазған «Сүйемін» және «Мен кім» атты жырлары екен.

1968 жылдың маусым айы. Менің педучилищедегі оқуым бітіп, диплом жұмысымды қорғап, мемлекеттік емтихандармен қатар қаладағы пединституттың орыс филология факультетінің сырттай оқу бөліміне түсуге талаптанып, емтихандарды тапсырып болып, нәтижесін күтіп жүргенмін. Ол кезде орта кәсіптік оқу орындарын үздік оқып, қызыл диплом алғандар болмаса, орташа бітіргендер университет, институттың күндізгі бөліміне екі жылдық еңбек стажысыз құжат тапсыра алмайтын. Сондықтан, көк дип­лом алған мен жұмысқа тұруым керек болды.

Төрт жыл білім беріп, ес білдіріп, бойымызға құт дарытқан аяулы училищедегі ұлағатты ұстаздармен, бірге түлеп ұшқан құрбыларыммен қимай қоштасып, Асқар ағаға, Нәсіреддин, Қомшабай, Зейнолла ағаларыма, орыс, қазақ, газет, радио редакцияларындағы ақын-жазушы, журналистердің бәріне кіріп шығып, енді қайтып көрмей қалатындай болып, қош айтыстым да туған ауылыма, анам мен бауырларыма тартып кеттім. Екі апта өткен соң біздің үйге аудандық партия комитетінің қызметкері мені іздеп келіп тұр. Ол кісі: «Жадыра, сені басшылар шақырып жатыр», – дегенде, аң-таң болып тұрып қалдым. Сосын аупарткомға барып, идеологиялық жұмыстарды атқаратын хатшының қабылдауында болдым. «Сені облыс­тық комитеттің хатшысы Жар­қын­беков жолдас іздеп жатыр. Тез жетуің керек. Ал жолың болсын!» – деп ол жылы шыраймен қолымды алып шығарып салып жатқанда, мен: – «Ол кісі неге шақырып жатыр екен?» – деп сұрадым. «Білмедім, бірақ өзіңді бір жақсылық күтіп тұрған сияқты ғой», – деп ол жымиып күлді.

Сол күні жүрегім лүпілдеп, қалаға жеттім. Туысқан ағайымның үйіне барып Асқар ағаға телефон шалдым. Ол кісі: «Сені қалада жұмысқа қалдыру жайында мен Жарқынбеков жолдасқа өтініш білдіргенмін. Таңер­тең сағат тоғыздан қалмай обкомның алдында мені күт, хатшыға бірге кіреміз», – деді. Ертеңіне Асқар аға мені Қаржаубай Жарқынбековтің алдына өзі ертіп апарды. Ол кісі бойшаң келген, сымбатты, өте ізетті азамат екен, мені жылы шыраймен қарсы алды. Біз стол басына жайғасқан соң, бұрынғы таныстарша сөз бастап кетті: «Жадыра, жағдай қалай, оқу бітіріп, мамандық алуыңмен. Сырттай пединститутқа түсті деп естідім ғой, құтты болсын! Мына Асекең өзіңді талантты ақын деп мақтап жүреді, оның үстіне екі тілге де жүйрік екенсің. Бұл кісі өз өлеңдерін саған көп аудартады-ау деймін, қаламақысын алып тұруды ұмытпа, әйтпесе, атақты ақын-жазушы ағаларыңның қолдары онша ашық бола бермейді», – деп қалжыңдап алды да: «Бірақ біздің Асекең үлкен жүректі жан, жастардың болашағын алыстан болжайтын, олардан қамқорлығын аямайтын ел ағасы ғой. Қанатын көкке сермеп, шығармашылықпен айналысып жүрген қыздарымыздың деңгейін өсіру үшін оларды әдеби ортасынан айырмау керектігін айтады. Өзіңе қаладан лайықты жұмыс сұрап, бұл кісінің маған өтініш жасап жүргеніне бір айдай уақыт болды. Асекеңдей ардақты ақынымыздың тілегіне біз қалай құлақ аспаймыз. Сөйтіп, Жадыра қыз, біз сені осындағы қалалық комсомол комитетіне қызметке алуды ұйғардық. Жастармен жұмыс істесең шабытыңа шабыт қосылып, дарының қуаттана түсер деген қамқорлықпен осындай шешімге келдік. Қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Жәлел Бәкіров жолдасқа біз осы ойымызды айтып, тапсырма бергенбіз. Сен қазір барып орналаса беруіңе болады, келістік қой», – деп Қаржаубай аға, шынайы көңілмен келіп қолымды алғанда, түс көріп тұрғандай болдым.

Асқар аға екеуміз облпарткомнан шықтық, ол кісі мені машинасымен қалалық комсомол ко­митетінің жанына жеткізді де: «Ал Жадыра, қадамыңды нық басып, мына үлкен есіктен кір. Комсомол жұмысы деген шынықтыратын өмір мектебі, өзіңе бұйырып тұрған шығар. Қаржаубайдай атпал азамат бір ауыз өтінішімді жерге тас­тамай, құп алып, орын да табыла кеткеніне қарағанда, бағың жанайын деп тұр-ау. Мен тек себепкермін, енді бәрі саған байланысты. Өзің оң-солыңды білесің, тиянақтылығың да, жігер-намысың да бар баласың ғой. Мен де адам танимын, өзіңе сенім артқандықтан, болашағың бар екенін білгендіктен осылай көмектесуді жөн көрдім. Ал, жолың сәтті болсын!»- деп ол алдыңғы орыннан маған қарай бұрылып, қолын ұсынды. Мен ол кісінің қолын алып: «Аға, әкелік қамқорлығыңызға көп рахмет. Сеніміңізді ақтауға тырысамын», – дедім ризашылық пен қуанышқа толы сезімдерден жүрегім лүпілдей, осынау ардақты ақын ағаның биік адамгершілігі мен кішіпейілдігіне тәнті болып. Көңілім толқып машинадан түстім де, мен қалалық комсомол комитетінің табалдырығынан аттадым. Осылай 1968 жылдың қыркүйек айының ортасында мен Қызылорда қалалық комсомол комитетінің мектеп бөліміне нұсқаушы болып қызметке алынып, еңбек жолымды бастадым. Осында істеген бір жылдан астам уақыт ішінде жан-жағыма байыппен қарауды, әрі ұйымдастыру әдістеме, тәсілдерін ұққандай едім.

1970 жылы маусым айында мен Ас­қар аға бағыт-бағдар берген, өзім армандаған Мәскеу қаласындағы М.Горь­кий атындағы Әдебиет институтынан жіберген шығармаларымның байқаудан өткені жайлы хабарлама-хат алдым. Қазақстаннан алынатын аудармашылар бөліміне жеті орын бөлінген екен, мені тамыздың басын­да өтетін емтиханға шақырыпты. Ба­қыт­тан басым айналып, Асқар аға­ның үйіне шақыру-хатымды алып жетіп барғанмын. Ол кісілер бұл ха­барға балаша қуанып, дастархандарын жайып, шампандарын ашып, ме­ні құттықтап тост көтеріп, мәз-мәй­рам болды. Кетерімде «сүйіншің» деп қолыма жүз сом (ол кезде ол көп ақша) ұстатқанын қалай ұмытуға болады.

Мен Асқар ағаның таудай көңілінің мейірім-шуағын көп көрдім. Өмірде маған шапағат-нұрын төккен жандар аз болған жоқ. Бірақ сол бір жастық шағымның мөлдір бастауында менің бойымдағы ізгі талпыныс­тарды қуаттап, дем беріп, қолдап, арман-тілектерімді өміршең етуді өзінің ағалық, ақындық, азаматтық парызы деп білген Асқар ағаның зор тұлғасы менің тағдырымда ерекше орын алады.

Жадыра ДӘРІБАЕВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.

25 шілде 2020 ж. 651 0