Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жайдарман: қолдау бар ма?

Жайдарман: қолдау бар ма?

Күлкі адам өмірін ұзартады. Үнемі қуанып, күліп жүретін адамның өмірі қуанышқа толы. Күлімдеу арқылы кез келген жан өзі ғана емес өзгенің де жайдары жүруіне ықпал етеді. Тіпті күлкімен адамды емдеуге де болады екен. Яғни әзіл-қалжың жарасса, оның ешкімге зияны жоқ, керісінше көпшілікті шат-шадыман күйге бө­лей­ді. Бұған қатысты қазақта «Әзі­лің­ жарасса, атаңмен ойна» деген на­қыл бар.
Қазіргі кезде жұртшылыққа қуаныш-шаттық сыйлау үшін көгілдір экранда көптеген бағдарлама қолға алынған. Оның ішінде күлдіру мақсатында арзан күлкіге салынушылық та бар. Алайда әзіл-шыны аралас, сол арқылы елдің көптеген түйткілді мәселелерін қозғап жүрген бірден-бір жоба – Жайдарман екені анық. Алғашында көңілді тапқырлар клубы болып, еліміздің әзілге жақын жастарын топтастырған бағдарлама қазір «Жайдарман» деген үлкен алаңға айналды. Биыл бұл жобаға 20 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында Жайдарман ойындарына көптеген команда қатысып, өздерінің қолтаңбаларын қалдырды. Осы жобадан түлеп ұшып, өмірлік бағытын қалыптастырғандар да жетерлік. Сондықтан Жайдарман халықтың жайдары болуына ықпал етумен қатар, жастарға үлкен жол ашуда.
Бүгінде аталған жобаны мектеп, аудан, облыс және республика біріншіліктері тұрақты ұйымдастырып келеді. Яғни жас жайдарманшыларды демеу шаралары әр жылдың басынан бастау алады. Мектеп қабырғасынан әзілмен көпті күлдіріп жүрген жастар бағы жанса республика деңгейіне көтеріліп, ел-халық алдында өнер көрсетеді. Мұндай дәрежеге жеткен командалар көп. Осы тұста аудандағы жас жайдарманшылардың әлеуеті туралы ой қаузасақ.
Бізде жыл басынан бері мектеп лигасы ұйымдастырылды. Оған әрбір мектептен әзіл-қалжыңға бейім жандар команда құрып, аудандық сайысқа қатысуда. Бұл жерде «қатысу керек» болғандықтан мектептерден оқушылар келеді. Ал онымен тұрақты түрде айналысып жатқандар қатары санаулы ғана. Тіпті, оларды алға сүйреп, республика деңгейіне шығаруға жұмыс жасалып жатқанын байқағанымыз жоқ. Бұл ретте, аймағымыздағы өзге аудандардан мысал келтірсек. Мәселен, айдынды Арал ауданынан қазір елімізге екі жайдарман командасы танымал. «Аралас Арал» мен «Жас Арал» командасының қалжыңдары көгілдір экраннан түспейді. Одан бөлек Қармақшы, Жаңақорған ауданының жайдарманшыларын да ел-жұрт біледі. Тіпті көршілес Жалағаш ауданының жас жайдарманшылары облыста жүлде алып, республика біріншіліктеріне талпыныс жасауда. Ал ауданның жастары әлі де болса мектеп лигасынан шыға алмай жүр. Десе де ауданға қарасты Қоғалыкөл ауы­лынан «Қоғалыкөл құрамасы» республиканың премьер лига тобында өнер көрсетіп жүргенін көңілге медет санаймыз. Алайда осындай жастарға қолдаудың болмауы өнерлі өрендердің өрге шығуына айтарлықтай кедергі екені рас. Демеу болмаса кез келген жас биікті бағындырмайтыны белгілі. Сондықтан қазір сырдариялық жайдарманшылар қолдауға зәру. Осыған қатысты пікірлер тоғысын топтастырған едік.

