Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сан саладағы өзгеріс өміршең

Сан саладағы өзгеріс өміршең

Жылқы жылына қадам басқалы бірнеше күн өтті. Елімізде халықтың басым бөлігі күткен жаңалықтың ең бастысы – жәрдемақы мен зейнетақының өсуі болып отыр. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 8 желтоқсанда қол қойған «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына сәйкес жүзеге асырылды.

Айлық есептік көрсеткіштің өсуі 4325 тең­гені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 393 теңгеге жоғары. Осылайша мемлекеттік базалық зейне­тақының ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге болды. Ал ең төменгі зейнетақы көлемі 69 049 теңгеге жетті. Ең төменгі жалақы өзгеріссіз 85 000 теңге болып, күнкөріс минимумы 50 851 теңге ретінде қарастырылды.

Жәрдемақы алатын әрбір қазақстандық отбасы үшін қуанышты жаңалық бар. Мәселен, бала тууға байланысты 1, 2, 3 бала үшін мемлекет 164 350 теңге берсе, 4 және одан көп балаға 272 475 теңге үлестіреді. Төрт баласы бар отбасына 69 330 теңге, 10 баласы бар жандарға 173 000 теңгеге дейін беріледі деп күтілуде.

Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау барынша жүйелі түрде жүргізіледі. І топқа 111 872 теңге, ІІ топқа 89 498 теңге, ІІІ топқа 61 020 теңге қарастырылған.

Денсаулық сақтау саласының қазіргі уақыттағы өзекті мәселесінің қатарына МӘМС жүйесі жатқызылады. Жаңа заңға сәйкес, еліміздегі 1 миллион азаматтың медициналық әлеуметтік жарнасы жергілікті атқарушы орган есебінен төленетін болды. Яғни әлеуметтік жағдайына байланысты сақтандырылмаған 3 миллион қазақстандықтың 1 миллионы мемлекет есебінен медициналық көмекке жүгіне алады. Өз кезегінде ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға да жергілікті бюджеттен төленеді.

Республика аумағында кез келген құқық бұзушылыққа жол беріп, өрескел іс-әрекетке барған тұлғаға салынатын айыппұл мөлшері көбейді. Қатаң ереже көлік тізгіндейтін жүргізушіге де қатысты. Енді айлық есептік көрсеткіш өскен­нен кейін жылдамдықты арттырған жандар да көлемі үлкен айыппұлдан қашып құтыла алмайды.

Қазіргі уақытта алаяқтыққа баратын жандар қатары аз емес. Азаматтарды интернет-алаяқтардан қорғау бағытында жаңа іс-шара жүзеге асуда. Көпшілік SIM-карталарды биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана рәсімдей алады. Расында, SIM-карта алатын әр азамат жеке басын растауы тиіс. 2026 жылдан бастап ұялы байланыс операторлары Ұлттық Банктің Антифрод орталығымен бірлесіп жұмыс атқарады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басталысымен қос заңға қол қойды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімдерін орын­дау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Қыл­мыстық кодексіне және Қазақстан Республикасының Қыл­мыстық-процестік кодексіне толықтырулар енгізу туралы» заңдар қолданысқа енгізілді.
Біз бұған дейін салық саласында өзгеріс орын алатынын басылым бетінде жазған едік. Негізінен көлік салығына байланысты азаматтарға жеңілдік қарастырылады. Өзгеріске сәйкес, жеңіл автокөлікті пайдалану мерзімі 10-20 жыл болса, 0,7 коэффициентпен, 20 жылдан асса, 0,5 коэффициентпен салық есептеледі. Көлік салығы бойынша жылына бір рет декларация тапсырып, төлеу жеткілікті болса, шаруа мен фермерге бірнеше жеңілдік бар.

Тағы бір жағымды жаңалыққа келсек, қазақстандықтар үшін жаңа жылдан бастап туу туралы куәлік тегін беріледі. Ал төлқұжат алу үшін ересектерге 34 600 теңге, балалар үшін 17 300 теңге төленетін болады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

06 қаңтар 2026 ж. 107 0