Ұлттық банк төрағасы шетелде бұғатталған 22 млрд долларға қатысты түсініктеме берді
ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев шетелде Ұлттық қордың 22 млрд долларының бұғатталуына қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.
Данияр Ақышев банк-кастодиан Ұлттық қор активтерін заңсыз бұғаттады деп отыр. Сондықтан Қазақстан Лондонның жоғарғы сотына жүгінген.“Талап-арыз сомасы бұғатталған актив сомасымен салыстыруға келмейтіні айдан анық. Біз мұның қаншалықты заңды жасалғанына көз жеткізу үшін шағым түсірдік. Екіншіден, бізде кастодианмен (бағалы қағаздарды сақтайтын банк) келісімшарт ағылшын құқығы бойынша бекітілген. Тиісінше, біз Лондонның жоғарғы сотына жүгіндік. Сот біздің шағымды қабылдамады. Алайда біздің аталған шешімге шағымдануға мүмкіндігіміз бар. Біздің ойымызша, банк-кастодиан бұл активтерді заңсыз бұғаттады. Қазір біз осыған қатысты жұмыс жүргізіп жатырмыз”, — деді Ақышев.
Дегенмен, Ұлттық банк төрағасы бұл даудың оң шешім табатынынан үмітті.
“Жағдай тым ушығып тұр деп ойламаймын, активтерден айырылып қалу туралы сөз болып тұрған жоқ. Әрине, бұл заң аясындағы дау. Түптің түбінде өз шешімін табады деген ойдамын. Біз білікті консультанттар жалдадық, олар тиісті жұмыс жүргізіп жатыр. Соларға сенім артамыз”, — деді Ақышев.
Айта кетейік, Америкалық BNY Mellon банкі Ұлттық қордың шетелде сақталған 22 млрд долларын бұғаттап тастаған болатын. Оған себеп Молдова кәсіпкері Анатолий Стэти мен оның компанияларының Қазақстан үкіметінің үстінен түсірген шағымы.