Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сиқырлы жүзіктің сыры қандай?

Сиқырлы жүзіктің сыры қандай?

Бір шаруа күні бойы тынбастан еңбек етіп, қатты шаршайды. Маңдайындағы сорғалаған терін сүртіп, біраз отырып дем алмақшы болады. Бір кезде алдынан кішкентай адам пайда болады. Оған дауыстай сөйлеп:
– Ей, адам! Таңның атысынан күннің батысына дейін тұрмастан тырбанып еңбек етесің, бірақ бұдан тапқан ешқандай пайдаң жоқ. Жылы жүректі, қайырымды, намысты бір адамсың. Бұл үшін саған бір жақсылық істегім келеді. Екі күн күншығысқа қарай тура жүр. Алдыңнан орман шығады. Орманның ішіне кіріп, ортасына дейін бар.
Сол жерде басқа ағаштарға ұқсамайтын, олардан өзгеше үлкен бір арша ағашы бар. Ол ағашты кескен кезде саған бақыт есігі ашылады, – дейді.
Кедей мұны ести салысымен балтасын иығына салып алып жолға шығады. Екі күн жол жүріп ғажайып үлкен арша ағашын табады. Балтасын қайрап, көп күш жұмсап, әзер дегенде ағашты жерге құлатады. Сол кезде ағаштың жоғарғы жағындағы ұядан екі жұмыртқа жерге түседі. Жұмыртқалар біраз домалап барып жарылады. Біріншісінен бүркіттің балапаны шығады. Екіншісінен алтын жүзік көрінеді. Бүркіттің балапаны лезде өсіп, адамның бойымен бірдей болады. Ұшпақшы болып қанатын қағып-қағып адамға:
– Ей, адам ұлы! Сен мені кұтқардың. Саған борышымды өтеу үшін алтын жүзік беремін. Бұл – сиқырлы бір жүзік. Жүзікті тілегіңді айтып, саусағыңда айналдырсаң қалаған нәрсең орындалады. Бірақ жүзіктен өміріңде бір-ақ рет тілек тілейсің. Тілегің орындалған соң жүзік сиқырын жоғалтып, жай бір жүзік болып қалады. Сондықтан тілегіңді айтпастан бұрын жақсылап ойлан, әйтпесе, кейін өкініп жүресің, – дейді.
Бұларды айтқаннен кейін бүркіт аспанға көтеріліп, егіншіні айналып ұшып, шығысқа қарай қанатын самғап, көзден ғайып болады. Егінші де қуана жүзікті саусағына салып, үйіне қарай жолға шығады. Тапа-тал түсте бір қалаға келіп кіреді. Сөрелері жүзікке толы зергерлік дүкенінің алдына келеді. Ішке кіріп, зергерден қолындағы жүзіктің қанша тұратынын сұрайды. Зергер жүзікті әрлі-берлі айналдырып, ернін шүршитіп:
– Енді... екі алтындай болады... – дейді. Қарқылдап күлген егінші жүзіктің сиқырлы екенін, оған ешқандай бағаның жетпейтінін айтады. Зергер қара жүректі, арам адам болатын. Егіншінің сөзін естігенде көздері жанып, жүрегі қызғанышқа толады. Жылы-жылы сөйлеп, егіншіні үйіне шақырады.
– Сіз сияқты қымбатты, бақытты адамды үйіме шақырсам маған бақ қонатын шығар. Бүгін кешке үйге конаққа келіңіз. Өтінемін сізден, – дейді. Егінші бұл ұсынысты қабыл алып, екеуі зергердің үйіне келеді. Ол егіншіге тәтті тамақтарын, сусындарын ұсынады. Егінші ұйқыға кеткен кезде, зергер аяғының ұшымен басып, бөлмеге кіріп, ақырын сиқырлы жүзікті ұрлап алып, орнына оған ұқсайтын жәй жүзік салып қояды.
Келесі күні күн шықпай жатып зергер егіншіге келіп:
– Ей, досым! Тұр кәне... әлі алдыңда ұзақ сапар бар. Ертерек жолға шықсаң, жақсы болар, – дейді. Егінші елең-алаңда жолға шығады.
Егінші үйден ұзамай жатып, дүкеніне жүгіріп барған зергер, ешкім көрмесін деп, есік-терезесін мықтап жауып, орындыққа келіп отырады. Жүзікті қолында айналдырып:
– Жүз мың алтыным болса, – деп сөзін аяқтағанша үстіне жып-жылтыр алтын жауа бастайды. Басына, иығына, арқасына, қолдарына жауған алтындар денесін ашытып ауырта бастайды. Зергер жанталасып, арлы-берлі қаша бастайды. Есікті ашып, жанын құтқармақшы болады. Бірақ есікті аша алмайды.
Үсті-үстіне жауған алтындар адамның үсті-басын жара қылып, ақыры жерге құлайды. Ал алтындар болса, тоқтамай жауа береді, жауа береді. Бөлменің ішін алып кеткен алтын адамды көміп тастайды. Шуылды естіген көршілер жүгіріп келгенде, алтынның астында өліп жатқан зергерді көреді.
