Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Онлайн-сақтандыру дегеніміз не және сақтандырушылар балаларға қандай өнімдерді ұсынады?

Онлайн-сақтандыру дегеніміз не және сақтандырушылар балаларға қандай өнімдерді ұсынады?

Сақтандыру – болуы ықтимал түрлі тосын жағдайлардан қорғайтын және қолдау көрсететін қаржылық құрал. Бұл қалай жұмыс істейді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.

Сақтандыру дегеніміз не?

Кейде үлкендер: «Өмір тосынсыйларға (кездейсоқ жағдайларға) толы» деп қапаланып жатады. Олар мұндайды көбіне өздері күтпеген оқиғаға тап болғанда және олай болады деп мүлдем ойламағанда айтады. Мысалы, қатты жел кезінде көліктің үстіне ағаш құлап кетеді немесе пәтерді су басады. Мұндай оқиғалардың шығу төркіні әртүрлі болады және олар заттай шығын келтірумен шектелмей, денсаулыққа да зиянын тигізуі мүмкін. Біреу ауыр жарақат алып, төсек тартып жатып қалса, уақытша жұмысқа жарамсыз болады. Мұндай сәтте жұмыс істей алмайсыз, бірақ ақша қай уақытта болмасын керек, не істей аламыз?

Сақтандыру полисі бар адамдар мұндай жағдайдан жеңіл өтеді. Сақтандыратындай оқиға болғанда клиенттің өзі мен мүлкін қауіп-қатерден қорғайтын қаржы ұйымы – сақтандыру компаниясы Сақтандыру полисін қамтамасыз етеді.

Сақтандыру – бірінші кезекте адамның қаржылық мүддесін қорғау деген сөз. Қазақстанда сақтандырудың екі түрі бар: міндетті және ерікті. Міндетті сақтандыру ел заңнамасының талаптарына сәйкес барлығында болуға тиіс. Ерікті сақтандыру аты айтып тұрғандай адамның жеке қалауына қарай рәсімделеді. Бүгінде міндетті сақтандырудың барлық түрін, кей ерікті сақтандыруларға қатысты сақтандыру полисін онлайн түрде жасатуға болады.

Нені сақтандыра аламыз?

Түрлі жағдайларды сақтандыруға болады, солардың ішінде негізгілеріне тоқталайық:

автокөлікті ұрлау, оның бұзылуы, жазатайым жол көлік апатына тап болу – автокөлікті сақтандыру;

үйге немесе пәтерге зақым келтіріп, шығынға ұшырататын кез келген ТЖ (төтенше жағдай) – мүлікті сақтандыру;

созылмалы аурудың өршуі, жарақат, улану және т.б. – денсаулықты сақтандыру;

Сапарға шығудан бас тарту немесе кейінге шегерту, саяхатшыға шұғыл медициналық көмек көрсету, багажды зақымдау және т.б. – туристерді сақтандыру.

Әлемде сақтандырудың бұдан бөлек ерекше түрлері де кездеседі. Мысалы, жұлдыздар өз дауыстарын, дене мүшелерін, үй жануарларын сақтандырып жатады. Адам ұрлаудан, төлем жасаудан және бопсалаудан, жеке деректерін ұрлаудан және тіпті үйлену тойының болмай қалуынан сақтандыру да бар.

Балаларға арналған сақтандыру өнімдері бар ма?

Балаларды, тура ересектер сияқты, жарақаттар мен жазатайым оқиғалардан және белгілі бір аурулардан сақтандыруға болады. Спорттық сақтандыру деген бар. Мұндайда, мысалы, спортшы жарыс кезінде жарақат алса, сақтандыру компаниясы баланың емделуіне және қаржылық қолдауына кететін, шартта көрсетілген соманы төлеп береді. Сонымен қатар кез келген жерде алған жарақат үшін берілетін сақтандыру бар. Ол емделуге және оңалуға кеткен ақшаның орнын толтыруға мүмкіндік береді.

Кей сақтандыру компаниялары белгілі бір мақсат үшін қомақты сома жинақтауға жағдай жасайтын өмірді жинақтық сақтандыру бағдарламасын ұсынады. Мысалы, МБЖЖ (Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі) білім беру үшін қаржы жинауға көмектеседі.

Енді бір сақтандыру полисі ата-ананың немесе қамқоршының және баланың да өмірін қаржылық қорғауды қамтамасыз етеді. Сақтандыру мерзімі аяқталғаннан кейін анаңыз бен әкеңіз сақтандыру сомасын да, инвестициядан түскен пайызды да ала алады. Яғни, қандай да бір сақтандыратындай оқиғаның болуы шарт емес, жай ғана шартта сақтандыру мерзімін көрсету жеткілікті. Ал оның егжей-тегжейлі талаптарын сақтандыру компаниясы өзі тағайындайды.

Сақтандыруды қалай рәсімдейміз

Сақтандыруды рәсімдеу үшін мұндай қызметті көрсетуге рұқсат алған сақтандыру компаниясымен келісімшарт жасау қажет. Лицензияны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі береді. Оның бар-жоғын қаржы реттеушісінің www.gov.kz сайтындағы «Қаржы нарықтары» бөлімінен («Сақтандыру секторы» бөлімшесі) тексеруге болады.

Бүгінде сақтандыру компаниясымен келісімді оның веб-сайты немесе мобильді қолданбасы арқылы бір дегеннен рәсімдей аласыздар.

Сақтандыруды рәсімдеу барысында бірнеше терминдер кездесуі мүмкін. Соларды түсіндіре кетейік.

Сақтанушы – сақтанғысы келетін жеке немесе заңды тұлға.

Сақтандырушы – сақтандыру компаниясы.

Сақтандыру оқиғасы – сақтандырушы сақтанушыға ақша төлеуге міндетті болатын оқиға.

Сақтандыру сомасы – адамның мүлкіне, денсаулығына немесе өміріне зиян келген жағдайда төленетін ақшалай өтемақы. Сақтандыру бойынша берілетін сома шартта көрсетілуі керек. Келісімшартқа қол қоймай тұрып, оны әрдайым алдын ала мұқият оқып шығу қажет.

Фото: fingramota.kz
19 желтоқсан 2024 ж. 47 0