Ержан ЖҮНІСОВ,
«Тереңград» командасының жетекшісі:
– Қазіргі таңда Жайдарманның шоқтығы биік. Себебі көгілдір жәшікке үңілсең де, ғаламтоға кірсең де, тойға барсаң да, көптеген бағдарлама мен киноларда да жайдарманшылар жүр. Жастардың жүрегіне жол таба білген бұл қызықты сайысқа биыл 20 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде Сыр елінің намысын қорғаған және қорғап та жүрген көптеген команда бар. Бірі облыстың, бірі ауданның, ал бірі ауылдың намысын қорғап жүр. Арал, Қазалы, Жаңақорған, Жалағаш, Қармақшы ауданынан командалар респуб­ликада өнер көрсетіп жүргенін білеміз. Алайда Қанат Әлжаппаров, Бақытбек Қарамырзаев ағаларымыздан жақсы бастау алған Тереңөзек құрамасының ғұмыры ұзаққа бармады. Кейде Жайдарманды тамашалап оты­рып «Қап, неге осы біздің Сырдария ауданының намысын қорғайтын команда құрып қалды ма, әлде қолдау жеткіліксіз бе?» деп қаласың. Расында, бару-қайту жолы бар, жатын орны, бір үлгідегі киім қаржыны талап етеді. Оны қалта көтермеуі мүмкін. Бірақ та осы Сыр елінде қаншама кәсіпкер аға-апаларымыз бар. Осы кісілер сәл қолдау көрсетсе, Жайдарманда біздің ауданның намысын қорғайтын жігіттердің көп екенін білеміз.

Ғани ОРАЛОВ,
аудандық Жастар орталығының директоры:
– Ауданда 2012-2016 жылдар аралығында Жайдарман ойындары жақсы дамыды және айтарлықтай қолдауға ие болды. Бақытбек Қарамырзаев бастаған «Тереңөзек құрамасы» біршама облыстық, республикалық сайыстарда бас жүлде иемденіп жүрді. Қазіргі күні аудан мектептері арасында Жайдарман ойындары өткізілгенімен облыстық, республикалық сайыстарда бақ сынай алмай жүр. Оның басты себебі – жас жайдарманшыларды демеушінің жоқ­тығы. Қолдаушы болса ауданда талантты жастар көп. Сонымен қатар «Қоғалыкөл құрамасы» да облыс­тық байқауда жақсы өнер көрсетіп жүргенімен демеу­шінің болмауынан бағы байланып жүр. Жалпы, сырдариялық әзілкеш жастарға тұрақты қолдау жасалса, талай биіктерді бағындырары сөзсіз.

Олжас БАЛТАХОЖА,
«Қоғалыкөл құрамасының» капитаны:
– Осыдан үш жыл бұрын жеке кәсіпкер Берікбол Әлекеевтің демеушілігімен «Қоғалыкөл құрамасы» жайдарман тобы құрылды. Сол жылы Астана қаласындағы республикалық Жайдарманның маусымашар ойынына қатысып, Өскемен қаласындағы «Шығыс» орталық лигасына жолдама алдық. Ақтық мәреге дейін жетіп, лиганың чемпионы атандық. Ал 2017 жылы республикалық маусымашарда, «Чемпиондар» лигасында сәтті өнер көрсетіп, телевизиялық премьер лигаға жолдама берілді. Премьер лигада 2017-2018 жылдары Сыр елінің намысын абыроймен қорғап, жартылай финалға дейін өнер көрсеттік. Біз 2017 жылы Қызылорда облыстық «Жоғары» лиганың чемпионы, Қазалы және Шиелі ауданы әкімінің кубогі, Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің ұйымдастыруымен өткен облыстық турнирде, Болашақ ректорының кубогі секілді жарыстарда бас жүлдені иелендік. Биылғы жылы республикалық «Жоғары» лиганың жартылай финалына дейін бардық. Осы кезге дейін команданың формасына, жатын орны, күнделікті асы, жолда жүру ақысына қоғалыкөлдік кәсіпкер Берікбол Жағыппарұлы Әлекеев демеушілік көрсетті. Ол кісіге айтар алғысымыз мол.
Негізі, республикалық жарыстарда Сырдарияның атынан шығып жүрген соң жан-жақты қолдау болса дейміз...

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
26 қараша 2019 ж. 1 151 0