Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кондиционердің пайдасынан зияны көп

Кондиционердің пайдасынан зияны көп

Халқымызда «Дені саудың – жаны сау» деген сөз бар. Яғни ден­саулықтың зор болуы – ұзақ өмір сүрудің кепілі екені анық. Тән саулығы мен рухани саулықты сезіну үшін адамның көбіне есінде бола бермейтін ұсақ-түйек нәрсе бар. Олар денсаулық күтіміне байланысты қарапайым ережелер. Бүгін осы тұрғыда дәрігер кеңесіне бір сәт назар аударсаңыз.

Аптап ыстық кезінде адамдар салқын­даудың амалын кондиционерден іздейді. Сондықтан жаз маусымы басталысымен сау­да орындарында кондиционерге деген сұраныс артады. Дегенмен көп адамдар оның денсаулыққа қаншалықты қауіпті екенін біле тұра ыстыққа төзе алмауды сылтау етіп, түрлі аурудың өршітіп алғанын да білмей қалады. Себебі кондиционер қосылған бөлмеде шамадан тыс көп отыру созылмалы ауруды қоздырып қана қоймай, қауіпті вирус­ты да тудырады.
Кондиционердің зияны туралы аудандық емхананың аймақтық дәрігері Азиза Қозба­ғаровамен пікірлестік.

– Кондиционер жаныңызға жайлылық әкел­гені­мен оның денсаулыққа зияны орасан зор. Әсіресе егде жастағы кісілер мен балалар үшін қауіпті. Ал кондиционерді дұрыс пайдаланбай, яғни оның күтіміне дұрыс мән бермеу одан сайын түрлі ауруды өршітіп жіберуі мүмкін. Менің айтпағым, ұзақ уақыт қолданылған кондиционердің ішіне шаң тозаң толып қалады. Сонан соң онда бактерияның сан алуан түрі пайда болып, ол ауаға тарайды. Ал ауаға тараған бактерия адамның өкпесін қабындырып, пневмонияға әкелуі мүмкін, – дейді дәрігер.
Кондиционерді дұрыс қолданудың бірден бір жолы – оны бір уақыт өшіріп қою. Бұл бөлмені шамадан тыс салқындап кетпеуі үшін қажет. Жалпы кондиционердің зияны туралы барлық адамның біле жүргені дұрыс. Ең бастысы жаз айында ең көп кездесетіні – суық тию, жөтел сияқты ауруларды қоздыратын нәрсенің бірі – адам ағзасының ауа температурасының күрт өзгеруіне, бейімделіп үлгірмеуі салдарынан болатынын есте ұстаған жөн. Яғни салқын бөлмеден бірден ыстыққа шығуға да болмайды.

– Ең бастысы кондиционерді пай­даланғанда біріншіден, ара қашықтық 3 метр­ден аз болмауы керек. Салқын ауа адамға тура бағытталмай, ауа төбе мен қабырғаны айналып барып қозғалуы қажет. Екіншіден, бөлмедегі ауа құрғап қалатындықтан, адамдардың тыныс жолы зардап шегеді. Тамақ ауруы мен жөтел пайда болады. Сондықтан бөлмеге ашық суы бар орта қойған абзал. Тым болмаса дымқыл шүберек іліп қойса, ауаның құрғап кетуінен сақтайтынын білген жөн. Үшіншіден, түнгі мезгілде кондиционер қосып ұйықтап қалуға болмайды. Оның себебі түнде адам ұйықтағанда дене температурасы төмендейді. Ал түнгі режимі бар кондиционерді іске қосқанда салқын ауаның бағытын жоғарыға қарай бағыттап қою керек. Төртіншіден, кондиционерді қолданғанда оның ең алдымен вирус тасымалдаушы екенін ұмытпаған дұрыс. Соңғы технологиямен жасалған кондиционерлер зиянды бактериясы бар ауаны жұтып, орнына таза, салқын ауа бөледі. Дегенмен оның фильтірін тазалап отыруға кеңес беремін. Себебі дер кезінде тазаланбаған кондиционер шын мәнінде зиянды бактерия таратады. Ал кондиционер қосылған бөлменің есік-терезесін жауып қою оны пайдаланудың қарапайым ережесі, – дейді дәрігер А.Қозбағарова.

Бибісара ЖАНӘЛІ

08 шілде 2020 ж. 1 528 0