Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жер атаулары туралы не білеміз?

Жер атаулары туралы не білеміз?

Бабаларымыз «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген. Жуырда тоқсанның төріне озған қоғалыкөлдік қария Жылқыбай ақсақалға сәлем берудің сәті түсті. Әкемнен үш жас қана кіші, қырда бірге қой баққан, Сырда бақташы болып абырой тапқан жанмен әңгімеміз жараса кетті. Сөзі ширақ қария:
– Үргенішке екі барып жан сақтағанбыз – деп қолдан жасалған – ашаршылық пен тұспа-тұс келген балалық шағын еске алды. – Алғашында Тораңғыл сайдан өтіп, Қазансынған, Көксеңгір асып үкімет адамдарынан бой тасалап, жалпақ құм арқылы астық. Қалың құмның арасынан жол білетін жолбасшы болмаса судан қаталып қалуың кәдік емес. Әр құдықтың басында бақанға ілулі шелек тұрады. Мал, жан суға қанып, келесі құдыққа жетеді. Тағы бір қиындық сол ұрымтал тұсты торыған барымташылармен тіл табысып, не күшпен төтеп бере алмасаң арандап қаласың. Үргенішке елден барған бір қауым ел колхоз болып ұйысып, тойынып қалған екен. Ашқұрсақ барған ағайын бірнеше жыл тұрақтап, жан сақтады, – дейді қария.
Екінші жол Ақмешіт – Перовск тұсынан қазіргі Қызыл қайық, Қубас ауызынан қазіргі Қызылорданың ескі базарының тұсынан Еспелікке, одан әрі Бәйтенге өтіп, ауыл іргесіндегі Томарөткел арқылы Қарақұм, Мыңшоқы, Аңламас арқылы Іңкәрдариядан асады. Бұл атам заманнан Шымбай жолы аталған керуен жолы. Өткен ғасырдың 30-жылдарының ортасында есін жиған халық, елге оралып, ұжымдасып күн кешті. 1958 жылы Октябрь колхозына шопан болып бір отар қошқар бақты. Одан кейін ата-анасынан айырылған жан шаруаға қолғабыс етерлік балалардың белі қата қоймаған шақта Сырда қалып, Жылқыбай аталып кеткен жерде бал бағып, бақташы атанды. Адал еңбек, төккен тер Жылқыбайдың абыройын аудан, облыс асырып танымал етті. «Құрмет белгісі» орденін, Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің грамотасын, ВДНХ-ның әр жылдардағы күміс, алтын медальдарын иеленді. Колхоздастыру науқаны басталғанда осы өңірде құрылған Сталин, Октябрь, Ортақшыл, Молотов колхозының қалай құрылғанын көзбен көріп, тарағанға дейін тер төгіп еңбек еткен Жылқыбай Жүсіпов осы елдің тірі тарихы, шежіресіне айналды.
«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дегендей, бала күнімізден өзіміз мал баққан әр төбенің тарихы қариямен болған әңгімеден соң қайта жаңғырып, қағаз­ға түсті. Енді соны назарға ұсынсақ.
Ауыл іргесіндегі Баршынкент немесе Қыш қала туралы бұдан бұрын жазғандықтан ға­сыр­ларға тамыр тартатын қала тарихының тінін тарқатпай-ақ жер-су аттауларына тоқ­талайық.
Аңламас – Қоғалыкөл, Шіркейлі, Іңкәр­дария ауылдарымен шектесетін жерде орна­ласқан жер аты. Осы өңірде Аңламас батыр өмір сүрген. Белгілі ақын Қ.Баймағанбетовтің «Аңла­мас бабаның оқиғасы» деген дастаны бар. «Аңламас атадан туған Арыстаннан, жықпаған жығылмаса алысқан жан» – деп бас­талатын дас­танда 1750 жылдар шамасында елде болған ашаршылық кезеңінде 40-50 үй ауылдастарын аңшылық пен балық аулау арқылы қалай аман алып қалғаны жайлы баяндалады. Қариялар үйіне қонақ келсе көлге ау салып, қонағына сый жасайтын балықшы болған деген аңызға бергісіз әңгімені бертінге дейін айтып жүретін.
