Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ұлттық қор – балаларға» жобасы ресми іске қосылды

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы ресми іске қосылды

Ақпан айынан бастап 18-ге толмаған балалардың бәріне бірдей мөлшерде ақша аударыла бастайды. Алдын ала жасалған болжамға сүйенсек, жоба алғашқы жылдың өзінде 7 миллионнан астам баланы қамтиды.

Оның мөлшері Ұлттық қордың инвестициялық табысына байланысты. Болжам бойынша 2024 жылы туған баланың шотына 18 жылда 3500 АҚШ доллары жиналуы тиіс. Ал жыл сайын шамамен 150-160 доллар аударылады.

Жоба негізінде Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнайы жинақтау шотына аударылады. Қаржы барлық балаға тең бөлінеді. Ұлттық қор қаражатын білім алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады. Бұл ретте жиналған қаржыны елімізде немесе шетелде білім алу үшін пайдалануға болады. Сондай-ақ 18-ге толған жас ақшаны баспана алуға жұмсай алады. Бұл орайда тұрғын жайдың Қазақстан аумағында болуы ескерілмек.

Бұл жоба үшін ата-аналар ешқандай құжат жинамайды. Барлығы автоматты түрде жүзеге асады. Егер бала туралы дерек «eGov» порталында жоқ болса, онлайн платформа арқылы енгізу қажет. Ұлттық қордан балаларға бөлінетін жинақ салықтан босатылады.

Ұлттық қор төлемін аудару бала қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Бұл жағдайда мұрагерлік құқығы күшіне енеді. Мұрагердің кім бола алатыны Азаматтық кодекстің айрықша бөлігінде көрсетілген. Егер заңды мұрагер болатын болса ол баладан қалған ақшаны өз қалауынша пайдалана алады. Сонымен қатар бала Қазақстан азаматтығынан айырылса, төлем аударылмайды.

Айта кетейік, жинақталған қаржы бала 18-ге толғаннан кейін 10 жыл сақталады. Сол уақыт аралығында пайдаланылмаса, сол адамның зейнетақы шотына аударылады. Жиналған қаржы тек аудару жолымен беріледі.

«Тт» ақпарат
Фото: Аikyn.kz
04 қаңтар 2024 ж. 158 0