ҰРЛЫҚ ТҮБІ – ҚОРЛЫҚ
«Таңбасыз тай, енсіз қой болмайды» демекші, ауылдағы ағайынның малына төнген қатер барымташы ұрыдан келетіні сөзсіз. Өрісте айлап жайылатын малдың қараусыз қалғаны ұрыға таптырмас мүмкіндік. Қазіргі таңда қай ауылға барсаңыз да алдымен айтатыны мал ұрлығы. Әр үйден жылына бір немесе оданда көп мал жоғалып отырады. Осы орайда актив жиынында аталған мәселеге байланысты көкейтесті талқылау процесі жүргізілді.
Алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев қазіргі таңдағы елді-мекендегі мал ұрлығы тыйылмай тұрғандығын тілге тиек етті. Қанша қатаң шара ұйымдастырылса да ұрылар аяғын тартар емес. Мәселен, Қалжан ахун ауылында бір малды сойып, терісімен алып кеткен. Әккі ұрылар малдың сырғалық белгісін оқиға орнына тастап кеткен. Дәл осындай оқиға бірнеше ауылда кездеседі. Ауыл тұрғындарының бас ауруына айналған мал ұрлығының алдын алу шаралары жалғыз уческелік полиция қызметкерлерінің еншісінде емес. Әрбір тұрғын сезікті дүниені байқаған жағдайда дереу полиция қызметіне жүгінуі тиіс. Сондықтан мал жайылымға шығатын өрісті арнайы қадағалау кезек күттірмейді. Аудан прокуроры Е.Алмазұлы ауылдағы ағайынның кейбір жағдайдағы әрекетін баяндады. Мысалы, өрістен келген малды кешкілік сауып алғаннан кейін, қайта қараусыз өріске айдап жібереді. Ал, азанда келмеген малды іздеместен екі-үш күн қараусыз қалдырады. Тағы айта кететін жәйт ауылдардағы мал жайылымы бірнеше бағытқа бөлінеді. Бұл өз кезегінде бақылауда ұстауға қиындық туғызады. Басты қиындық тұрғындардың өз иелегіндегі малды айлар бойына өрісте қалдыруы назарға алынды. Өз кезегінде аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Е.Сағидуллаұлы жыл бойына жасалған жұмысқа тоқталды. Мал басының жоғалуының көптігі ауылдарды тексеру барысында анықталған. Мәселен, тұрғындардың кей салғырттығы өкінішке әкеліп соқтырады. Кішкене ғана дәлел – өрісті тексеру барысында бірнеше күн бұрын өлген малды тауып алады. Ауылды іздестіре келе мал иесін екі-үш күнде табады. Өлген малдың қожайыны ұрыларды табуға арыз береді. Мұндағы жәйтке назар аударатын болсақ екі-үш ай қараусыз жүрген мал өздігінен өлуі мүмкін емес пе? Сонымен қатар, қасқырларға жем болуы да ықтимал.
Аталған фактіні төмендетуге ел болып бірлесе күрескенде қол жеткіземіз. Кез-келген ауылда учаскелік полиция инспекторымен қатар Қоғамдық кеңес мүшелері, ауыл әкімдігі, жекелеген кәсіпкерлер, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары көпшілік малын бір жерге топтастырып, бақташыға бағуға беру керектігі айтылды. Уақ малды әр көше тұрғындары кезек-кезек бағуға мұқият бақылауы керек. Бірақ, ауыл халқы бұл үдеден шығу үшін ортақ келісімге келу керек. Сан тарапқа бұрылған жайылым бағытын біркелкі ету жолдары пысықталса, қорадағы малымызға егелік ете аламыз. Кейбір ауылда жеке шаруашылық қарауына беріп, ай сайын ақысын төлеу жолға қойылған. Учаскелік полиция қызметкеріне көмек ретінде астында жылқысы бар сақшылар мен бақташылар бағыт-бағдар көрсетуі тиіс. Бұл жерде ауылдағы Қоғамдық кеңестің рөлі зор. Өйткені, ұры алыстан келмейтіні тағы бар. Кәдімгі ағайынның ортасында жүрген азаматтар оңай олжаға батқысы келіп, ұрлыққа барады. Зардап шегуші арыз бергенімен ақырында сот алдына барғанда кешірім береді. Заңға сәйкес кешірім берген күдікті босатылады. Сан рет тұтылғанына қарамастан ол үйреншікті кәсібіне қайта көшеді. Мұндайда ауыл үлкендері Қоғамдық кеңестің алдына салып, өршіп кеткен ұрлыққа тоқтам салуы керек. Оған көнбеген жағдайда ауылдан аластату қарекетіне көшу маңызды. Осы орайда бірқатар ауылдың кіреберіс қақпасына бейнебақылау орнату керектігі ескертілді. Ауылға кіретін артық жолды бөгеуді жүзеге асыру керектігі әңгіме болды.
Аталған мәселенің мәйегіне тереңдей түсетін болсақ ауылдағы ағайын қол қусырып отырған жоқ. Жоғалған малдың есебін шығарып, күдік тудыратындай жағдайды асқан қырағылықпен зерделеуде. Келесі кезекте Е.Сағидуллаұлы «Батыс Еуропа– Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолы бойында көлік қозғалысын реттеу барысында орын алған оқиғаның басым бөлігі түнгі уақытта иесіз жүрген малдан болатындығын ескертіп өтті. Әр малға жарықтандырғыш мойын бау таққанымен көп ұзамай пайдаға жарамай жатады. Соның салдарынан жол көлік оқиғасы орын алып, адам шығынына әкеліп соқтырады. Міне, бір ғана мәселе төңірігінде қолға тиісті шара ауқымы кең. Осы ретте айтпағымыз өзіміз иелік ететін малға қадағалауды күшейтсек жоғарыда аталған факті көрінісі бәсеңдейтін еді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