Олқылық шығынға ұшыратады
«Азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 қарашадағы №1303 Қаулысы бекітілген.
Пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сақтау көтерме сауда және шығыс қоймаларында штабельдер немесе ағаш төсемдерде және бөлшек сауда желісі қоймаларында сақталады.
Тұрмыстық мақсаттағы пиротехникалық заттар мен бұйымдардың бөлшек саудасы, оған тікелей күн сәулесінің және атмосфералық жауын-шашынның түсуін болдырмай өнімнің сақталуын қамтамасыз ететін дүкендерде, дүкендердің бөлімдері мен секцияларында, павильондар мен дүңгіршектерде жүргізіледі. Сауда үй-жайларын пиротехникалық заттармен және бұйымдармен толтырудың тікелей нормасы сауда үй-жайының әрбір 25 шаршы метріне брутто бойынша 1200 келі пиротехникалық бұйымдар мен заттарға есептеліп белгіленеді. 333 келіден аспайтын тұрмыстық пиротехникалық заттар мен бұйымдарды 25 шаршы метрден аз сауда үй-жайларында сақтауды және сатуды бір уақытта жүргізуге болады.
Өзіне-өзі қызмет көрсету дүкендерінің сауда үй-жайларында тұрмыстық пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сатуды тек мамандандырылған секцияларда сатушы-консультант жүргізеді, сатып алушыларға тұрмыстық мақсаттағы пиротехникалық бұйымдарды тікелей ұстауға болмайды.
Сауда ұйымдарының (дүкендердің) қойма үй-жайлары үшін - 5 000 келіден аспауы тиіс.
Сақтау орындарын желдету үшін құлыппен жабылатын торлы металл есіктер, ал терезелер мен желдеткіш қақпақтарына металл торлар мен торшалар орнатылады. Торлы есіктер мен торлардың көздері көлемі 150 мм х 150 мм аспауы, тор шыбығының қалыңдығы 10 мм кем болмауы тиіс.
Азаматтық пиротехникалық заттар мен бұйымдарды тұрақты және уақытша сақтауға арналған жұмыс істеп тұрған және жаңадан пайдалануға берілген барлық қоймалар аумақтық ішкі істер органдарында тіркелуі тиіс.
Әрбір сақтау қоймаларында азаматтық пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сақтауға аумақтық ішкі істер органдары берген рұқсат етілген санынан аспайтын мөлшерде сақтауға болады.
Әрбір базистік және шығыс қоймаларының паспорты болуы тиіс, оның бір данасы қоймада сақталады.
Фейерверктерді қоғамдық-мәдени көпшілік іс-шараларда қолдану тек аумақтық ішкі істер органымен келісілген, жұмысты жүргізуге құқығы бар құжаттамалар бекітілгеннен кейін жергілікті әкімшіліктің рұқсатымен фейерверктерді көрсетуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға рұқсат етіледі.
Бұл ретте азаматтық пиротехникалық заттар мен бұйымдарға техникалық құжаттамалар, орналастыру жоспары, бұйымдарды тасымалдау үшін арнайы жабдықталған көлік келісуге ұсынылады.
Мәдени-көпшілік және бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде фейерверктер көрсету үшін ұйымдастырушылар жергілікті атқарушы органға іс-шара өткізуге дейін кемінде 10 күн бұрын қолдау хатпен өтініш білдіреді.
Фейерверк жүргізілетін алаңдарда:
1) темекі шегуге және от жағуға;
2) мас күйде жұмыс істеуге;
3) фейерверк құралдарын күзетусіз қалдыруға қатаң тыйым салынады.
Құрметті аудан кәсіпкерлері мен мекеме басшылары «Азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 қарашадағы №1303 Қаулысының көшірмесін Сырдария ауданы төтенше жағдайлар бөлімінен алуға болатынын ескертеміз.
Орын алған төтенше жағдайлар мен оқиғалар кезінде «101», «102», 21-2-00, 21-4-94 телефондарына хабарласуларыңызды сұрайды.
Н.Бақтияр,
Сырдария ауданының төтенше
жағдайлар бөлімінің бас маманы