Төленді арық – Жаңадариядағы канал аты. Төленді Байзақұлы 1897-1968 жылдары Қоғалыкөлде өмір сүрген диқан, жер жағдайын жақсы білетін кісі.
1950 жылдары Сталин колхозының басқарма төрағасы Нұрыш Жұдабаевқа Аңламасқа су апару үшін Жаңадариядан саға тартып, 10 шақырымдай жер қазып, осы өңірге күріш, бақша егу үшін ұзақ жылдар пайдаланылған арық атауы.
Төленді талы-1 – осы Төленді арығының бойына күрішші бағбан Төленді Байзақұлы еккен талдар. Бұл талдар әлі бар.
Төленді талы-2 – Жылқыбай қыстауының солтүстік жағы бетіндегі арық бойындағы талдар.
Төленді талы-3 – Жаңадариядан саға тартып Құдайберген көлін жағалап өтетін «Әдбіраман» арығы бойына Төленді еккен талдар атауы. «Әкеден мал қалғанша, тал қалсын» дегендей, артында ізі қалған екі дүние сауа­бын жиған жанның аты қалды.
Қақай – Аңламас өңіріндегі Қақай деген кісінің қыстауының орны.
Жылқыбай – Қоғалыкөл ауылынан оңтүстік батысқа қарай 8 шақырым жерде биік құм төбенің баурайындағы қыстау аты.
Мұқыш – Жылқыбайдан батысқа қарай 2-3 шақырым жерде орналасқан Мұқыш атты кісінің ескі көң орны. Мұқыштың көлі – осы маңдағы көл аты.
Алтайбек – Қоғалыкөл ауылының сол­түс­тігінде 4-5 шақырым жердегі Сарықұм етегіндегі жер аты. Алтайбек аталуының осы жерде Алтайбек ахунның күйдірген қызыл қыштан соққан күмбезді кесенесі бой көтеруіне байланысты қойылған атау. Кесене өткен ғасырдың ортасында су тасқыны кезінде опырылып құлаған.
Күріш, егін егетін кең алқап та Алтайбек аталады. Сарықұмның шығысында Алтайбек ахун, батысында 2-3 шақырым ара қашықтықта Құлболды Ишан кесенесі биік төбенің басынан бой көтерген.
Аязқожаның ұлы Алтайбек ахун (1841-1913 ж.ж) осы өңірге танымал тұлғалардың бірі. Әуелі ауыл молдаларынан білім алған Алтайбек кейін Бұхара медресесінде оқыған. Ол ағартушы-ғалым Қоңырқожа Қожықтың атасы, бейнелеу өнерінің алыптары Құлахмет, Нұрахмет, Қожахметтермен «Қыз Жібек» фильмінің режиссері Сұлтанахмет Қожықов бастаған текті әулеттің түп қазығы – бабасы.
Хан мектебі – Октябрь каналынан саға тартқан Алтайбектің каналының бо­йында Мұңайтпас Лапин салдырған тұңғыш еуропалық үлгідегі алынған мектеп-интернат. Белгілі ағартушы-ұстаз, қоғам қайраткері Қожықов Қоңырқожа алғашқы мұғалімдердің бірі ретінде осы білім ошағында жұмыс істеген.
Халық арасында Келін көпір аталып кеткен көпір Алтайбек сағасында салынған. Бұлай аталуының себебі де қызық. Тарқата айтар болсақ Мүталап есімді бригадир бастаған бір топ сушы, күрішші көлікпен көпірден өте бергенде арыққа суға түсіп жатқан келіншекке көзі түседі. Қуақы жігіттердің бірі суға түсіп жатқан келіншекке:
– Су терең бе, бой көрсетші, – десе, әлгі аңқау келін атып тұрып кіндігінен сәл асатын суға бой көрсетіпті. Сол сәттен бас­тап бұл көпір Келін көпір аталып кетеді. Бұрынғы атауы дүниеден ұрпақсыз өткен Жеткерген атымен аталатын.
