Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҢА ЗАҢНЫҢ ТИІМДІЛІГІ ҚАНДАЙ?

ЖАҢА ЗАҢНЫҢ ТИІМДІЛІГІ ҚАНДАЙ?


Бұрнағы күні аудандық соттың ұйымдастыруымен аудандық мекемелер үйінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіруге арналған көшпелі семинар өткізілді. Оған аудандық соттың төрағасы А.Абдулла, құқық қорғау органдарының өкілдері, жергілікті атқарушы орган өкілдері, нотариус және жеке сот орындаушылар қатысты.
Семинар барысында сот төрағасы 21.01.2019 жылғы №217- VІ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар» туралы сот бұйрықтық өндірісінің бірқатары нотариусқа, ал сотпен берілетін санкциялардың бірқатары прокурорға өтетінін жеткізді.
– Атап айтқанда, сот орындаушыларының әрекетіне берілген 18 санкцияның ішінен сотта екеуі ғана қалады, яғни күштеп әкелу және елден тыс шығуға тыйым салу қарастырылған деді. Борышкердің мүлкіне тыйым салу алып тасталғанын айтты, банктік шоттарға тыйым салуға санкция беру және банктік құпияны құрайтын ақпаратты талап ету прокуратураның өкілеттігіне берілді, – деді.
Өз кезегінде төраға АПК-нің жеңілдетілген іс жүргізудің екі санаты ғана қалатынын айтып, бұйрық арқылы іс жүргізудің 18 талабының 9-ы нотариатқа берілетіндігін, оңайлатылған тәртіппен іс жүргізудің 12 категориясының 10-ы бұйрықтық іс жүргізуге берілетіндігін, «ҚР АПК» де нотариусты өтініш білдіруге ынталандырады. Мысалы, нотариалдық жазба бойынша өндіріп алу мүмкін болса, судья іс бойынша талап арызды қайтара алады. Егер талапкер даудың болуын талап етсе, судьяның талапкерге іс бойынша сот шығындарын жүктеуге құқығы болатындығын түсіндіріп өтті.
Негізінен Заңға Мемлекет басшысы 2019 жылғы 21 қаңтарда қол қойды. Заңның мәтіні үстіміздегі жылдың 23 қаңтарында «Егемен Қазақстан» газетінде ресми түрде жарияланған болатын. Аталмыш Заң ақпан айынан бастап күшіне енеді.
Сонымен қатар, сот төрағасы семинар қатысушыларына, нотариустарға нотариалдық жазба бойынша халықты кеңінен ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті. Келесі кезекте сот жүйесінде өзгерістерге тоқтала кеткен төраға «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының іс жүргізу барысында тиімділігін айтты. Қазіргі таңда аудандық сотта талап арыздың барлығы электронды түрде қабылданады. Сондай-ақ сот процесі аудио, бейне жазбаларға жазылып, алынады.
Жиын соңында заңнамаға енгізілген өзгеріс пен толықтыруға байланысты мамандар тарапынан сауал қойылып, барлық сұрақтарға толық жауап берілді.

Б.ОРДАБЕКОВ
02 ақпан 2019 ж. 843 0