Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МАЛ ҰРЛЫҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

МАЛ ҰРЛЫҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Мал шаруашылығы – қазақтың ықылым заманнан бері күнкөріс дүниесі һәм табыстың көзі екені баршаға белгілі. Бірақ аймақтағы мал ұрлығының дендей түсуі – жалақысы төмен, маусымдық жұмыспен ғана күн көретін тұрғындардың өміріне айтарлықтай қиындық туғызуда.
Сырдария ауданында былтыр мал ұрлығын кәсіп еткен 16 адамнан құралған қылмыстық топ құрықталып, 16 эпизодтық, оның ішінде 9 ауыр санаттағы қылмыс дәлелденіп, сотқа жолданған. Облыс көлемінде былтырғы жылы 297 мал ұрлығы тіркелсе, оның 31-і Сырдарияға тиесілі. Аудандық прокуратураның мәліметінше, жыл басынан бері мал ұрлығымен 18 қылмыс тіркеліп, 27 мал ұрланған. Ал азаматтарға келтірілген шығын көлемі 9 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ 10 қылмыс ашылмауына байланысты тоқтатылып тұрса, сотқа 2 іс жолданып, 2-і сотқа дейін тергеп-тексеру сатысында тоқтатылған, төртеуі іс-тергеу органының өндірісінде екен.
Мәселенің мән-жайын білмекке біз де мал базарына бас сұқтық. Тұрғындардың айтуынша, бұл қылмыстың ашылуы, тіпті, нағыз барымташыны ұстау мүмкін емес көрінеді. Себебі, әбден дәніккен ұрылар жалтарып кетеді не болмаса шығын көлемін толтырып, жазадан босап шығады. Сонда өздеріміз осы қылмыстың орын алуына себепкер болып отырмыз. Ұрылар жоғалған малдың орнына екі еселеп ақша берген соң амалсыздан кешірім беріп, қылмыстың бетін жылы жауып қоямыз. Ал ұрлыққа еті үйренген барымташы тағы осы ісін жалғастыра береді. Сонда кінәлі кім?
Жалпы мамандар мұндай келеңсіздіктерге көп жағдайда тұрғындардың сақтық шараларын дұрыс қолданбауы себеп екенін айтады. Жұртшылық кешкілік уақытта малын қараусыз қалдырады. Жоғалған соң, 2-3 күн бойы өздері іздейді. Түлігін іздеп таппаған соң, ішкі істер қызметкерлерінің көмегіне жүгінеді екен. Тұрғындардың салғырттығы ұрлықтың бетін дер кезінде ашуға кедергі келтіретін көрінеді. Осы орайда, құқық қорғау органдары халықты төрт түлігіне абай болуда және жоғалған жағдайда дереу полиция қызметкерлерін шақыруды сұрайды. Бір қызығы, осы уақытқа дейін мал ұрлығы бойынша ұсталған азаматтардың орташа жасы 25 пен 30 жасты құраған. Ауылда таңнан кешке дейін сенделіп жүрген жас ұрлыққа не үшін барады? Түкпір-түкпірде жиналып тұратын жастардың не жоспарлайтыны белгісіз ғой. Әйтеуір бір тыным жоқ. Қараусыз малды ұры-қары сырттай бақылайды, бiр «сәттi» күнi ұрлайды. Осы тұста атын жасыруды сұраған ауыл тұрғынының мына бір пікірі де орынды:
«Бiздiң жоқ малды iздегенiмiз де қызық, осыдан екi-үш күн бұрын пәленше көріпті, онда аман деген» деп шығамыз. «Полиция қайда, ұрыны неге ұстамайды» деп. Полиция бақташы емес. Ол қоғамдық тәртiпке жауап бередi. Ұрыны iздейдi, бiрақ куәгер табылмайды. Көрдiм-бiлдiм деген бiр адам жоқ. Негiзiнде ұры да ауыл­да, оның сыбайласы да ауылда.
Жұрт бiледi, бiрақ айтпайды. Жазатайым ұры ұсталса, мал иесімен ұры екеуi келiсiп, полицияға арызданбаған болып шығады, ортада полиция достастырып, өзi пайда табады. Өзге малы табылмағандар полицияны қарғайды, ұрыны жасырып отыр дейді. Менiң ұсынысым: бағуда жоқ малды полицияға айтудың қажетi жоқ, әкiмдi жағалап жүретiн, ауылда сондай дау-дамайды шешуге ыңғайлы адамдардан комиссия құру керек. Ұрыны ұстайтын намысты жiгiттерден топ құру керек, қыз-келiншектердi де тартуға болады ақпарат жинауға жақсы. Олар ұрының iзiн тез шығарады. Негiзiнен әкiмдер мал бағуды ұйымдастырса болар еді. Заңды кәсiпкер қылып тiркету қажет. Кезiнде колхоздың, совхоздың малын бақты ғой, оның несi ұят?!
Өткен жылы оттың басында отырып, «бiздiң ауылда бақташы жоқ, мен шықсам қалай болады?» десем, әйелім, бала-шағам шулап қоя бердi, «ойбай, ол не масқара» деп. Сосын шақтап мал бордақыладым, iстеуге болады екен. Менiкi адалдан ас табу ғой», – дейді.
Есен-саулық сұрасқанда «мал-жан аман ба» деп сөз бастайтын қазақтың ұрпағымыз. Ауылдың қазағы болған соң əр отбасында ірілі-ұсақты мал басы болары айтпаса да түсінікті. Мал – баққанға бітеді. Ал қазір өзекті мəселе «баққандар» емес, адалды арам жолмен жортып жүріп «қаққандар», оңай олжа тапқандар, бір сөзбен айтқанда, мал ұрлайтын ұры-қарылар боп тұр. Жылқысын, сиырын баспағын, жоғалтып, іздеп жүргендерді көресің, тапқаны онның бірі... Шаршаған жоқ іздеуші «ай кетті-ау», «құртқан ғой желкесінен шыққырлар», «бұйырса келер» деп өз-өздерін жұбатады, амалсыз. Жақында бір кісінің жылқысын ауыл сыртында жайылымда атып, етін алып тері, ішек-қарнын тастап кете барыпты.
–Учаскелік полиция бар, той-томалақтарда, мереке күндері сиренасын қосып алып «дыр-дыр» еткен сигналдарын аямай басып көшедегілерді қуып тарқатып жүргендерін көреміз, «пəленшенің малын тауып, ұрыны ұстапты» дегенді естімеппін. «Өрістегі малымды тауып бер» деу қисынға келе қоймас, бір учаскелік инспекторға сеніп отырмай, бұл іске ел болып атсалысып, құныққандарға құрық салып, ел ішіндегі «жеңгетайлардың» «желкесін қию» сол елдегі намысты жігіттердің қолынан ғана келеді деген ой түйдім. Елдегі қарапайым жандардың ақ адал малының арам ниетті қарақшылардың оңай олжасына айналуына тыйым саламыз. Мал ұрлығы бар барлық ауылдардағы намысты азаматтарды осылай жұмыла іске кірісуге шақыру керек, – дейді ауылдың тағы бір азаматы.
Іс-тәжірибе көрсеткендей, қылмыскерлер малды ұрлап, оның көзін тез арада жойып жібереді. Салдарынан айғақтарды іздеу қиынға соғады. Сондықтан малға сенімді күзет, жайылымда оларға тәулік бойы бақылау, оларды бағатын жерді қадағалау – осының бәрі малды ұрылардан аман сақтап қалуды қамтамасыз ететін бірден-бір жол. Сонымен қатар мал ұрлығына жол бермеу мақсатында ішкі істер органдары ауыл тұрғындарына, яғни мал иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тығыз байланыста болу керек.
Бүгінде базар маңында төмен бағада сатылатын зат көп. Арзан бағаға алтын сатылады дегенді де естідік. Шынында, арзан дүниеге өзіміз де үйірміз. Қымбат нәрсе, тиын-тебенге сатылса, жапа-тармағай аламыз. Ненің, қайдан келгенінде жұмысымыз жоқ. Ал анығында, алғаның қолды болған зат болып шыға келеді. Ұрылар үшін көбіне-көп малды сойып сатқан тиімді екен. Қазір көбі қайда ақша бар, қайдан өзіне пайда келеді, сол жағында жүреді. Ұры да сондай. Тегін дүниені алды. Бас пайдасына жаратты. Қажет деген қаражатына сатты. Жәбірленуші бармақ тістеп қалды. Ұтқан тұсы, өзіне ғана олжа болды. Өзіне дейміз-ау, қазір барлық істе жан-жақты адамы, яки, таныс-тамыры жүреді емес пе? Сізге де бізге де белгілі жайт бұл.
Ауылдық жерде мал ұрлығы, қалада автоұрлық өршіп тұр. Автокөлік ұрлау мен автокөлік мүліктеріне қол сұғу жиі тіркеледі. Ұрылар алған затын техникалық орталықтарда, базарда саудалайды. Бұл факт неге кең таралып отыр дегенге келетін болсақ, бұған бір жағынан адамдардың өзі кінәлі. Олар қандай да бір арзан зат болса болды, соны сатып алуға ұмтылып тұрады. «Неге бұл арзан? Мұның криминалдық іске қатысы жоқ па?» деп ешкім ойлана бермейтіні рас.
Ұрлық өршіп тұрған тұста, ең бастысы – сақ болу.

Майя ҚОЖАБАЙ
27 тамыз 2019 ж. 704 0