Ескі коровник немесе Сейдәлінің қыс­тауы – Октябрь колхозы Жамбыл совхозы кезіндегі ірі қара ферма орналасқан мал сауу мен қыстауға арналған қора жайы бар мекен. Бұл кеңестік кезеңдегі атауы. Кеңтүп болысы кезінде Мұңайтпас Лапин мен Сейдәлі Мұңайтпасұлының қыстауы болған. Осы жерде Мұңайтпас Лапин інісі Сейтхан, балалары Әлиакбар, Жағыпар бала-шағасымен жерленген. Бұл маң қазір жермен жексен болған, тек 1966 жылы Жағыпардың әйелі Хадиша қойған ескерткіш белгі бар.
Қарашеңгел – Қоғалыкөлге баратын күре жолдың 19-20 шақырым теріскей бетіндегі құм төбе. Орта ғасырдағы қала орны. Жаугершілік заманда от оранған қаланы кейін құм басып қалған. Қазіргі Қызылорда платинасынан басталатын күре жол салынбай тұрғанда Қоғалыкөл халқы Қызылордаға қазіргі ескі базар тұсынан Қубас арығына төте жол салған. Осындағы құм төбені көнекөз қариялар жын-шайтан мекен еткен деп аңыз етіп түнде өтпеуге тырысатын. Бұл тылсым құпия сырын қойнына бөккен жұмбақ төбе. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін ел көнекөздерінің айтуынша Ә.Марғұлан келіп ішінара зерттеген. Кешенді зерттеу соғыс басталып, аяқсыз қалған.
Кіндік көлі – Ұлы Отан соғысы кезіндегі Октябрь колхозының ауылдары шашырай орналасқан ауыл орталығы орналасқан жер. Ауылды қақ жарып өтетін арықтың жамбасында кеңсе, төрт жылдық мектеп, астық қоймасы орналасқан. Кіндік көлімен жапсарлас Лақбай, Базарқұл көлдері жалғасып жатыр.
Казрис – 1937 жылы күштеп жер аударылған корейлер салған елді мекен. Қызылорда қала­сының солтүстік бетіндегі Жезқазған тас жолы­ның бойындағы қазіргі Досан ауылы орнындағы ауыл. Қазіргі Қоғалыкөл ауылындағы Октябрь, Молотов колхоздары қарайтын аудан орталығы.
Қоғалыкөл ауылындағы киелі жерлер мен тарихи орындар туралы Танаш Дәуренбеков «Құмдағы іздер» кітабында да көптеген айшықты мәлімет келтіреді. Кітаптан да біраз тарихи орындардың мәліметін ұсынып отырмыз.
Сейтеке – Сейтекеден Жүсіп, Жүсіптен Дүйсенбай, Дүйсенбайдан Жылқыбай тарайды. Жылқыбай қыстауының тұсындағы соғыс кезінде арбакеш болған, бойы аласа болса қарулы қарияның атындағы көл атауы.
Молотов – қазіргі Баймұрат батыр (Мис) ауылынан батысқа қарай 3 шақырымдай жерде Октябрь каналының жамбасындағы Молотов колхозының орталығы болған жер. Ең алғаш колхоз құрылғандағы аты Құрамыс. 1934-36 жылдары колхозды Саралаев Есжан басқарған, одан кейін Құлбаев Ешмахан колхоз басқарған қиын кезеңдерге елге пана бола білген ел жадында қалған ардақты ағалар еді.
Нұрабай шоқысы – Молотов пен Масло­пром аралығындағы шоқат төбе. Нұра­­­бай майдангер-ұстаз, ақын Айтбай Дүйсенбаевтың (1922-76 жж) әкесі. Молотовтағы мектеп директоры болып Айтбай Дүйсенбаев соғыстан кейінгі жылдары қызмет атқарған.
Мықтыбай – Молотовтан 2 шақырымдай оңтүстік беттегі биік төбе. Қазыбай Сумұрын Жаппас Мықтыбайдың ертеректе мекендеген жері. 1960-70 жылдардан бастап Октябрь колхозының шопандары Байзақ Әбубәкірұлы, Төлеубай Мырзаниязов кейін жаңа қыстау қора-жай салғаннан бастап Сағынтай Жиенбайұлы, Сұлтан Қырданұлы, Тағайбек шопандар қой қыстататын, қоғам малын өсіріп абырой тапқан құтты мекен.
