Балаларға Ұлттық қордан қаражат төленеді
Мәжіліс осы мәселеге қатысты заң жобасын палатының жалпы отырысында қабылдады, дер хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақ шоттарына аударылады. Бұл қаражатқа олар болашақта тұрғын үй жағдайын жақсартып немесе білім ала алады. Тұрғын үй сатып алуға немесе жақсартуға Қазақстан аумағында ғана рұқсат етіледі. Ал білім алу үшін шетелдік оқу орнында оқуға мүмкіндік бар. Жинақ және төлем тетігі 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Әрбір баланың шотына оның туғаннан немесе Қазақстан азаматтығын алған кезден бастап 18 жасқа толғанға дейін бағдарламаға қатысқан тиісті жылы үшін бірдей сома аударылады.
Қаражат Ұлттық қорда болады және оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржы құралдарына инвестициялауды жалғастырады. Тек шотта жинақталған қаражатты он сегіз жасқа толғаннан кейін ғана пайдалануға мүмкіндік беріледі. Алайда балалар азаматтықты өзгерткен немесе жоғалтқан кезде бұл құқығынан айырылады.
Сонымен қатар төленетін қаражат салық салудан босатылады.
Мәжілісмендер бүгінгі жалпы отырыста Ұлттық қордан балаларға төленетін төлемдер мәселесіне қатысты түзетулерді қабылдап, Сенатқа жолдады.
Сонымен қатар заң мақсатты жинақтарды және оларды төлеуді тоқтата тұру, тыйым салу, тәркілеу мүмкіндігін шектеу шараларын, алушы қайтыс болған немесе қайтыс болды деп танылған жағдайда мұрагерлердің оларды алу құқықтарын белгілейді.
Фото: inbusiness.kz