ЖАҒАЛ ШЕШЕН МЕН НҰРҚАСЫМ

Амандық-саулық сұрасқан соң:
– Сәлем бере келсең, рахмет, – деді Жағал шешен. Жөн сұраған соң өзімді таныстырып өттім.
– Көп жаса, – деді.
– Тікелей сәлем бере келсең осы қонақасыдан кейін үйге барасың, қонақ асың бар, жеп кетесің, – деп тағы бір қойды.
– Биыл қыс қатқылдау болып тұр ғой, егер сізден рұқсат болса, астан кейін шаруа жайына ойыссам, – дедім. – Рұқсат, қарағым, қонақты қыспайтын, сыпайыны соқпайтын заман ғой, – деді Жағал шешен отырып.
– Рұқсат еткесін, мүмкін болса қария сізден сұрар бір сауал бар еді, – дедім.
– Онда айтқын, – деді.
Мен отырып:
– Жол иесі не, сөз иесі не, су иесі не, бақ деген не? Ол кімге қонады, – дедім. Жағал шешен мүдірместен:
– Жол иесі – тұяқ, су иесі – бұлақ, сөз иесі – құлақ. Бақ деген ол бір жүрген құр ат, оған да барып шыбын-шіркей қонады. Сол шыбын-шіркей пұшықтың мұрнына, таздың басына, соқырдың көзіне, сақаудың тіліне, ақсақтың аяғына, болмаса мына отырған жас қызыңа қонады, – деп қыздың санын Жағал шешен қолымен соғып қалады.
Орынды сөзден жеңіліс тапқан Нұрқасым Жағал шешеннен кешірім сұрап жолға шығыпты.
Б.ШЕРТАЕВ жазбасынан. 1994 жыл