Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еліміздің өнімі Еуропаны қамтып отыр

Еліміздің өнімі Еуропаны қамтып отыр

Екібастұз қаласында теміржол кластерін дамытудың оң істері байқалады. Жергілікті кәсіпорын шығарған теміржол доң­ға­лақ­тарының 75 пайызы бүгінде экспортқа жөнелтіліп отыр. Ал келешекте мұнда локомотивтер үшін мүлде жаңа өнімдер өндіріле бас­тайды.

«Проммашкомплект» ЖШС-да айына 25 мың, бір жылда 300 мың теміржол доңғалағы шығарылады. Бұл – елімізде баламасы жоқ кәсіп­орын. Мұндай зауыттың бүкіл ТМД-да төртеуі ғана бар. 2012 жылы іске қосылған өндіріс орнында 930 адам еңбек етеді, орташа еңбекақы 430 мың теңгені құрап отыр.

«Зауыт шығаратын тұтас таптамалы және тісті доңғалақтар еліміз бойынша бізде ғана өнді­ріледі. Негізінен доңғалақтың 9 түрін шығарамыз. Олар жүк және жо­лаушылар вагондарына, ауыр тартқыш локомотивтер мен жыл­дамдығы жоғары локомотивтерге, электровоздарға, метрополи­тен көліктеріне арналған. Өнім­нің 25 пайызы Қазақстанның ішіне, өзгесі шетелдерге сатылады. Ішкі сұранысты 100 пайы­з өтеп тұрмыз. Кәсіпорынның қа­зіргі мақсаты – еуропалық стан­­­­дарт­тағы доңғалақтарды өндіру. Ал­ғашқы партиядағы е­уро­палық доңғалақтарымыз аудиттен өткізілді. Енді нақты на­рық­қа бағыттайтын жоспары­мыз бар. Мұндағы құрал-жаб­дықтың барлығы заманға сай автоматтандырылған, қолмен ат­қарылатын жұмыс өте сирек. Күн сайын шығарылған өнімдерімізді бірден сыртқа тиеп жіберіп отырамыз. Себебі сұраныс жеткілікті. Шамамен тәулігіне 700-800-дей доңғалақ экспортқа жіберіледі. Белорусия еліндегі теміржол ком­­паниясымен келісімге отырып, олардың вагондары үшін де өнім өндіріп жатырмыз. Бізден шығарылған доңғалақтарда ақау өте аз кездеседі. Сондықтан шет мемлекеттерде тауарымызға деген сенім жоғары», дейді кәсіпорынның бас директоры Иван Дычко.

Серіктестік жүзеге асырып отыр­­ған ауқымды жоба Қазақ­стан­ның теміржол саласын дамытып қана қоймай, сырттан келетін тауарды отандық өніммен алмас­тыру мә­селесін оң шешіп беріп отыр. За­уытта шығарылатын темір­жол доңғалақтарының бағасы им­порттық құ­ралдардан арзан әрі сапалы. Мұнда Чехия, Гер­ма­ния, Швейцария, Ре­сей, Бела­русь, Жапония, Италия мем­лекет­тері­нен әкелінген станоктор мен қон­дыр­ғылар пайдаланылады.

Атап өту керек, «Пром­маш­ком­плек­т» «Railcast systems» теміржол кластерінің құрамына енеді. «Railcast systems» ЖШС-ның өзі өндірістік аумақта тағы бір зауыттың құрылысын қолға алған. 2026 жылы пайдалануға берілетін жобаның жұмыс атауы – «Ұсталық-бандаж кешенін құру». Яғни келешекте мүлде жаңа, заманға сай роботтехнологиямен жарақталған зауытта локомотив бандаждары шыға­рыла бастамақ. Локомотив бандажы – локомотивтің доңғалақ жұбының ауыс­тырылатын элементі.

Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Тілеулесовтің дерегінше, жобаның жалпы құны – 78,6 млрд теңге. Бо­лашақта кәсіпорында жылына 160 000 бұйым шығарылып, оның 92 па­йызы экспортталады деп көзделіп отыр. Өндіріс орны іске қосылғанда Екібастұз қаласында жаңадан 570 жұмыс орны құрылады.

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ «Railcast Systems» серіктестігінің жобасы бойынша өтінімді мақұлдаған. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыс­та­рының 60 пайызы, жалпы жо­баның 40 пайызы жүзеге асып үлгерді. Компания келешек зауытқа жет­кі­зілетін құрал-жабдықтар құ­ны­ның 50 пайызын бүгінде төлеп қо­йыпты. Осындай жобалардың нәти­же­сінде Екібастұздың экономикасы әртараптанып, қаланың отын-энергетикалық кешенге тәуелділігінен арылуы жоспарланып отыр.

11 наурыз 2024 ж. 139 0