Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Күзгі бақтың шуағы немесе бір ағашта екі алма

Күзгі бақтың шуағы немесе бір ағашта екі алма

Ой-хой, он жеті жас! Түк білмейтін түбіт иек кезіміз. Он жылдықты біті­ріп, Алматыға келдік. Бар арманымыз – оқуға түсу, журналист болу. Құ­­мырс­қаның илеуіндей құжынаған аби­туриент. Инкубатордың сары ауыз, үрпек бас балапаны секілді бір-бірінен аумайтын кілең «қызылшақа».
Сүрлігіп жүріп сүйріктей-сүйріктей бес жігіт жатақхананың бір бөлмесінде тоқайластық. Таныстық. Шетінен ақын. Ағып тұр! Ортасында осалы жоқ-ау! Аты- жөнімізді сұрасып, ептеп шүйір­келескесін:
– Мектепті қалай бітірдің? – деп сұрастық өзара.
– Аттестатымның жартысы «бес», жар­тысы «төрт!» – деді біреуі ағынан ақтарылып.
– «Төртім» – төртеу, қалғаны «Бес!» – деді екіншісі.
– Екі сабақтан «үшім» бар. Мате­матика мен физикадан! – деді үшіншісі.
Екі беті борықтай, еріні шиедей қып-қызыл жігіт сәл-пәл күмілжіп, қы­­­сы­лып-қымтырылғандай сыңай та­ныт­ты да:
«Төрт жоқ!» – деді қысқа ғана. Бә­ріміз шу ете қалдық:
– Немене, сонда аттестатыңның бәрі «үш» пе? – дедік үрпиісіп. Сөйтсек, ол мектепті алтын медальмен бітірген екен. Ол баламыз оқуға оп-оңай қа­былданды, бір-ақ пәнді үздік тапсыр­ды да белестен өтті. Қалған екеуі «заочный» түсті. Ал аттестатымның жар­тысы «бес», жартысы «төрт» деген Қайыр­бек Асанов екеуміз шамаданымызды арқалап ауылға қайттық.
Келесі жылы... Тағы да Қайырбекпен ұшырасып, тағы да бір бөлмеде жат­тық. Мұң-зарымыз ортақ. Әйтеуір, құ­дай көз жасымызды көріп, жолымыз оңғарылды. Студент атандық. Қайыр­бектің жырымен сөйлесек:
Мезгілі бітіп, абитуриенттік аз күннің,
Бағымыз жанып, студенті болып КазГУ-дің,
Алғашқы күннен әліппесін біз бастадық
Журналистикадағы шеберлік пенен жазудың.
Ол кезде жатақхана тапшы. Жетіс­пейді. Қайырбек және Аралдың Аман­өткелінен келген Айкөрген Әбі­лев, көк­шетаулық Мұхамедия Жұма­ға­лиев және ерейментаулық Аман­гелді Жұмабеков бесеуміз пәтер жал­дап, бірге тұрдық. «Ырысты, кү­ріш­­ті Қызылордада» туғандықтан ба, Қа­йырбектің бұқтырған палауын анау-мынау өзбегің әй, пісіре ал­май­ды-ау! Әр адамның сүйікті ісі, жаны­на жақын бір «хоббиі» болады ғой. Қайырбектің «хоббиі» – палау пісіру. Сосын киім үтіктеу. Шалбарына қарасаң Оспанхан ағам айтқандай «қы­рынан қыл құлайды». Ал қалған уақыттарда бұрқыратып өлең жазады. Бірақ поэзия «хоббиі» емес, алғашқы махаббаты сияқты. Тәуір теңеу, бейнелі тіркес, бедерлі сөз тапқанда балаша қуанып, бақытқа кенелгендей сезінеді. Оқиды. Мәнерлеп оқиды. Қайта-қайта оқиды. «Дүниеде сенен басқа ақын жоқ па осы? Қойшы енді, Қайреке!» – дегіміз келеді. Бірақ бата алмаймыз. Бізден бес-алты жас үлкен. Сақа жігіт. Әскерде болған. Тереңөзек ауда­нын­дағы «Қараөзек» совхозында комсомол комитетінің хатшысы бол­ған. Бокспен айналысқан. «Таяқ жейміз бе» – деп және тайсаламыз.
