Тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды

Жиында өңірдегі тұрғын үй құрылысының қарқыны, кезекте тұрған азаматтардың жағдайы, тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды.
Аймақ басшысы қала, аудан әкімдеріне тұрғын үй құрылысын бастау үшін қажетті инженерлік инфрақұрылымы дайын жер телімдерін шұғыл түрде ұсынуды тапсырды. Сонымен қатар, әр ауданда қанша үй салынатыны, құрылыс мерзімі мен қаржының тиімді игерілуі нақты көрсетілген жоспар әзірленуі қажет екенін ескертті.
«Тұрғын үй салуға бөлінген қаржыға құрылысты уақытылы бастау, жер телімдерін анықтап, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажет. Жоба-сметалық құжаттамаларды әзірлеп, тиісті мемлекеттік сараптамадан өткізіңіздер. Бөлінген қаржы тиімді әрі мақсатты игерілуі керек»,– деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыста тұрғын үймен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. 2023 жылы жергілікті бюджет есебінен 4,1 млрд теңге бөлініп, аудан орталықтарынан 429 пәтер сатып алынып, халыққа табысталды. Өткен жылы 14,7 млрд теңгеге 1 015 жаңа пәтер сатып алынып, үй кезегінде тұрған отбасыларға берілді.
Биыл бұл жұмыстар жалғасын тауып, тұрғын үй сатып алуға 43,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Оған 2 598 пәтер сатып алу жоспарланған. Атап айтқанда, әлеуметтік кредиттік тұрғын үйлерге 10 млрд 002,8 млн теңге қарастырылып, бұл қаржыға Қызылорда қаласынан 610 пәтер сатып алынбақ.
Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған 1 988 пәтерді сатып алуға 33 млрд 833,7 млн теңге бөлінді. Оған Қызылорда қаласынан 1 538 пәтер, Арал ауданынан 100 пәтер, Қазалы ауданынан 100 пәтер, Шиелі ауданынан 100 пәтер, Жаңақорған ауданынан 100 пәтер, Қармақшы ауданынан 50 пәтер, яғни аудан орталықтарының өзінен 450 пәтер алынады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі