Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсібінен нәсіп тапқан

Кәсібінен нәсіп тапқан

Ол қарапайым шаруа адамы. Отбасының тірегі – Ұлы Отан соғысына қатысушы майдангер әкесі Қыстаубай қайтыс болғаннан кейін 15 жасынан бастап еңбекке араласқан. Заман ағымына қарай түрлі кәсіпті меңгерген Серік Қыстаубаевтың бүгінде бел жазбай еңбек еткеніне 52 жылдан астам уақыт болыпты. Әкесі жұмыс жасаған «Қызылдиқан» шаруашылығында жұмысшы бола жүріп, кешкі мектепте оқыды. Орта білім туралы аттестат алған соң, белгілі бір мамандықты меңгеру мақсатында жүргізушілер даярлайтын курстан өтті. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, әскер қатарында болып келді. Кеңес үкіметі тарағанша сауда, ауыл шаруашылығы саласында көлік жүргізіп, озат жүргізуші атанды. Алыс жайылымдарда орналасқан шопандарға қызмет жасап, олардың керек-жарағын жеткізді. Қырдың жолын айлы түнде адаспай табатын әмбебап жүргізуші болды.

Кеңес үкіметі құлағаннан кейін елді жұмыссыздық жайлады. Бұл С.Қыстау­баевты айналып өткен жоқ. Сәкең де жұмыссыздар қатарына қосылды. Алайда өзін-өзі сабырға шақырып, бұған онша абыржи қойған жоқ. Өйткені қара жұмыстан қашпайтын, мал бағу да қо­лынан келетін, бағбандықтан да хабары бар қабілетіне сенді.

– Тоқырау жылдарында отбасымды асырау үшін қолымнан келетін кәсіптің түр-түрін жасадым. Мал семірттім, бау-бақша ектім. Жеңіл көлігіммен таксидің қызметін де атқардым. Еңбектің арқасында жаман болғаным жоқ. 2016 жылы зейнеткерлікке шықтым. Қазақтың малсыз күні жоқ. Төрт-түлік ұстаймын. Зайыбым сырқатты болғандықтан, бірнеше бие байлап, сауып отырмыз. Келінім Индира саумал, қымыз дайындайды. Есік алдында бау-бақшамыз бар. Қажыр-қайратым бар да еңбектен қол үзгім келмейді, – дейді Сәкең.
Нарықтық қатынастың алғашқы жыл­дарында кент орталығында мал бордақылауда бастағандардың бірі – осы С.Қыстаубаев. Ол кезде бордақыға қоятын малды облыс орталығындағы базардан сатып алады екен. Оны тасымалдауға көлік жоқ, болған күнде жанар-жағар май тапшы. Малды атпен жетекке алып, жолай «Қараөзекке» бір қонып келеді. Бау-бақша егудің де өзіндік қиындығы болған ол кезеңде.
– Бір жылдары «Шағанарыққа» жақын №7 бригада аумағына бақша егетін болдым. Бақшаны жиде шауып, әдемілеп қораладым. Сосын ішін қарықтау үшін трактор іздестірдім. Егістікке келе жатқан шынжыр табан тракторды тоқтатып, тракторшыға жағдай айттым. Қасында қарапайым киінген бір кісі отырды. Екеуі жерге түсіп, менің бақшамның қай жерде екенін сұрады. Бірге келіп көрді. Тракторшының қасындағы бригадир екен. Қораны қатырып қоршағанмын ғой. Осыған риза болып, арықтан су алуға рұқсат сұрамағанымды кешіріп, тракторшыға жерімді қарықтатып бергізді. Бригадир даңғойлау біреу болса, жерімді жыртқызып бермек түгіл «егістік аумағынан бақша екті, суды пайдаланды» деп айдап қуып шығар еді. Бағыма мейірімді адам кездесті. Кейін ағалы-інілі, бауырдай болып кеттік. Ол кісі Нұрхан Сарымсақов деген аға еді. Бүгінде марқұм болып кеткен ағамыздың отбасы Шағанда тұрады. Ол керемет жақсы кісі еді. Жалпы сол кездің адамдары ба­уыр­мал, мейірбан жандар болатын. Біздің сол кездегі қиыншылықтарды жеңуімізге адамдар арасындағы сыйластықтың әсері мол болды деп есептеймін, – дейді С.Қыстаубаев.
Оның жүргізушілік қырында айта кеткен абзал. Көп жылғы бай тәжірибесіне сүйеніп, өз көлігінің кез келген ақауын күні бұрын анықтайды. Жүріп келе жатқанының өзінде көлігінің қай жерінен ақау шыққанын бірден біледі. Көлікті оталдырудың режимін өзі қояды.
Бұл кез келген жүргізушінің қолынан келе бермейді. Сәкеңнің көлік жүргізуде бай тәжірибесі бар екенінің айғағы бұл.
С.Қыстаубаевтың тағы бір қыры – оның ұсталығы. Омыртқада өскен етке (грыжа) жаттығулар жасайтын арнайы құрылғыны да өзі жасайды. Сәкеңді ертемен ауласынан көресің. Биелері мен құлындарының бабын жасап, келіні Индираға қолғабыс жасап, бие саууға жәрдемдеседі. Онан былайғы кезде есік алдындағы бақшасына қарайды, суарады. Жетпіске жақындап қалса да еңбек еткенді жақсы көреді. Қарап отыру дегенді білмейді.
Қазір Сәкең қорасындағы мал басын көбейтіп келеді. Жем-шөп тасымалдауға арналған жеке меншік қорапты «Зил» көлігі де бар. Дегенмен жас шөп орып алып келу үшін баруы жиырма, қайтуы жиырма шақырым жол жүреді екен. Жақын маңайдың барлығы егістік. Оның жағалауындағы шөпті орып алуға қазірден тыйым салынып жатқан көрінеді. Жекелеген көлігі жоқ адамдар қысқа шөпті қалай дайындайды? Бәрін сатып ала берсе, мал өсіруден қайтарым болады ма? Міне осы мәселе Сәкеңді бүгінде толғандырады. Сонымен қатар Тереңөзекте жем де өндірілмейді. Ол сырттан тасымалданатын болғандықтан қымбат. Осыған тиісті орындар көңіл аударса дейді.
«Көршіңнің байығанына қуан, сенен қарыз сұрамайды» деген Елбасы даналығын Сәкең қашанда жадында ұстайды. Сондай-ақ өз кәсібін дөңгелетіп отырған зейнеткер С.Қыстаубаев Ұлы Абайша айтқанда: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар... Еңбегің мен ақылың екі жақтап...» дейтіндей нағыз істің адамы. Балалары мен немерелері де Сәкең тәрізді еңбекқор болып өсіп келеді.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ 
21 шілде 2020 ж. 1 313 0