Күндердің күнінде курстасымыз Күләштің өлеңін жатқа оқуды шығарды. Күләш! Кәдімгі Күләш Ахметова. Ақ­жарма ақындығын алғашқы курста-ақ мойындап қойғанбыз.
Жексенбі күні еді. Таң атпай Қайырбек ұйқымыздан оятты. «Өй, өң­шең маубас!» деп төсегімізден тұр­ғызды. «Есіктің алдын сыпыр!» – деді маған. Ал Айкөргенге «Үйді тазала!» деді. Өзі ет турап, пияз аршып, па­ла­уына кірісті. Бұл не дүрбелең? Сөйт­сек, Күләш курстасымызды Ізімкүл құр­бысымен түскі қонаққа шақырса керек. «Кілең ақын бас қосса, тар бөлмеде та­маша поэзия кеші өтетін шығар?» деп жорамалдадық.
Өмір бойы аялаумен өтемін,
Жүрегімді түсінбесең не етемін?
Бұрын қалай сезбегенмін, тәңір-ау,
Махаббаттың мұнша күшті екенін!
«Қазір қара да тұр. Қайырбек дәп осы өлеңін оқиды» деп ойладық. Е-һе-е, жорамалымыз жолда қалды. Әсем­­­дік, әдемілік туралы әңгімені ғана өр­­бітіп отырды. Әшейінде тайдай та­пы­рақтап тұратын Қайырбегіміз желіге байланған құлындай жуасып қалыпты. Оу, бұл ненің әсері?
Күләштің поэзиясы ма? Жо-жоқ, сөйт­сек Қайырбек көкеміз Күләшқа ғашық екен. Тіл-ауыздан айырылып, мылқау болып қалғанын алғаш рет аңғардық. Көп ұзамай екінші курстың қақ ортасында шаңырақ құрды. Несін жасырайық, бізден кетіп Күләшпен тұрғаны әуелгіде арқамызға аяздай батты. Күнде күркіреп өлең оқитын Қа­йырбек жоқ. Іздейміз. Алаңдаймыз. Сағынамыз... Бір күні Қайырбек досымыз екі кештің арасында біздің пә­терімізге келіп өлең оқыды. Әсіресе, көк­тем туралы шуақты шумақтары бә­рі­мізге әсер етті.
Бұл шақтарда аңсау қиын
күнді өткен,
Құмарлана иіскейміз гүлді еппен.
Көкек айы үлестіріп кетіпті,
Әр жігіттің құшағына бір
«Көктем!»...
Шіркін, студенттік шақтар-ай! Кур­сымыздағы елу баланың елуі де ақын еді ғой. Кейінірек кеміп кетті. Саяз су­дай сарқырап аққандары поэзия те­ңізіне құя алмай тағдырдың тақы­рына сіңіп, жыра-жырасына бөлініп сарқылып қалды. Қайрекеңнің ағысы өз мінезіндей бірқалыпты. Не тасымайды, не ортаймайды. Алғашқы курстан-ақ поэзия үйірмесін құрып, шаранасы кеппеген өлеңдерімізді талдайды. Жетекшіміз – Қайырбек.
Белсенді. Жанпейіс Қарақұсов, Ха­би­жан Құсайынов, Абдул-Хамид Мар­­хабаев сияқты ұстаздарымызбен те­резесі тең профессордай емін-ер­кін сейіл құратын. Бұл – бір жағы. Екін­шіден – ол бәріміздің «старостамыз».
