Сайлаудан кейін девальвация бола ма – Ұлттық банк жауап берді
Қазақстанның Ұлттық банкінің басшылығы девальвацияға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың сөзіне қарағанда, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жарияланған төлем балансының статиcтикасы бойынша тауарлар мен қызметтердің айырбасы +800 миллион АҚШ долларын құрайды.
"Мәселен, өткен жылы бірінші тоқсанда - 900 миллион доллар болған. Негізі, төлем балансының тарихына қарасақ, бізде ағымдағы операциялардың "дефициттік есепшоты" жиі болады. Бұл дегеніміз елге келетін валютаға қарағанда ақша жұмсауымыз басым. Ал өткен жылдың төртінші тоқсанында +1,5 миллиард АҚШ доллары болды. Оған бірінші тоқсанның +800 миллионын қосыңыз, сонда таза 2,4 миллиард доллар елге келіп отыр. Ол кететін ақшадан көп", - деді Смоляков журналистерге берген сұқбатында.
Оның айтуынша, қазіргі мұнай бағасы, рубльдің бағамы, депозиттердің динамикасы және тағы басқа факторлар бір қалыпты және теңгенің бағамына айтарлықтай әсер етіп тұрған жоқ.
"Бүгінде түрлі қауесеттер девальвация туралы әңгімені көбейтіп отыр. Ұлттық банк валютаның бағамын реттемейді. Біздің негізгі міндетіміз – инфляция. Оны проценттік мөлшерлеме арқылы реттеп отырамыз. Ал айырбас курсын реттеуге қатысты ешқандай міндетіміз жоқ", - деп атап көрсетті Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Ал журналистердің "Сайлаудан кейін девальвация бола ма?" деген сұрағына ол "жоқ" деп қысқа қайырды. Бірақ 9 маусымнан кейін айтарлықтай өзгерістердің болмайтынына кепілдік берген жоқ.
"Курс күнде өзгеріп жатады. Бірақ айтарлықтай өзгерістер болмауы керек. Мәселе мынада, қазіргі кезде біз мүлдем басқа жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Бірақ әлі күнге дейін артқа жалтақтап жатамыз. Ол кезде ақша-кредиттік режиміміз басқаша болды. Курстың нақты бағамы белгіленіп отырды. Біз саналы түрде курстың ауытқуын барынша төмендеп, өзіміз реттеп отырдық. Содан неше түрлі қауіп-қатерлердің салдарынан девальвация болатын. Қазір мүлдем басқаша режим", - дейді Олег Смоляков.
sputniknews.kz