– Алтынның мұндай көптігі пәлекетке әкеліп соғады. Әр нәрсенің көп болғаны да адам үшін зиян, – деп өзара сөйлеседі. Зергердің ешкімі жоқ болғандықтан ақшаны көршілері бөлісіп алады. Ал, қайырымды егінші болса, қуанышта шатыр үйіне келіп, жүзікті көрсетіп:
– Мынаған қара, сүйікті жұбайым. Бұдан кейін қалаған затыңның иесі бола аласың. Тәңірім бізге шапағатын тигізді. Бірақ біз тілек тілеместен бұрын жақсылап ойланайық, – дейді. Әйелі ойланбастан:
– Біз егістіктен басқа не тілеуші едік... Жер жетпейді бізге. Жер тілейік, – дейді.
– Жоқ! Бір жыл тырысып еңбек етсек, бағымыз жанса, ол жерді ақшамызға сатып аламыз, – дейді егінші. Ерлі-зайыпты екеуі тынбастан еңбек етеді. Жиын-теріндер мол болып, ақшаларын жинап, егістікті сатып алады. Қалталарында да ақша қалады.
Егінші әйеліне:
– Көрдің бе, егістікті еңбегіміздің арқасында алдық. Жүзіктен бір тілек те сұрамадық, – дейді. Әйелі:
– Жақсы онда. Олай болса жүзіктен бір ат пен бір сиыр тілейік, – дейді. Сол кезде егінші қалтасындағы ақшаны шытырлатып:
– Мұндай іс үшін жүзіктен көмек сұраймыз ба? Егістікті еңбек етіп қалай алсақ, сиыр мен атты да солай аламыз, – дейді.
Бір жылдан соң ат пен сиыр сатып алады. Егінші қуана қолдарын ысқылап:
– Жүзіктен бір тілек те сұрамадық. Бәрін маңдай терімізбен алдық, – дейді. Әйелі қастарын қағып-қағып, күйеуіне жүзіктен тілек тілеуін талап етеді.
– Бұрын сен тілегіңнің орындалуы үшін Аллаһқа жалбарынып, шағынушы едің. Тілегіңді берді. Қазір бәрі қолыңда. Бірақ тынбай еңбек етесің, шаршайсың. Тыныш отыратын жағдайың бар. Жылдар өтіп жатыр. Патша да бола аласың. Егістіктерге, мрамор сарайларға, алтындарға ие бола аласың. Бірақ нені қалайтыныңды әлі де таңдаған жоқсың, – дейді әйелі оған. Егінші:
– Құдай үшін аузыңа ие бол. Біз әлі жаспыз. Алдымызда ұзақ өмір бар. Жүзіктен бір тілек сұрасақ, содан кейін оның қадірі болмайды. Барлық сиқырын жоғалтады. Қиын жағдайға тап болмайтынымызға кім кепілдік береді. Өмірдің біз үшін не дайындағанын қайдан білеміз? Бізге не жетпейді? Жүзік қолымызға келгелі қанша заттың иесі болдық, бүкіл көршілер таң қалуда. Барлығы бізге қызыға қарайды. Ойланып сөйле, – дейді.
Осылай ерлі-зайыптылардың арасындағы келіспеушілік бітеді. Шынында да жүзік үйге бақыт әкеледі. Қоймалары жыл сайын астыққа толы болады. Көп жылдар өткен соң кедей егінші бай адам болады. Тыным таппастан еңбек етіп, кедейлерге көмек беріп, кешке есігінің алдында отырып, келіп-кеткендерді қарсы алыпты.
Жылдар зуылдап өтіп жатыпты. Жалғыз қалғандарында әйелі ерінен жүзіктен тілек тілеуін сұрайды. Бірақ егінші әлі сұрайтын тілектің кезегі келмегенін айтып, әйелін тоқтатады. Кейде егінші саусағындағы жүзігін айналдырады, бірақ сол уақытта ешқандай тілек ойламауға тырысады. Арада отыз-қырық жыл өтеді. Егінші мен әйелі қартаяды. Екеуінің де шаштарына ақ түседі, бірақ жүзіктен ешқандай тілек тілемейді.
Бір күні ажал есіктерін қағады. Шаршаңқы, бірақ намысты өмір өткізгеннен кейін, ерлі-зайыптылар жандарын Аллаһқа аманат етеді. Жерлейтін кезде басына балалары, немерелері келіп, жылап отырады. Біреуі атасының қолынан жүзігін шешіп алмақшы болады. Екіншісі оған қарсы болып:
– Атамыз жүзіктің өзімен бірге көмілуін қалайды. Өмір бойы оны қатты қадірледі. Бұл жүзіктің құпиясын түсінбедік, мұнда бір сыр бар. Қалай болса да өте кымбат ескерткіш болу керек. Үлкен әжеміз де жүзікке жиі-жиі қарайтын еді, – деп жүзікті әкесімен бірге коміпті. Балалары таппаған сол құпияның сыры – адал еңбек екен. Мұны олар өскен соң түсініпті.

Авторы: Пернегүл Үсенова,

01 желтоқсан 2019 ж. 681 0