Қолтығында журнал. Сабаққа кел­­ген-келмегенімізді белгілейді. Адал­­­­дығы сондай, ымыраға көнбей­ді ғой. Дәріске қашып-пысып қатыс­паған­дар­дың тұсына «Н.Б.» деп түртіп қоя­ды. Онысы орысша қысқарған сөз – «Не был» деген мағынаны білдіреді. Қа­зақшасы – «Қатыспақ түгіл, қарасын да көрсеткен жоқ» деген сөз. Бұл бел­гінің өзі студенттер үшін ату жазасына шығарған үкіммен бірдей еді. Сылтауы көп жырау курстасымыз Мейрам Ора­лов күндердің-күнінде Қайырбекті бая­ғының батырларындай жырлады. Бір шумағы есімде:
Староста Асанов
«Шаш ал!» десе, бас алып,
Журнал беті қып-қызыл,
Күнде белгі жасалып...
Міне, өмір! Құдай сәтін салса, енді төрт-бес айдан соң Қайырбекпен алғаш рет қауышқанымызға елу үш жыл болады екен. Елу үш жыл! Аз ғұмыр емес. Егер ақын күніне бір өлең жазса... О-хо-о, есептей беріңіз, елу үш жыл­да қанша өлең? Бірақ поэзия «Жүз саулықтан пәленбай қозы аламыз!» деп мәлімет беретін шаруашылықтың міндеттемесі емес. Елу үш жылда алты алаш айта жүретіндей айдарлы бір-ақ өлең тууы да ықтимал. Мың өлең жазып, бір-ақ туындысымен тарихта қалған ақындар аз ба? Біздің Қайырбек сан қуған жоқ, сапасы мықты саф алтындай поэзияны іздеді. Жырды нөсердей төккен Мұқағали Ма­қатаевтың өзі:
Бір өлеңі – бір елдің мұрасындай,
Жыр жаза алмай жүрмін мен
Расулдай!
– деп, Ғамзатовты бағалауы киелі өнерді пір тұтқандық. Студент шағының өзін­де-ақ ақтаңгер ақын Мұқағалимен бі­­­раз жылдарын өткізгенін білемін. Ақын қайтыс болғаннан кейін Мұқа­ғали ағасын сағынғаннан болар, жыр жол­­дарын көз жасындай тамшылатты.
Қарасазың аман, аға, сұраған,
Барлығы да, барлығы да дін-аман.
Тек сағынып қалғандай-ақ бар досың,
Сағыныш боп сарғаюда Жыр-Анаң.
Абайсызда Ай-арманы құлаған
Қайран менің ұлы ағам!
Алайда, Қайырбек «Расул Ғам­за­товтай өлең жазбадым-ау» деп өкін­беген сыңайлы. Өйткені өмірдегі сезін­генін, түйсінгенін табиғи қалпында өр­нектеп, тамшыдай ойды қамшыдай өре білген ақын.
Кеш бастадым, бәрін де кеш бастадым,
Жүрген жолын өзгенің еш баспадым.
Көкірегімде бұйығып жатқан жырды
Шығармадым, бірақ та қоштаспадым.
«Әр қаламгер әдебиетке өнерімен ғана емес, өзінің мінезімен де сіңісуі керек» деген ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуе­зовтің қағидасын ойлағанымда, Қайыр­бек елестейді. Жібектей жігіт! Кейде оның аңғалдығы мен сенгіштігіне қа­рап, қаз-қалпында қалып қойған дәу ба­лаға ұқсатамын.
