Биыл 190 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленуде
Мемлекет тарапынан жыл сайын аграрлық саланы қолдауға лайықты көңіл бөлінуде. Осы мемлекеттік қолдаудың арқасында 2024 жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы бойынша өсім көрсеткіші 2,3%-ға артса, ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі 32,0%-ға тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестиция 22,2%-ға артты. Салада атқарылған сан жұмыстың тінін облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев тарқатып берді.
- Егін шаруашылығы бойынша өткен жылы 189,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Негізгі дақыл – күріштің көлемі 85,6 мың гектарды құрады. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында өткен жылы диханшы қауымға су қажетті деңгейде жеткізілді. Шаруашылықтар егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникасы, жанар-жағармай және минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілді.
Нәтижесінде Сыр дихандары күріштен 500 мың тоннаға жуық өнім жинап, әр гектарынан 58 центнерден өнім алды.
Биыл облыс бойынша барлығы 190,0 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленуде. Ауыл шаруашылығы құрылымдары биылғы жылдың егісі үшін өткен жылдың күз айларында 4,3 мың гектар күздік бидай егуді және 50,4 мың гектар сүдігер айдауды қамтамасыз етті.
Қазіргі таңда тұқым құю және оны тазалау, минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерді сатып алу, ауыл шаруашылығы техникаларын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде аймақта төрт түлік мал басы өсіп, өнім өндіру тұрақты ұлғаюда. Атап айтқанда, 2025 жылдың 1 қаңтарына 365,1 мың бас, 657,0 мың бас қой мен ешкі, 257,9 мың басжылқы, 60,7 мың бас түйе және 124,3 мың бас құс тіркелген. 2024 жыл қорытындысымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсу индексі 99,6% құрап республика бойынша баға индексі төмен 4 өңірдің қатарына енді,- деді Талғат Тұрсынұлы.
2024 жылы облыс бойынша табиғат заңдылығын бұзудың алдын алу мақсатында 67 рейд жұмыстары ұйымдастырылды. Нәтижесінде түрлі заң бұзушылық анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ инспекция бастамасымен табиғат заңнамаларының сақталуы бойынша 36 тексеріс жүргізілген. Бұл туралы облыстық орман және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Марат Нұрмағанбетов хабарлады.
– 2024 жылдың көктем айында мемлекеттік орман қоры жерлерінде жалпы аумағы 127 737 га жерге орман мелиорациялық шаралар жүргізілді. Ал 2025 жылға жалпы көлемі 376 291 га жерге орман патологиялық шаралар жүргізу жоспарланған. Жүргізілген 61 рейд жұмыстарының 2 дерегі қарау реттілігімен полиция органдарына жолданып, тиісті шара қаралды. Сондай-ақ балық аулау қағидасын бұзудың 4 дерегі анықталып, жинақталған құжаттар сотқа жолданды. Жалпы жағдай жіті бақылауда. Сонымен қатар облыста ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар. Республикалық маңызы бар Барсакелмес МТҚ-ның 2024 жылы атқарған жұмыс қорытындылары бойынша 2024 жылы 3 рет тыңдаулар өткізіліп, арнайы тапсырмалар берілді,- деді Марат Жалпақбайұлы.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметі