Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әркім сақтанбаса, арты жақсы болмайды

Әркім сақтанбаса, арты жақсы болмайды

Елімізді дендеген індеттің тоқтар түрі жоқ. Ауруға шалдыққандар саны күн артып көбеюде. Бұған ел-халықтың бұл вирусқа әлі де болса немқұрайлы қарауы себеп болып отыр. Бәрі «Мені айналып өтедінің» ықпалымен жүргендей. Десе де бұл ауру біздің ауданға да келді. Бұдан әркім сақтанбаса, арты жақсы болмайтыны анық. Сондықтан қазіргі таңда ең бастысы үйден шықпай, сақтық шараларына өте мұқият болған дұрыс.

Бұл күндері ең алдымен барынша оқшаулану мәселесінің қозғалып, сол бағыттағы шаралардың қолға алынуы өте орынды. Италияның ең алғаш індет анықталған Ломбардия өңіріне коронавирусқа байланысқа шектеулер енгізілген тұста, 10 мың адам басқа өңірлерге қашып кеткен, сөйтіп, дертті бүкіл елге таратқан. Мұндайға еш жол бермеудің қамы жасалып жатыр. Жалпы індет тарай қалса, сол айналаның басқа әлеммен қарым-қатынасты толықтай үзуі — қай заман, қай халықтың тарихында да бар жағдай. Тек содан сабақ ала білсек болғаны.

Қазір елдіктің сынға түскен шағы. Пандемияға байланысты енгізілген шектеулер халықтың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр. Өзіміздің амандығымызды, жақындарымыздың амандығын ойласақ, қарым-қатынасты шектеу, тәртіпті қатайту бағытындағы шараларды қолдап, барынша сақ болғанымыз абзал.

Нұрмағанбет ҚУАНДЫҚОВ,
Нағи Ілиясов ауылдық Қоғамдық кеңес төрағасы 
08 сәуір 2020 ж. 913 0