Қазақстан Жазушылар одағының шығармашылық үйінде демалып жат­қан сөз зергері Ғабит Мүсіреповке ар­­найы дастарқан жайып інілік ізет жаса­ғанын көргенімде «Кісі болар кісі­нің кісіменен ісі бар» деуші еді, біздің Қайрекең кісі екен ғой» деп іштей топшылағаным бар. Сөйтсем бұл берекелі ісінің бер жағы ғана екен. Әсіресе «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жа­уапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі болып жеті-сегіз жылдай тер төккен кезеңінде редактор Сейдахмет Бер­діқұловқа жұ­­­­мыс барысымен, кейде сәлем бере келген ұлтымыздың ұлағатты тұл­ға­лары Қайырбекке де бір соқпай кетпей­тініне қызығатынбыз. Неге? Ма­ңайын­дағыларды магниттей тартатын тылсым қасиеті ме?
Кірпияз Сейдағаң оның адалдығына, азаматтығына, жүріс-тұрысына ри­за. Әсіресе газетті көркемдеп, шебер бе­зен­­­дірген күндері «Жігіттің сұл­та­ны біз­дің Қайроштай-ақ болар. Макет жа­­­саудың маршалы ғой» деп оты­ра­тын. Сол Сейдахмет ағаның де­меуі­мен, ақын апайымыз Фариза Оңғар­сынованың жанашырлығымен үш бөл­мелі пәтердің кілтін алып, жаңа үйге, қоныс аударғандағы жас баладай қуанғанын көрдім. Кейін 10 жылдай Асқар Сүлейменовпен көрші болды. «Адам көркі – шүберек» дейді ғой, шүберексіз де көркем жігіт Қайырбек сән қуды ма, әлде сол тұстағы модаға еліктеді ме, әйтеуір қап-қара ғып қа­ба сақал қойды. Жарасымды! Бір қара­ғанда үндінің саяхатшыларына, бір қарағанда тәжіктердің киноактерлеріне ұқсайтын. Соны байқаған Асқар аға басбармағын шошайтып:
– Шикарно! Мен үшін сақалыңды алмашы! – дейтін.
«Шіркін, Қайрекеңнің қара бұйра шашы мен келбетін бір күнге прокатқа беріп, менің иығыма қондырса, жарты әлемнің сұлуларын жаулап алар ем!» – дейтін кейбір қалжыңбас дос­тары. Атақты суретші Жанатай Шәр­деновтің соңғы жұмыстарының бірі – Қайырбектің портреті. «Суретке сұ­ранып тұрған келбетті жігітсің» дейтін. Сол тамаша туынды қазір Қайыр­бектің төрінде ілулі тұр. Ал, ақын ағамыз Ғафу Қайырбеков, жасы кіші болса да, оны өмір бойы «сіз» деп өтті. Атын атамақ түгіл, «сен» де­мей­тін. Себебін сұрағандарға «Ол менің әкеммен аттас қой» – деп еркелететін.
Кейінірек «Қазақ әдебиеті» газе­тінде жауапты хатшының жүгін табаны күректей он төрт жыл атан түйедей артынып, жазушылар керуеніне қосылды.
Қалың оқырманның қадірлі газеті «Қазақ әдебиетінде» бас редактор бол­ған Шерхан Мұртаза, Төлен Әбдік, Оралхан Бөкей, Ахат Жақсыбайдың бәрімен тіл табысып, жауапты хатшы болып істеу оңай шаруа емес.
Ет-жүрегі ел деп соғатын Зейнолла Қабдолов, Иманғали Тасмағамбетов, Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Құл-Мұхаммедтей мемлекет, қоғам қайрат­керлеріне арнаған өлеңдерінде ақын жүрегінің лүпілі сезіледі.
Бір күні Қайырбек нілдей бұзылды.
– Басқа жұмысқа ауысам! – деді.
– Қайда?
– «Заман-Қазақстан» газетіне.
– Өй, онда не бар?
– Бас редактор Болат Бодаубаев бі­рінші орынбасарлыққа шақырып жатыр!
– «Қой!» – дегенге қоймады. Бір саты болса да биіктеу қызметке қызық­қан шығар...
Бүкіл ұжым Қайырбекті соғысқа бара жатқандай қимай қоштасып, өлең­­детіп шығарып салғанын білем. Міне­ки, сол өлеңнің бір шумағы:
Қолың ұзын құрықтай
Құлашың кең, Қайырбек.