Итжеккен – Мықтыбай қыстауының алдын­дағы Октябрь каналына дейінгі аралықтағы Октябрь колхозы кезіндегі шабындық болған, Жамбыл совхозының күріштігі болған шұрайлы алқап.
Сомтемір – Бәйтеннің Мис жағындағы ескі ауыл орны. Бұл өлкеде Молотов колхозының құрамына енген 1932 жылы Қостанайдан ашаршылық кезінде ауып келген арғындардың Қуаныш бабадан тарайтын ұрпақтары мекендеген ауыл. Жергілікті Сумұрын Жаппастармен селбесіп қиын кезеңді бірге көтеріп, «бауы­ры балшық, сырты су» босқын ағайынға мекен болған жер. Сантемірдің ұрпақтарымен кейін 1970-74 жылдары Қызылорда қаласында №217 мектепте бірге оқыдым.
Маслопром – Қарашеңгел құмының етегін­дегі Октябрь каналының бойындағы елді мекен. Отан соғысы және одан кейінгі жылдары «Май сал» салығынан жиналған сүт өнім­дерін өңдейтін орын. Одан әрі Октябрь каналының оң жағында Қойбақ, Сақтаған, сол жағында Жирентай аталатын үш көл бір-біріне жақын орналасқан.
Қазыбай – Қоғалыкөл ауылына баратын күре жолды қиып өтетін Қазыбай арығы Тораңғылсай Жаңадариядан саға тартып құм­ды жиектеп барып Жирентай көліне құлап жатыр. Жер Ананың мейірін қандырып барып көлге жан беріп, тіршілік нәрімен қуат беріп жатқан арнаның атын иелену, тарихта аты қалу екінің бірінің пешенесіне жазыла бермесі анық. Қазыбай – халыққа жаққан, халық жадында қалған жанның бірі. Қариялар Жирентай көлінің табаны тартылғанын көрмедік дейді.
Астаукөлі – Қоғалыкөл ауылына баратын күре жолдың оңтүстік бетіндегі Жаңадариямен екі ортада астауға құйған судай созылып жатқан көл аты. Осы өңірде одан басқа казіргі ауыл ортасында Қоғалыкөл, Жирантай, Сақтаған, Пәттек, Қоржынкөл, Қара мола, Бәйтен көпірі жанындағы, Ызакөл аталатын көлдер бар.
Томарөткел – Қоғалыкөлге кіре берістегі күре жолды қиып оңтүстіктен, терістікке қарай созылған арна.
Майқан түбегі – Томарөткел арнасының бойын­дағы КСРО Халық әртісі, сахнаның сары алтыны, қазақ сахна өнерінің падишасы – Сәбира Майқанованың әкесі Майқанның ата қонысы.
Бұдан басқа жер бедеріне байланысты жер-су аттары көптеп кездеседі. Қоғалыкөл айналасында алыстан қалың жыңғыл, шеңгел басқан қарауыры көрініп тұратын Қарақұм, Қара ой аталатын, жазықта немесе су басқан өлкедегі құмтөбе Аралқұм, Аққолқа аталып кеткен. Жалғыз асар, Жетімасар қатар тұрған Қос асар, Күлке шоқысы көк басқан Көктөбе аталып кете береді.
Аманай – Қоғыкөлден Шіркейліге барар жолдың оң қапталында Құлболды Ишан атадан жарты шақырым жердегі жер аты. Төңкерістен кейін алғашқылардың бірі болып конфескеге ұшыраған Аманай байда ұрпақ болмай, бауыры Сейіттің балаларын бауырына басқан екен. Кәнфеске кезінде «Аманайдың аяқ тұмарын алғанымен, дүниесі ұрпақтарын аштан өлтірмейді» деген аңыз қалған. Аманайдың қыстау орнын Әлиакпар Сейітұлы бас болып, сыммен қоршап, аяқ асты етуден аман етіпті.


Жұмабай Байзақұлы,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі.
Бесарық ауылы
02 қараша 2019 ж. 1 030 0