Жаңақорған – жаңғыру мен дамудың мекені

БАҚ өкілдері алдымен Жаңақорған кентіндегі жақында пайдалануға берілген аспалы көпірге барды. Бұл нысан - 15 елді мекеннің 22 мыңнан астам тұрғынын «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізіне тіке қосатын маңызды құрылыс. Бұрын тұрғындар айналма жолмен қатынаса, енді уақыт пен қаражатты үнемдеп, еркін қозғалу мүмкіндігіне ие болды. Көпірдің екі жағына жаяу жүргіншілер жолы, түнгі жарық шамдары орнатылған. Жобаның жалпы құны - 1,4 млрд теңге.
Келесі бағыт - «Жаңақорған Автоматтандырылған Газ Тарату Станциясы». Қуаты екі есе арттырылған нысан іске қосылғанда 8 елді мекеннің 11 мыңнан астам тұрғыны табиғи газбен қамтылады. Құны 2,3 млрд теңгені құрайтын жоба бүгінде 98 пайызға орындалған.
Бұдан соң тілшілер Қыраш ауылдық округіндегі «Қадіржан» жеке кәсіпкерлігінің сабын шығару цехында болды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ашылған өндіріс орны күніне 100-200 дана сабын шығарады. Бұл - жергілікті кәсіпкерліктің дамып келе жатқанын көрсететін игі бастама.
БАҚ өкілдері сондай-ақ Шалқия кентінде салынып біткен асфальт зауытының жұмысымен танысты. 6 гектар аумаққа орналасқан өндіріс ошағы индустрияландыру картасына енген. Зауыт іске қосылғанда аудандағы жол құрылысын сапалы материалмен қамтамасыз етеді әрі 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.
Баспасөз турының маңызды бағыттарының бірі - Жайылма ауылындағы «Мырзатай» шаруа қожалығы болды. Бұл - Сыр бойына танымал Жайылманың атақты қарбызын өсіріп отырған ірі қожалықтардың бірі. Қожалық жетекшісі Нұрсұлтан Ходжаевтың айтуынша, биыл қарбыз 3 гектар жерге егілген. Ерте көктемде егілген қарбыз бүгінгі таңда пісіп, нарыққа жол тарта бастады. Табиғи нәрі мен күннің қызуынан толықтай жетілген Жайылманың қарбызы дәмі, сапасы жағынан сұранысқа ие. Өнімдер жергілікті нарықпен қатар, еліміздің басқа өңірлеріне де жөнелтіліп жатыр.
Сапар соңында тілшілер Екпінді елді мекеніндегі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның, соның ішінде жаңа электр желілерінің құрылысын көрді. Бұл жоба нәтижесінде 936 тұрғын сапалы әрі тұрақты электр энергиясына қол жеткізеді.
Жалпы, баспасөз-туры барысында ауданның әлеуетін арттырып жатқан жобалардың барысы таныстырылды. Жаңақорған ауданы - жаңару мен даму жолындағы әлеуетті аймақ екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті.