Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мейірбике болғаныма бір сәт те өкінген емеспін

Мейірбике болғаныма бір сәт те өкінген емеспін

– 1986 жылы әкем Абат Ауминов отыз жыл аудандағы электр тарату жүйесін басқарып, зейнет демалысына шықты. Зейнеткерлікке шыққан соң әкем науқастанып қалды. Ол кезеңде мейірбикелер аз. Ем-дом жасайтын мейірбикенің жоқтығынан қатты қиналдық. Әйтеуір ұлты кәріс мейірбикені тауып, әкеме көмектескені бар. Сол кезде мен «Өзіміздің үлкен әулетте бір мейірбикенің болмағаны ма» деп ойладым да, дәрігер, медицина саласының қызметкері болуды армандадым, – деп әңгімесін өз арманынан бастады облыстық фтизиопульмонология орталығы Тереңөзек бөлімшесінің аға мейірбикесі Лилия Ауминова. Бұл салада білім алуына әуелгіде анасы Қалыкүл Қарақұлқызы қарсы болыпты. «Бармайсың» деп шорт кескен соң 1991 жылы жас талапкер Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа түседі. Екі апасы мұғалім. Оның біреуі осы педагогикалық институтта сабақ береді.
Өзі қаламаған мамандықты игеруге жас студенттің құлқы болмайды. Әйтеуір барып-келіп жүріп бір ауысымды өткізеді. Содан кейін мүлде сабаққа бармай қояды. Тіпті ауылға да келмей, Қызылорда қаласында қалып қояды. Анасы болса «Оқуды неге тас­тайды» деп ашуланып, қатты мінез танытады. Ақырында, райынан қайтып, өзі қалаған мамандықта оқуға рұқсатын берген. Сол кезде жас бойжеткеннің Байқоңырда тұратын жездесі «Біздің жақта медициналық колледж бар. Сонда мейірбикелер даярлайтын топ ашылып жатыр, келіп бағыңды сынап көр» дейді. Айтқандай-ақ Лилия Ауминова дереу Байқоңырға барып, медициналық колледжге оқуға түсіп, өзі қалаған мамандықты меңгеріп шығады. Кейіннен анасы «Менің қызым 5 соммен оқуға түсті» деп мақтанышпен айтқан көрінеді.
– Мен әуелден біреуге көмектесіп, жана­шырлық танытқанды қаладым. Өз ісінің маманы болып, адам жанының арашасы болсам деген мақсатпен алға қарай ұмтылдым. Осы мұратқа жету үшін жан сақтау немесе хирургия бөлімшелерінде еңбек етсем деген тілегім болды, – деген Лилия Абатқызы оқуды бітіріп келгеннен кейін екі күн ішінде аудандық аурухананың хирургия бөлімшесіне жұмысқа тұрады. «Іздегенге сұраған» деген осы шығар.
Хирургия бөлімшесінде еңбек жолы басталғанда туысқан атасына ота жасалады. Жас маман сол отаға қатысып, адам денсаулығы ең үлкен жауапкершілік екенін сезініп, тәжірибе жинақтай бастайды. Бұл жолда оған осы саланың Ұлтай, Күлпәш, Бақыт, Зина секілді тәжірибелі медицина қызметкерлері көмек көрсетіп, көп нәрсені үйретеді. Одан жаман болған жоқ.
– Негізі хирургия немесе жан сақтау бөлімшесінде мейірбике болып қызмет еткен жан басқа бөлімшелерде еш қиналмайды. Өйткені ауыр науқастар осы бөлімшелерге түскенде жедел әрекет етіп, адам жанын құтқарып қалу керек. Міне осындай қызметте шыңдалған мейірбике барлық жерде еңбек ете алады, – дейді аға мейірбике.
Еңбек жолын аудандық ауруханадан бастаған мейірбике Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы медициналық орталығының урология бөлімшесінде өз қызметін жалғастырған. Мұнда ол елге белгілі тұлғаларға ем-дом шарасын жасаған. Одан кейін халықаралық «International SOS» компаниясының «Тенгизмұнай» проектісінде медицина қызметкері болған. Бұл жерде ағылшын тілін білу міндет. Соған байланысты ағылшын курсында білім алады.
– Мектеп базасында үйренген білім бар. Бірақ ол жеткіліксіз. Сондықтан Алматыда үш айлық курста оқыдым. Бәрін біліп кеттім деп айта алмаймын. Компания менеджері Дуглас Баргер деген кісі Ақтөбеден келген дәрігер мен маған үш вахта, яғни алты ай уақыт берді. Осы аралықта ағылшын тілін үйреніп алуды жүктеді. Содан жұмыста жүргенде, демалыс уақытта жатпай-тұрмай тілді меңгеруге тырыстым. «Discovery» телеканалын көремін, қосымша кітаптар оқимын. Жарты жылдан кейін менеджер дәрігер екеумізден емтихан алды. Дәрігерге «Сіз тілді білуге ұмтылыс жасамапсыз» деп жұмыстан шығарып жіберді. Ал мені көпшілік алдында мақтап, өз мақсатына жететін нағыз маман екенімді айтты, – деді тәжірибелі мейірбике.
Осындай өз мамандығына жауапкершілігі мен алға қарай ұмтылуының нәтижесінде Л.Ауминова Біріккен Араб Әмірлігінде «ADNH» компаниясында да қызмет істеген. Абу Даби қаласында алты мың әйелдің денсаулығына жауапты болған. Таңнан кешке дейін медициналық көмек көрсетіп, өз қызметін ұсынған. Екі жыл келісімшарт бойынша жұмыс істеп, одан кейін анасының науқастануына байланысты ауданға қайта келеді.
2011 жылы елге келген тәжірибелі маман аудандық ауруханада медициналық статист, қабылдау бөлімшесінің аға мейірбикесі, ал 2016 жылдан бастап қазіргі облыстық фтизиопульмонология орталығы Тереңөзек бөлімшесінің аға мейірбикесі қызметінде. Бұл жердегі қызметі де оңай емес. Себебі жүйке жүйесі ауырғандардармен жұмыс істеудің өзі ерекше ыждағат, шыдамдылықты талап етеді.
– Бұл кісілерді өмір екі рет ренжіткен деп ойлаймын. Бірінші ретте жүйке жүйесі ауыр болып өмірге келсе, екінші ретте ата-анасы теріс айналып жатады. Одан бөлек туберкулезбен ауырады. Міне осындай жандармен жұмыс істеу өте ауыр. Оларға жәйден-жәй қарай алмайсың. Әрқайсысымен ерекше жұмыс істеу қажет. Өз мамандығымызға деген сүйіспеншіліктің арқасында осындай ауыр қызметте жүрміз. Мейірбике болғаныма бір сәт те өкінген емеспін. Негізі менің өмірдегі басты жетістігім – мамандығым мен қызым, – дейді ақ халатты абзал жан, аяулы ана. Қазіргі таңда мектепті «Алтын белгімен» тәмамдаған қызы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде жоғары білім алуда.
Өз мамандығының нағыз майталманы болған аға мейірбикені мерекемен құттықтап, қызметіне табыс тіледік.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
07 наурыз 2020 ж. 692 0