Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әйелді ері сақтамайды, ары сақтайды!

Әйелді ері сақтамайды, ары сақтайды!

Бұл оқиға Омардың (оған Алла разы болсын) мұсылмандарға әмірші болып тұрған шағында орын алған. Ол түн ішінде серігімен бірге Медине көшелерін аралауға шығады. Бір үйдің қабырғасына сүйеніп тұрғанда, ар жақтан анасы мен қызының әңгімесі естіледі. Анасы: «Қызым, анау тұрған сүтке су қосып, таңертең сатуға шықсаңшы» деді. Сонда қыз: «Омар бізге сүтке су қосуға тыйым салды емес пе?» дегенде анасы: «Сені Омар көріп тұр деймісің?» деп жекиді. Қыз: «Омар көрмесе де, Алла көріп тұр ғой» деп жауап береді. Мұны естіген Омар үйіне қайтып, ертесіне әлгі қызды ұлы Асимге айттырып келеді. Екеуі отбасын құрып, қабырғаның ар жағындағы иманды әйел дүниеге қыз баласын әкеледі. Ол қыз бойжетіп заманында халифа болған Абдул Мәлик ибн Мәруанға тұрмысқа шығып, олардан Абдулазиз деген салихалы кісі дүниеге келді. Ал Абдулазиздың баласы Омар бесінші ізгі халифа атанған салихалы тұлғаға айналды.
Расымен де, иманы бар ибалы қыздар айналар ертең елдің анасына! Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) де ерлерге қызды иманына қарап таңдаудың ең абзал амал екендігін айтып кетті. Хадисте: «Әйелге төрт нәрсесі үшін үйленеді: байлығы үшін, тегі үшін, сұлулығы үшін және діні үшін. Сен діндарды (иманына қарап) ұнат. Алла қолыңды кеңітеді. (Яғни, әйел иманды болса үйге берекет кіреді Х.Алтай)» делінген (Бұхари, Муслим, Насаи, Ибн Мәжәһ). Иманды жар – тәрбиелі ұрпақ мәйегі, еркектің иманының жартысы, жанының тыныштығы мен тынымы, көзінің қуанышы.
29 қаңтар 2020 ж. 575 0