Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балақай, біле жүр

Балақай, біле жүр

Аудан орталығындағы «Бақ-Нұр бөбек» балабақша­сында «Денсаулық» апталығы ұйымдастырылды. «Ба­ла денсаулығы басты назарда» тақырыбымен өрбі­ген ашық сабаққа аудандық емхана жанындағы «Жас­тар денсаулығы орталығы» мамандары Д.Алашба­ева мен А.Молдашова арнайы қатысты. Сала мамандары балақайларға күнделікті тұтынатын азық-түліктердің пайдасы мен зияны турасында түрлі ойындар өт­кіз­ді. «Зеретай» мектеп алды даярлық тобының бүлдір­шіндері «Қандай тағам түрлерін жақсы көреміз?» де­­ген сауалға жүректеріндегі бүкпесіз жауаптарын жеткізді.
Алғашқы ойын түрі «Бағдаршам» деп атады. Мұнда балақайлар өзіне берілген суреттегі тағамдардың пайдасы мен зиян екенін анықтап, бағдаршамның қызыл және жасыл түстеріне қояды. Бұл ойын балаларға қызық болған секілді. Барлығы белсене араласты. Келесі ойын түрі «Жеміс және көкөніс» атымен берілген. Белсенді балақай ортаға шығып арнайы себеттегі заттың жидек немесе көкініс екенін анықтады. Ең қызықты ойын түрі «Дәмін тапшы балақай» деп аталды. Көздері байланған балалар ауыздарына салынған жемістердің түрін дәмі арқылы табуы тиіс болатын. Балақайлар алма мен банан дәмін тез тапса, кейбір цитрус­ты жемістерден қателесіп жатты. Осылайша балаларға фастфуд өнімдерінен бас тартып, пайдалы жемістерді көптеп жеу керектігін мамандар түсіндірді.
– Саламатты өмір салтын ұстау қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бүгінгі қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген, парасатты, мәдениетті, дені сау азамат өсіру ата-ананың, балабақша қызметкерлерінің міндеті. Соның бір шарасы осы «Денсаулық» апталығы болып табылады. Балалар көзімен көріп, құлағымен естіп сезінбесе, көп нәрсеге сене бермейді. Сондықтан арнайы мамандарды шақырып ауқымды шара өткіздік, – дейді балабақша медбикесі Гүлзада Мурзабекова.
Аталған мекемеде бүгінде 75 бала тәрбиеленуде. Оларға 8 тәрбиеші қызмет етеді. Атап өту керек, дәл осындай арнайы сабақ аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері С.Нұржанқызымен де өткен болатын. Мұндағы тақырып – «Оқыс өрт кезіндегіндегі қауіпсіздік ережелері».

Майя ҚОЖАБАЙ 

03 наурыз 2020 ж. 713 0