Күшейтілген жұмыс режиміне көшті
Қызылорда облысына кіруге шектеу қойылды. Бұл тұрғындардың бас амандығы үшін жасалып жатқан шаралар. Біздің аудан құрамына кіретін 13 ауыл мен кент орталығында барлығы 40 мыңға жуық халық бар. Олар қауіпсіздіктің қатаң ережелеріне бағынуда ма, қандай ауылдарға кіруге тыйым салынды? Жалпы ауданның тұрақтылығы мен карантин кезінде жергілікті полиция бөлімі атқарып жатқан жұмыстар жөнінде салаға жауапты полиция бөлімінің жаңа басшысы, полиция полковнигі Нұрлан Ибраевпен сұхбаттасқан едік.
– Нұрлан Мергалиұлы, төтенше жағдайға байланысты аудандағы бүгінгі ахуал қандай?
– «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы №285 Жарлығын және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 17 наурыздағы №222 бұйрығы негізінде, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстардың алдын алу, жолын кесу, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында 2020 жылғы 16 наурыздан бастап ерекше өкімге дейін Сырдария аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы қызмет атқарудың ерекше тәртібіне көшірілді. Осыған орай аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Атап айтқанда, кент орталығына 17.00-ден таңғы сағат 08.00-ге дейін 5 экипаж құрамында 10 қызметкер тұрғындардың түнгі уақытта жүрулеріне шектеу жасау жұмыстарын атқаруда. Адамдар көп жиналатын жерлерде бірқатар шара қабылданып, уақытша шектеулер қойылды.
– 1 сәуірден бастап аудан орталығы мен ауылдық округтерге де блок-бекеттер қойылды. Аудан бойынша қандай елді мекендерге кіруге рұқсат жоқ?
– Қазіргі таңда 31 наурыз сағат 00.00-ден бастап Сырдария ауданы аумағына кіру және шығу жолдарын жабу туралы шешім қабылданды. Яғни кент орталығы мен ауданның құрамына кіретін барлық округке азық-түлік тауарларын, дәрілік және медициналық заттарды басқа да тұтынушылардың өмір сүруіне қажетті тауарлар мен өндірістік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді қоспағанда автокөліктердің кіруіне рұқсат жоқ. Аудан аумағында санитарлық қауіпсіздікті сақтау мақсатында 5 блок-бекет қойылып, полиция бөлімінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Блок-бекеттер Қызылорда қаласы паспортына, Тереңөзек-Шаған тас жолының Сырдария өзені көпіріне, Тереңөзек кенті паспортына, Тереңөзек кентінен Қалжан ахун ауылына шыға берісіне және А.Тоқмағамбетов ауылына шыға берісіне орналастырылды. Бұл бекеттерде тәулік бойы полиция қызметкерлерінің нарядтары, жергілікті атқарушы органдар мен медицина саласының қызметкерлері кезекшілік етеді. Полицейлер көлікпен, қажетті арнайы қорғаныс құралдарымен, планшеттермен қамтамасыз етілген. Ал ауылдардағы кіре-беріс қақпаларға сол елді мекеннің учаскелік полицейлері кезекшілікке қойылды.
– Әлеуметтік желілерде тұрғындарға арасында жалған ақпараттар тарап жатыр. Мұндай мәліметті таратқандарға жаза қандай және ауданда бұл санат бойынша азаматтардан арыз-шағым түсті ме?
– Халық арасында алаңдатушылық туғызып, вирус жайында жалған ақпарат таратқан аудан бойынша 1 адам анықталды. Аталған дерек бойынша ұсталған күдікті өз әрекетін толық мойындап, өкінетіндігін айтты. Бүгінде ҚР Қылмыстық Кодексінің 274-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық Кодексінің 274-бабы 4-бөлігінде төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат тарату – 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатындығы көрсетілген. Осы ретте айта кетейін, қиын кезеңде тұрғындарға жалған ақпарат таратпауды, тек ресми орган тарапынан жариялаған жаңалықтарға сенуді сұраймыз. Ал карантиндік тәртіпті сақтамаған тұрғындар қатаң жазаланатынын ескертеміз.
– Кәсіпкерлік сауда нысандары мен шағын сауда нүктелерінің жұмыс істеу режимі қандай?
– Супермаркеттер мен азық-түлік базарлары сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін, азық-түлік дүкендері 09.00-ден 21.00-ге дейін, халыққа қызмет көрсету нысандары, оның ішінде сұлулық салондары, химиялық тазартқыштар, автомобиль майларын ауыстыру, вулканизация бойынша қызмет көрсету орындары және ломбардтар сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс жасайды. Ал тұрмыстық-техника және құрылыс базарлары жалпы айтқанда азық-түлік емес тауарларды сататын орындар 11.00-ден 17.00-ге дейін ашық болады. Ал дәмханалар мен асханалар басқа да қоғамдық тамақтану нысандары «клиентке дейін жеткізу» қағидатымен санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, тұрғындарға астарын жеткізеді. Оның да уақыты 10.00-ден 20.00-ге дейін деп белгіленген. Аталған шектеулерді орындамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы «Төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе 15 тәулікке қамау түрінде жаза көзделген. Билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін тәртіп бұзушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің 379-бабы бойынша 2000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы көзделгендігі жөнінде шағын және орта кәсіпкерлерге жергілікті атқарушы органдардың тиісті өкілдерімен бірлесіп түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні кент орталығында орналасқан екі азық-түлік дүкеніне төтенше жағдайдың жариялануына байланысты мемлекеттік орган белгілеген режимді бұзу немесе талаптарын орындамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476-бабы 6-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырып, шара көру үшін аудандық сотқа жолданды. Жалпы күшейтілген қызметке тәулік сайын 2 жедел тергеу тобы құрамында 8 қызметкер және сыртқы қызмет саласынан 23 қызметкер, барлығы 31 қызметкер жұмылдырылды.
Әңгімелескен Майя ҚОЖАБАЙ