Дәріні дұрыс пайдаланған жөн
Ауырмайтын адам жоқ. Басы ауырып, балтыры сыздаған адам ең алдымен дәрі-дәрмек іздей бастайды. Алдымен өз бетінше емделіп, оның әсері болмаған жағдайда дәрігерге көрінеді. Көбіне дәрігер аурудың жағдайына байланысты антибиотик тағайындайды. Осы ретте облыстық жастар денсаулығы орталығының маманы Гүлзат Жұмабекқызы антибиотиктерді қалай қолдану керек деген сауалға жауап берді.
– Ең бастысы кез келген дәрі-дәрмектің нұсқаулығын оқып шығыңыз. Дәрі аса әсерлі нәтиже беру үшін бірнеше кеңеске назар аударыңыз. Біріншіден, антибиотиктер курсын бітіргеннен кейін міндетті түрде бифидо және лактобактериалдық курстан өтіңіз. Ол ішектің пайдалы микрофлорасын қалпына келтіріп, дисбактериоздан құтқарады. Екіншіден, антибиотикті ішімдікпен бірге қолдануға болмайды. Себебі ол жанама әсер беруі мүмкін. Сондай-ақ бауырға қосымша жүктеме береді. Үшіншіден, антибиотик пен абсорбентті (ол мәселен, белсендірілген көмір) бірге қолдануға болмайды. Себебі ол антибиотиктің әсерін біршама төмендетіп жібереді. Төртіншіден, антибиотикті қанды сұйылтатын дәрі-дәрмекпен (мәселен, аспирин) бірге ешуақытта пайдаланбаңыз. Бұл қан кету қаупін өсіреді. Бесіншіден, антибиотикке төзімділікті даму қаупінен сақтану мақсатында дәріні қолдану және мөлшерлеу тәртібін қатаң ұстану қажет, – дейді ол.
Иә, қай кезде де өз бетіңше емделу өте қауіпті. Міндетті түрде дәрігердің нұсқаулығын алыңыз. Өкінішке орай дәрінің бәрі пайдалы емес.
Бибісара ЖАНӘЛІ