Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Масылдық көзқарас қайдан шықты?

Масылдық көзқарас қайдан шықты?

«Егемен Қазақстан» газетінің №202 санында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, қарымды қаламгер Нұртөре Жүсіптің «Масыл болма, асыл бол!» тақырыбындағы көкейкесті мақаласы жарияланды. «Халқымыз осы уақытқа дейін небір қиын-қыспақ заманды, тағдыр талқаны таусылатындай талай тар жол, тайғақ кезеңді бастан өткерді. Қандай ауыртпалық болса да қабырғасы қайысып жүріп көтерді. Езіліп жатса да еңсесін түсірмеді. Қалың қазақтың кеудесінде бірінші – намыс оты, сосын үміт пен сенім бар еді. Соның арқасында «мың өліп, мың тіріліп», тәуелсіздік дәуіріне аман жетті» деп басталатын мақалада елімізге белгілі журналист қазақтың кешегі қиын-қыстау кезеңдегі бастан өткерген азаптарға ұрпақ үшін шыдап, тұтастықты сақтап қалғанын айтады.
Халық қалаулысы ХХ ғасыр басындағы түрлі озбырлықтарды атап көрсетеді. Атап айтқанда, бай шаруашылықтарды кәмпескелеу, сол арқылы олардың мал-мүлкін тәркілеу, осы саясат колхоздастыру кезінде одан әрі жалғасып, елдегі орта шаруалар мен ауқатты адамдар да қатты қуғындауға ұшырағанын нақты мысалдармен келтіреді. Мұның арты 32-нің ашаршылығына әкеліп, қаншама қазақ қырылып кеткен. Қазақтың есті азаматтары сол жылдардың құрбаны болды. Одан аман қалғаны сұм соғыстың қанды алаңында жұтылды. Сөйтіп халқымыз өз жерінде жоқшылықты бастан кешкен. Ресми дерек бойынша осындай қолдан жасаған озбырлықтан қазақ халқы төрт миллионның төңірегінде азаматынан айрылғаны айқындалады.
Азапты жылдардағы жанкештілікті жеткізе отырып Сенат депутаты бүгінгі қоғам келбетін таразылап берген. «Бір жағынан қарасақ, еліміз тоқсаныншы жылдардағы дағдарысты кезеңді артқа тастап, серпінді даму үстінде. Еңбек етемін, табыс табамын деген азаматтарға соншалық кедергі жоқ. Бірақ кейінгі уақытта «еңбек ет те, міндет ет» дейтін халық даналығына мұрын шүйіре қарайтын жағдайға жеткендейміз» дейді Нұртөре Жүсіп. Сондай-ақ «Һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз, қорқақ, мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді, әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» деп дана Абайдың «Үшінші» қара сөзінен мысал келтіріп, бүгінгі қоғамдағы жастардың жалқау, жалтақ, еріншек болуын, елімізде ажырасу көрсеткіші жоғарылап, соның салдарынан тастанды балалар көбейгенін айтады. Сонымен қатар көп балалы аналардың әлеуетін көтеру бастамасы қолға алынғанын, алайда соған қол жеткізу үшін ажырасуға дейін барып жатқаны алаңдатарлық мәселе екенін көтереді. «Шайқалған шаңырақ. Жәудіреп жетім қалған бала. Жағдайсыз ана. Алименттен жалтарған еркек. Осындай келеңсіз көрініс өмірдің нақты бейнесіне айналды» дейді журналист. Оған қоса еңбек пәні кабинеттерін қайта жасақтау, ауылда агротехника пәнін жүргізуді тілге тиек етеді.
«Көп балалы аналардың жағдайын бәріміз түсінеміз. Мемлекет тарапынан нақты қолдау жасала бастады. Жағдайы төмен көп балалы отбасылар үшін атаулы көмек мөлшерінің артуы – үлкен игілік. Бұған қуанғандардың қатары көп.
Әйтсе де сол атаулы көмекті аламыз деп ажырасу әрекетіне дейін барып жатқандарды қалай түсінуге болады? Елімізде бір жарым миллионнан астам адам некеге отырса, соның бес жүз мыңы ажырасады. Енді әлеуметтік жәрдем алуды ойластырғандар әлгіндей шетін қадамға бара бастаса, не болмақ, құндылықтар қайда қалады?
Елде көпбалалы отбасында өскен азаматтар аз емес. Жасы үлкен буын жақсы біледі: әкешешелеріміз кезінде «еңбеккүн» дегенге жұмыс істеді, балалар мектеп жасынан шаруашылық жұмыстарына жегілді, сонда да ата-анамыз өкіметтен ештеңе дәметпейтін.
Қазір дәмету тым көбейіп кеткендей. Дәметудің арты сұраншақтық, жалтақтық, жалпақтаушылыққа, жалқаулыққа жеткізеді. Оның соңы – еріншектікке әкеледі. Еріншектіктен масылдыққа жету – бір-ақ қадам. Қалалық жерлердегі үй баласы қоқыс төгіп келгенді ауыр жұмыс санайтын жағдайға жетті. Сонда еңбектену қайда қалады?» деген налынысын білдіреді халық қалаулысы.
Мақалада қаламгер қоғамдағы барлық мәселені қаузап, оның шешімі ерінбей еңбек етіп, бәсекелестікке қабілетті болуда екенін жеткізеді. Жаңа ғасырда жасампаздыққа қадам басқан ұлт тұтастық пен татулықты ту етіп, кәсіпке бейім болу керектігін айтады.
– Абайға жиі жүгінген абзал, – дейді Н.Жүсіп: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының тайын мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар. Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме? Өзінің кәсібін тастап, кезегендікке салына ма?» – деген сөзін негізге алып, адамзат көшінде алға озып кеткен 30 елдің барлығы бәсекеге қабілетті екенін айтады. Шағын және орта бизнесті дамыту қажет екенін алға тартады.
Елбасымыз «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады», – деп ХХІ ғасырдың дүние дидарындағы ең басты талапты көрсетіп берді. Сондықтан еңбек еткеннің қай кезде де еңсесі биік болмақ, көзін тауып, кәсіп қылған бәрінен озбақ.Кешегі мен бүгінді салыстырып, бүгіннің мәселесін ой таразысынан өткізген Нұртөре Жүсіп барлық күрмеулі мәселенің шешімі еңбекте жатқанын айтып, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатады. «Ұлт жаппай еңбекқор болғанда ел еңсесі биіктейді. Ешкім ешкімге алақан жаймайды. Масылдық пиғыл жоғалады. Сондықтан халқымыздың «Масыл болма, асыл бол!» деген ақ батасы кез келген қоғам мүшесінің қаперінде болғаны жөн» дейді мақала қорытындысында.

Е.БЕРКІНБАЕВ
22 қазан 2019 ж. 731 0