Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Салық базасын ұлғайту мәселелері қаралды

Салық базасын ұлғайту мәселелері қаралды

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында салықтық және кедендік әкімшілендіру, цифрландыру мәселелері көтеріліп, нақты тапсырмалар берілді.

Мәжілістен кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тапсырмаларды нақтылап, жауапты мекемелермен бірге атқарылатын жұмыс жоспарын айқындады.

«Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы бюджетті оңтайландыру міндетін айқындап берді. Экономикалық өсімге әсер ететін басым бағыттарды ғана қаржыландыру қажеттігін атап өтті. Осы ретте, аймақта тиімді бюджет және салық саясатын жүргізу, өңірдің қаржы қазанына түсімдердің толыққанды түсуін, тиімді жоспарлануын әрі игерілуін сапалы және нәтижелі ұйымдастыру - басты міндетіміз. Өңіріміздің республикалық бюджеттен берілетін субвенцияға тәуелділігін төмендетудің бірден-бір жолы жергілікті бюджеттің салық базасын ұлғайту екендігі белгілі. Сондықтан, облыстық, аудандар мен Қызылорда қаласы бюджеттерінің кіріс көзінің тиімді жоспарлануына және орындалуына жауапкершілікпен қарап, тұрақты бақылау жүргізу қажет», - деді аймақ басшысы.

Аталған мәселелер бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасына Қызылорда қаласы, аудан әкімдерімен, мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесіп, салықтар мен бюджет төлемдері бойынша резервтерді анықтау жөніндегі алгоритм шеңберінде жұмысты жандандыру тапсырылды. Елді мекендерде бақылау-кассалық машиналарын қолданбайтын субъектілерді анықтау үшін рейдтер жүргізілетін болады. Мұнан бөлек, мемлекеттік кірістер органдарында тіркелмеген салық салу нысандарын анықтау жөніндегі жұмысты күшейту қажет. Жеңілдетілген шартпен кредит, грант алатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің салықты толық және мерзімінде төлеуіне бақылауды күшейту, жергілікті бюджетке түсімдердің қосымша көздерін қарастыру жөнінде тапсырмалар берілді.

©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
20 наурыз 2024 ж. 192 0