Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жамбылда мал ұрлығы азайды

Жамбылда мал ұрлығы азайды


Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Ағымдағы жылдың 9 айында облыстағы мал ұрлығы 44,4% төмендеп, бұл қылмыс түрін ашу көрсеткіші 4,7% артты. Тіркелген 12 аса ауыр ұрлықтың бүгінде 10 ашылды. Полиция жұмысы жалғасып жатыр. Алайда, өкінішке қарай, жазық далаға жіберіп қойып, малды бақылаусыз қалдыратын ауыл тұрғындарының немқұрайлылығы да жағдайды ушықтырып отыр», - деп мәлімдеді баспасөз қызметінде.
Ақпаратқа сәйкес, мұндай селоқостық салдарынан құқық қорғау қызметкерлерінің ешкім ұрламаған, жайылымда адасып кеткен малдарды іздеумен айналысуына тура келіп отырған көрінеді. Мысалы, жақында ғана Талас ауданында полицейлер қолды болды деген 12 бас жылқыны басқа жайылымнан тапқан.
«Аталған малды іздестіру жұмыстарына автокөліктегі 10 полицей жұмылдырылған. Осы сияқты факті Қордай, Рысқұлов аудандарында да кездесіп отыр. Мұнда малдарды іздеу үшін жедел-іздестіру топтары жұмылдырылған», - деп жазылған хабарламада.
Осы орайда, облыстық ІІД мал ұрлығы және малды бағу және оның материалдық жауапкершілігі турасында ауыл тұрғындарымен мыңнан аса кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Ақмарал Шағатай
23 қазан 2018 ж. 996 0