Той - томалақты тоқтата тұрайық!
Қауіпті індетпен күресу қазір халыққа оңай болып тұрған жоқ. Оның үстіне біраз адамның бейқам жүруі осы кеселдің өршуіне әкеліп соқтырды. Соның салдарынан ауданда жұқпалы індет жұқтырғандар саны көбейіп, оның арты қайғыға душар етуде. Сондықтан тұрғындардың өте сақ болып жүретін уақыты әлдеқашан болып кеткен.
Әр адам жеке басының сақтық шараларына мұқият қарау керек. Жасы болсын, жасы үлкені болсын ретсіз көшеге шықпай, уақытша адамдармен араласуын доғара тұрғаны жөн. Той-домалақ, қонаққа бару, жиын жасауды да тоқтата тұрған дұрыс. Өйткені көпшілік жиналған орында аурудың асқынатыны белгілі ғой. Ал одан сақтанудың бірден-бір жолы – оқшаулану екенін бұқаралық ақпарат құралдары сәт сайын ескертуде. Сол ескертулерге құлақ түріп, талапқа бағынсақ, алынбайтын қамал болмайды емес пе?! Мұның батпандап кіріп, мысқалдап шығатын өте қауіпті дерт екенін ұғынатын уақыт жетті.
Жасыратыны жоқ, сақтық шараларын сақтауға келгенде, біздің олқылық танытып жатқанымыз рас. Дәрігерлердің, жауапты мамандардың айтқан ақыл-кеңестеріне құлақ түрмейміз, көшеге бетпердесіз шығамыз, тазалық ережелерін сақтауға құлықсызбыз. Көп жағдайда бұл індет басқа жақта өтіп жатқандай немқұрайдылық танытып келеміз. Қазақта «Сақтансаң — сақтармын!» деген мағынасы терең сөз бар. Мұның салмағы өте ауыр. Осы сөзді қазіргі уақытта мұқият зердемізге түйіп алғанымыз жөн.
Қазіргі таңда «Қызылдихан» шаруа қожалығында жұмыс жүргізіліп жатыр. Десе де әркез шаруашылық қызметкерлеріне той-томалақ, жиын жасамай, сақтық шараларын қатаң сақтау жөнінде ескертіп отырамын. Сол арқылы біз өзіміздің, өзгелердің денсаулығына алаңдаушылық білдіреміз. Осы індетті жеңіп шыққанша осы талаптарды қатаң сақтайтын боламыз.
Ең бастысы, қиын күндер артта қалып, арты жақсы боларына сенемін. Жақсы, ізгі ой ойлап, бір-бірімізге шын жанашыр болайық!
Алданберген ҚҰЛБАЕВ,
«Қызылдихан» ШҚ төрағасы