Қайда жүрсең – аман жүр,
Күләшіңмен, Қайырбек!..
Одан әрі Қазақстан Жазушылар одағы әдеби қорының директоры, «Заман-Қазақстан» газеті Бас редакто­рының бірінші орынбасары, «Отан» жур­налының бас редакторы, Сыртқы істер министрлігі дип­ло­матиялық академиясында бөлім мең­герушісі болды. Есектің ер-тоқымы секіл­ді қызметі түскір қаламгер үшін дә­реже ме? Жоқ! Ақынның абыройы – шығар­масында!
«Мен де өзімше түрлі-түсті бояумын» дейді ақын. Сәтті сурет. Ағынан жарылып отыр. Жыр да гүл секілді. Егер қыр гүлі түрлі-түсті болмаса, көз жа­уын ала ма? Ақ жауыннан соң ас­пан­ның төріне кілемдей ілінген кем­пір­қосақ та түрлі-түстілігімен та­ңырқатпай ма? Міне, сол сияқты Қайыр­бек поэзиясының да бояуы қа­нық, түрлі-түсті. «Халқым барда – кеу­демде намысым бар» – дейді. Нағыз ақынды намыс билейді. Сұлу Сыр­дың бойында бұлғақтап өскен ақын «Жабайы өскен талымды айырбастамаймын қайыңға» –дейді ауылын са­ғынған сәтте. Туған жерге деген се­зімі «әжесінің ұршығындай айналып» тұ­ратынын бейнелі тіркеспен бедерлейді.
Соғыстан соң дүниеге кеп, бір үзім нанның қадір-қасиетін қаршадайынан біліп өскен ақынның «Нанды кейде тас қып ойнап жүретін, қарны той­ған балалардан қорқамын» деуінде аза­маттық әуен басым. Артта қалған ащы тарихтың шыңғырған даусы құ­ла­ғыңа талып жеткендей әсер етеді. Жалпы, жақсылықтың қадіріне жету – адамзаттың парызы. Ал, өмірдің парқы неде? Мына дүниеге бір сәт Қайыр­бектің көзімен қарасақ:
Еш таң қалма маған
қайдан түстің деп,
Өмір деген бәріміздің еншіміз.
Сезінбейік Құдіретті күшпін деп,
Аз уақытқа келіп жүрген елшіміз!
Адамзат ғұмырын аялы табиғатқа баласақ, жастық шағымыз – «қызыл-жасыл әлемнің ғажаптығын бәріне де дәлелдеп кететін» көктем! Қырма сақал атанған қырық, елу жасыңыз шілде ғой, шілде! Таңының өзі тандыр пештей ыстық жаз ол. Ал, жетпістен асқандар Ал­тын күзден аумайды. Жемісі пісіп, желегі түсіп, толысқан шақ. Күзгі бақ­тың шуағындай әсерлі!
Сенсіз гүлзар бағында,
Босқа өмірім өткендей.
Сен бар кезде жанымда,
Төрт мезгіл де көктемдей!
Әй, қайдам, әуеніне қарағанда кү­рең күзді мойындайтын түрі жоқ-ау? Көңілі көктемдей Қайрекең бұл өлеңін кімге арнады екен? Жан-жары Күләшқа ма? Солай шығар...
Алдымда Қайырбек пен Күләш екеуі бірігіп шығарған «Сен жанымда жүрсең» атты жыр жинағы жатыр. Бір үйде – екі ақын. Күзгі бақтың шуа­ғымен нәр жиып өскен бір ағаштың екі алмасы сияқты.
Халық әнінің қалықтаған әуенін естіп тұрғандаймын.
...Бір ағашта – екі алма.
 

Көпен ӘМІР-БЕК,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері
04 наурыз 2020 ж. 519 0